Accessibility links

Зымыран тасығыш зардабынан сескенген тұрғындар өз ауылынан басқа жаққа көшкісі келеді


«Днепр» зымыран тасығышы құлаған орынға ең жақын жатқан Көмекбаев атындағы ауылының тұрғындары өздерін басқа жерге көшіруін биліктен талап етіп отыр. Ал жергілікті билік болса бұл мәселені тек Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы шешетіндігін алға тартты.

Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданының Көмекбаев атындағы ауыл тұрғыны Жанұзақ Шәмшатов өзінің туған мекеніне «Днепр» зымыран тасығышы құлағалы бері алаңдаулы күй кешіп жүргендігін айтады. Алты баланы асырап отырған азамат аудан орталығынан шалғайдағы құм арасындағы ауылды тастап кетуге бел шешкендігін «Азаттық» радиосына былай деп хабарлады:

- Бұл жерде отыра берудің енді реті жоқ. Облыс орталығынан 200 шақырым, аудан орталығынан 150 шақырым шалғайда жатқан құмның ортасындағы ауыл ғой бұл. «Днепр» зымыран тасығышы біздің іргемізге 25 шақырым жерге құлаған. Қазір қорқынышты күй кешіп отырмыз. Зымыран құлаған жерде не бар екендігін біз білмейміз. Оның бізге зиянсыз екендігіне көзіміз жетіп тұрған жоқ. Химиялық қоспалар бар екен деген секілді әртүрлі алып-қашпа әңгіме тарап жатыр. Бұл ауылда өз бетінше қимылдап көшетін жағдай жоқ. Үкімет тарапынан жәрдем болып жатса көшсек деген ниетіміз бар, - деді ауыл тұрғыны.

Көмекбаев атындағы ауыл «Днепр» құлаған жерге ең жақын жатқан елді-мекен. Мұнда шамамен 2 мыңға жуық адам тұрады. Бұдан бөлек зымыран құлаған орынның маңында Жаңақала және Қуаңдария ауылдары бар. Бірақ өздерін басқа жерге көшіру туралы талапты Көмекбаев ауылының тұрғындары қойып отыр. Олар осындай ұсыныстарын Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбековке бірнеше мәрте айтыпты. Бірақ әкімнің аузынан ешқандай уәде естігеміз жоқ, - дейді Жанұзақ Шәмшатов.

- Облыс әкімі Икрам Адырбеков ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кездескен. Ауылдағылар әкімнен Қызылорда қаласына көшіп баратын тегін жер сұрады. Жерімізді бүлдіргені үшін өтемақы талап еттік. Әкім бізге ешқандай уәде берген жоқ. Икрам Адырбеков біздің талабымызды жоғарғы жаққа жеткізіпі жатқандандығын, сол талаптарынан қайтпайтындығын айтты.

Ал «Днепрдің» құлауынан қоршаған орта тиген зиынан зерттеу мақсатында Қызылорда облысынан құрылған комиссияның басшысы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Айтбай Көшербаев болса Көмекбаев атындағы елді-мекенді «зымыраннан зардап шеккен ауыл» деп айтуға болмайды дегенді алға тартып отыр.

- «Зардап шеккен ауыл» деп айтпастан бұрын оның зардап шеккендігін дәлелдеп алуымыз керек. Қазір біздің қолымыздағы «Инфракос» зертханасының шығарған қорытындысында «бүгінгі күні қоршаған ортада, суда табиғи жағдайдан ауытқушылық жоқ» деп жазылған. Сондықтан «зардап шекті» деп айтуға әлі дәлел керек, - деді әкімнің орынбасары Айтбай Көшербаев.

Оның айтуынша, Көмекбаев ауылының тұрғындары атынан Қызылорда қаласынан тегін жер бөліп беру туралы өтініштері құжат түрінде түспеген, ал өтемақы мәселесі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының құзырындағы сұрақ.

Бұл уақытта Қызылорда облыстық мәслихат депутаттары Ресей жағынан өтемақы өндіріп алу мәселесін қозғап жатыр. Мәслихат депутаты Алмагүл Божанованың айтуынша, көп нәрсе Қазақстан-Ресей комиссиясының шешіміне байланысты.

- Ең бастысы Ресейден тиісті өтемақыны талап ету керек. Оған қатысты есептің барлығы берілген. Істеліп жатқан шаралардан нәтиже жоқ деп айтуға болмайды. Тұрғындардың денсаулығын қарап, зымыран құлаған жерді залалсыздандырып жатыр. Жағдайдың барлығы күнделікті бақылауда тұр. Ал түпкілікті шешімді бірлескен комиссия шығарады, деді мәслихат депутаты Алмагүл Божанова.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Айтбай Көшербаевтың айтуынша, «Днепр» зымыран тасығышының апатқа ұшырау салдарын зерттеп жатқан екі жақты комиссияның келесі отырысы қазан айының екінші жартысында өтуі тиіс. Аталған комиссияның алғашқы отырысы тамыздың 4-күні Астана қаласында өткен болатын.

Биылғы жылғы шілденің 27-күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Днепр» зымыран тасығышы сол күні Қызылорда аумағына құлаған болатын.
XS
SM
MD
LG