Accessibility links

Джордж Бушты дәріптейтін радиолардың сыры неде?


АҚШ президенті Джордж Буштың әкімшілігі өз қызметінде жылдар бойы бірнеше консервативтік радиокомпанияға сүйеніп келеді. Бұл радиолардың саны аз болса да, ықпалы көп, олар президент Джордж Буштың саясатын жақтап миллиондаған америкалық азаматты өз тыңдаушыларына айналдырған. Қарашаның 7-інде АҚШ Конгресіне сайлау өтеді. Сайлау қарсаңында АҚШ әкімшілігі мен осы радиолардың қарым-қатынастары жақындай түсті.

Қоғамдық пікір зерттеулері президент Буштың әкімшілігіне америкалықтар сенім жоғалтып жатқанын, көңілдері қалғандардың қатары ұлғайып жатқанын көрсетеді. Бірақ кейбір радиокомпаниялар мұны байқамайтын сияқты, АҚШ-тың қай жерінде радионың құлағын ашып қалсаңыз Джордж Бушты мадақтап, Республикалық партияны жер көкке сиғызбай мақтап, оппозициядағы Демократиялық партияны жермен жексен қылып сынап жатқан осындай радиоларды ести аласыз.

Жалпы, консервативтік бағыттағы ток-шоу радиолар АҚШ-та 1990-жылдардың басында, президенттікте Демократиялық партия өкілі Билл Клинтон отырғанда бастау алған. Ток-шоу радионың атасы деп Раш Лимбауды айтады, ол радиобизнесте алғашында танымал диджей болған, сосын музыка хабарын тастап, сұхбат үлгісіндегі хабарды жүргізуге көшті, ток-шоуға көшті. Раш Лимбаудың сұхбат хабарларын күніне 12 миллион америкалық тыңдайды деп есептеледі. Раш Лимбаудың қолтаңбасы, дәлірек айтқанда тілтаңбасы саяси байбалам, сықақ және комедиядан бояу алып отыр. Мәселен, 24 қазандағы хабарында Раш Лимбау былай деді:

- Бұл жалпы Демократиялық партияның тактикасы. Олар өте көп өтірік айтады, сайлау бастамаларын бұрмалайды. Сөйтіп, адамдарды ойларыңыздағы нәрсеге дауыс беріп жатқан жоқсыздар, керісінше мүлдем басқа нәрсеге дауыс беріп жатырсыздар деп сендіргісі келеді. Міне демократтардың жұмыс сипаты осы.

Консервативтік ток-шоу хабарларының жүргізушілері Буш әкімшілігімен тығыз қатынаста. Мәселен, 24 қазан күні Буш әкімшілігі Республикалық партиясы радиоларының қырық шақты хабар жүргізушісін Ақ үйге шақырып, Ақ үйдің ауласында шатыр тігіп, қонақ қылды. Мұнда вице-президент Дик Чейни, сыртқы істер министрі Кондолиза Райс, қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд тікелей толқында сұхбат берді. Олар түрлі тақырыпты сөйлесті, Ирақ соғысында жеңіп жатырмыз, Демократиялық партия өкілдері басым Конгресс ұлттық қауіпсіздікті арттыруға ынта танытпайды деді, гомосексуалистерге неке құруға рұқсат беру америка ұлтына қауіп төндіреді деген де әңгіме айтылды.

Президент Буштың өзі бұл кездесуде болған жоқ. Бірақ ол бір ай бұрын он шақты белгілі хабар жүргізушіні өз кеңсесінде қабылдаған. Бұл жеке кездесу бір жарым сағат өтті, Буш бір қатар саяси мәселені айтты делінеді.

Сырт көзбен қарағанда Ақ үйде өткен осы екі кездесу мүдделер қақтығысына ұқсауы мүмкін. Батыс журналистикасының талабы бойынша тілші, бұқаралық ақпарат таратушы маман бейтарап болуға міндетті. Бірақ шынтуайтында бұл адамдар – журналист емес, олар жай ғана ток-шоу жүргізетін мамандар. "Америка Баспасөз мәселелері" деп аталатын зерттеу ұйымының сарапшысы Пол Уалдман бұл жайында былай дейді:

- Олар журналист емес. Олар оқиға жайында репортаж жариялап жүрген жоқ. Олар ток-шоу жасайды, олар әуе толқынына күніне бір сағатқа, екі сағатқа не болмаса үш сағатқа шығады да, әңгіме құрған мәселелерін консервативтік бағыттан талқылайды, тыңдаушыларынан телефон арқылы сұхбат алады. Тыңдаушыларының да көпшілігі – Республикалық партия мүшелері. Америкалық баспасөзде тепетеңдік бұзылып тұрса, бұл ток-шоулар соның бір көрінісі, мұнда расында да консерваторлар басым.

АҚШ-ты жалпы либералды бағыттағы ток-шоу хабарлары бар, алайда олардың саны көп емес және олардың тыңдаушылары консервативтік радиохабарларға қарағанда өте аз. Ұлттық деңгейдегі жалғыз либералды радио былтыр ғана құрылып еді, өткен аптада банкрот болғанын жариялады. АҚШ басындағы радиокомпанияларда консервативтік бағыттағы ток-шоулар басым.
XS
SM
MD
LG