Accessibility links

Алматының әкімшілік соты оппозициялық қозғалыс жетекшісіне айыппұл салды


Алматы қалалық әкімшілік соты қазанның 12-күні «Социалистік қарсылық» қозғалысының белсендісі Айнұр Құрмановты тіркелмеген ұйымдағы қызметі үшін айыпты деп тауып, оған елі айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Айнұр Құрмановтың өзі соттың бұл шешімімен келіспейтіндігін айтып отыр. Ал саяси сарапшылар болса Қазақстанда саяси ұйымдардың қызметіне қатысты заңдарды өзгерту керек деген ұсыныс айтады.

Алматы қалалық соты әзірге тіркелмеген «Социалистік қарсылық» қозғалысының жетекшісі Айнұр Құрмановқа Әкімшілік қылмыс Кодексінің заңды тіркелмеген қоғамдық немесе діни бірлестіктердің қызметіне қатысқан азаматтарды әкімшілік жазаға тартатын 374-ші бабы бойынша 50 мың теңге шамасында айыппұл салды.

- Сотта мен өзімнің заңнамаларды қатаң сақтайтын үлгілі азаматтардың бірі екендігімді айттым. Жастардың «Социалистік қарсылық» қоғамдық ұйымын тіркеу мақсатында біз осы жылғы мамырдың 27-күні құрылтай отырысын өткізуге талпынғанбыз. Алайда полиция сол күні құрылтайға жиналғандардың барлығын қамауға алып, ұйымды тіркеуге кедергі келтірді. Және алдағы уақытта да біздің тіркелу мәселесінің оңай шешіле қоятындығына күмәнім бар. Соған байланысты қоғамның әлеуметтік-саяси мәселелеріне бей жай қарамайтын бір топ жастар «Социалистік қарсылық» атауын ұран ретінде алып отыр. Бірақ біз ұйымды тіркеу жұмыстарынан әлі де болса қашып отырғанымыз жоқ, - деді Айнұр Құрманов «Азаттық» радиосына сот отырысы аяқталған соң.

Сонымен бірге Айнұр Құрманов әкімшілік сот шығарған бұл шешіммен келіспейтіндігін, әділдік іздеп жоғарғы орындарға шағымданатындығын жеткізді:

- Сот шешімін өзгерту мәселесінде сенімнен көрі күмән басым болып тұр. Оның үстіне осындай сот процестері жұмыстың алға басуына кедергі келтіреді екен.

Айнұр Құрмановты полиция өкілдері әкімшілік сот болардан бір күн бұрын Алматыда жаңадан құрылған «Жиындар еркіндігі үшін» атты қозғалыстың алғашқы отырысынан шыға берген сәтінде ұстаған болатын. Аталған қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі, сонымен қатар «Социалистік қарсылық» ұранды бастамашыл топтың белсендісі Яков Федоров сөз болып отырған бұл істің саяси астары барын айтып отыр. Оның пікірінше, бұл істің осыдан бір апта бұрын «Социалистік қарсылық» қозғалысының белсендісі Данияр Еникеевтің әкімшілік абақтыға жабылуымен тікелей байланысы болуы керек.

- Айнұр Құрмановты әкімшілік жауапқа тарту арқылы билік оның көздеген мақсаттарына кедергі келтіргісі келетін сияқты. Мәселен, бұл ұйымды тіркеу жұмыстарына зиян келтіру деген секілді, - деді Яков Федоров.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім болса ұйымдарды тіркеу мәселесінде көп қиыншылық көріп келе жатқандығын білдірді. Ол заңнамалық кедергілердің салдарынан кезінде партияны тіркеу мәселесінен бас тартқан кезеңді басынан кешіріпті.

- 1994 жылы Қазақстандағы ең алғашқы саяси партия «Социал-демократиялық» партиясы тіркеуден өту қиыншылығына байланысты жабылған болатын. Әлі есімде, маған «социал-демократиялық партиясының төрағасы» деп қол қойғаным үшін үш мәрте ескерту берді де, сотталатын болғаннан кейін жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Сондықтан, менің ойымша, бұл ескіден кел жатқан өте жаман дәстүр. Егер Қазақстан демократияға бас ұрамын десе билік бұл мәселені баяғыдан шешу керек еді, - деді Дос Көшім.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша ресми тіркеуден өткен бес мыңнан астам қоғамдық бірлестік бар.
XS
SM
MD
LG