Accessibility links

Алматы Республика күнін тойлады


Алматы қаласында Республика күніне орай ұйымдастырылған ауқымды мерекелік шара орталық алаңда өтті. Осыдан 16 жыл бұрын ел астанасы болған бұл қалада Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылдаған болатын.

Қала тіршілігіне ерекше мерекелік рең кіргізген салтанатты шара Алматының орталық алаңында, әдеттегідей түс кезінде басталды. Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатқа қала жұртшылығы көптеп жиналыпты. Тәуелсіздік монументіне қарсы орналастырылған концерт алаңында эстрада жұлдыздары ән салып, өздерінің ыстық лебіздерін жиналған халыққа жеткізіп жатыр. Солардың арасында белгілі әнші Ақжол Мейірбеков бүгінгі мерекенің ерекше мәні бар екендігін «Азаттық» радиосына былайша жеткізді:

- Жүрегім әр жыл талпынып, осы мерекені мен өзімнің достарыма, бауырларыма, халқыма өз әнім арқылы жеткізгім келеді.

Ал мерекелік шараны көруге келгендердің арасында ақын Шөмішбай Сариев болса өзінің салтанатты көңіл күйін өлең жолдарымен өрнектеді:

- Мәңгі жаса, мәңгі жаса, ел-халқым! Тауымыз бар – таңырқатқан шыңымен, Ұл-қызындай даламыз бар – Ұлы, кең. Алдарыңда басымды иіп, ел-халқым Құттықтаймын Республика күнімен.

Мерекелік концертпен бірге мұнда ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, арқан тартысу секілді бәсекелерге көпшілік таласа қатысып жатты. Алматы қалалық мәдениет департаментінің басшысы Қыдырәлі Болмановың айтуынша, соңғы жылдары әкімшілік көпшілік шараларға ұлттық нышан беруге күш салып келеді.

- Әрбір ұйымдастырылған шараның идеологиялық негізі болуы тиіс. Ұлттық иделогияны айғайлап айтпай-ақ, қоғамның санасына сыналап кіргізіп, ертең қалыпты дүниеге айналдыруымыз керек. Мұндай шараларда міндетті түрде Отанға байланысты әндер, қазақша әндер шырқалады. Қазіргі таңда мерекелік шаралардың 96-97 пайызы қазақша өтеді, - дейді Қ.Болманов.

Салтанатты жиынға немерелерін ерте келген қала тұрғыны Раиса Николаевнаның пікірінше, Республика күні – мерекелердің ішіндегі ең бастысы. Тағы бір қала тұрғыны Жұмабике апа бұл мерекенің негізінде Қазақстанның дербестігі жатыр деп түсінеді.

- Бүгінгі көңіл күйіміз керемет. Қазақ халқы бақытты деп ұғынамын мен. Республика мерекесі – Қазақстанның бөлек шыққан күні ғой, - дейді Жұмабике апа.

Алайда республика тұрғындарының барлығы Жұмабике апа айтқан «бақытты» сезіне алмай отыр. Мерекелік концерт өтіп жатқан алаңнан шыға бере жол бойында қайыр тілеп отырған Гүлжан есімді кейуананы кезіктірдік. Жасы сексенге жақындап қалған әжейдің мереке бетін көрмегеніне бес жыл болыпты.

- Қандай мереке өтіп жатқандығын білмейді екенмін. Әйтеуір бүгін мереке күні екен деп естідім. Сосын халықтан тиын сұрап келейінші деп шықтым осында. Осылай күнелтіп жүргеніме бес жыл болды. Жас шағымызда қаланы түгел шарлайтын едік. Сексенге жақындағанда қойдық қой барлығын, - дейді жас шағын еске ала сөйлеген Гүлжан әжей.

Кейуана көше бойында қайыр тілеп кешке дейін отыратындығын айтты. Ал бұл уақытта Республика күніне арналған мерекелік шара жастардың би кешіне жалғасып, салтанатты отшашумен аяқталады.
XS
SM
MD
LG