Accessibility links

Қазақстанда кәсіпкерлер мен жеке меншік иелерінің партиясы құрылды


Өздерін оңшыл-орталықшыл бағыттағы деп сипаттаған бұл саяси ұйым қазанның 27-сі күні Алматыда құрылтай съездерін өткізіп, "Атамекен" саяси партиясын құратындықтарын мәлімдеді. Ал, Алматы кәсіпкерлер қауымдастығы бұл жаңа саяси ұйымның жеткілікті электораты да, қаржылық қуаты да, болашағы да жоқ деп есептейді.

Сонымен, президентшіл саяси партиялар бір ұйымның, дәлірек айтқанда, «Отан» партиясының қанатының астына топтасып жатқанда Қазақстанда кезекті оңшыл-орталықшыл партия құрылтай съезін өткізді. Орта таптың негізін құрайтын – кәсіпкерлердің мүддесін қорғаймыз деген бұл ұйымның атауы «Атамекен» болатындығын партияның ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ержан Досмұхамедов ұсынды:

- Кім біздің оңшыл-орталықшыл партиямызды «Атамекен» аталуын қалайды? Қарсы? Қалыс қалғандар? Жоқ! Шешім бірауыздан қабылданады: партия «Атамекен»!

Партияның атауын делегаттар бірауыздан қостаса, партия лидері ретінде съезде «кәсіпкерлер мен жеке меншік иелерінің құқығы үшін күрескер» деп сипатталған Қазақстан президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Ержан Досмұхамедов те солай жылдам сайланды. Бұған дейін Е.Досмұхамедов «Kazenergy» газ және энергетикалық кешеннің төрағасы, Президенттің кіші күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың кеңесшісі қызметін атқарып келген. Партия басшысы өздерінің Қазақстанды өркендетуде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа барынша қолдау көрсеткілері келетіндіктерін айтады:

- Біз өзіміздің бірінші ел басшымызға оның осынау тарихи миссиясын атқаруда барынша қолдау көрсеткіміз келеді!

Партия кәсіпкерлер мен жеке меншік иелерінің партиясы болып саналмақ. Партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі, «Кәсіпкерлер мен жекеменшік иелерін қорғау одағы» президенті Василий Резван жаңа партия кәсіпкерлердің мүддесін жаңа заңдарды әзірлеп, оларды жүзеге асыру арқылы қорғайтындықтарын айтады.

- Конституциямыз тамаша! Қалған заң актілері әрбір жеке меншік иесі кездесетін қайшылықтар мен тосқауылдарға толы. Бүгін әрбір жекеменшік иесі тыныш ұйықтай алмайды! Сондықтан, біз партия ретінде бәріне нүкте қоятын, алыпсатарлық пен мемлекеттік мүддені ажырататын заңдарға қол жеткізуіміз керек! - дейді Василий Резван.

«Атамекен» партиясы Қазақстандағы кәсіпкерлерді біріктіретіндігін жариялағанымен, Алматы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Тимур Назханов бұл ұйымды шағын топ құрып отыр, ал шынайы кәсіпкерлер партиясын құруға әлі ерте деп санайды:

- Орта тап болуы керек дейді. Ал бірақ біздің елімізде орта буын әлі күш жинап, қалыптасқан жоқ. Кәсіпкерлердің бе, әлде мемлекеттік орындарда істейтіндердің бе, әйтеуір, шағын топ осындай партия құрғысы келеді. Бірақ бұл Қазақстандағы кәсіпкерлерді тұтас қамтымайды. Сондықтан, бұл партияның болашағы болмайды деп ойлаймын. Өйткені, қоғамдық ұйымдардың артында адамдар болуы керек. Ал мына партияның артында жеткілікті электорат бар ма? Меніңше, көп емес. Оған қоса партияның идеясын жүзеге асыру үшін көп жұмыс істелініп, мол қаржы-қаражат құйылуы керек. Мына партияда ондай мүмкіндік жоқ деп ойлаймын.

Бұрынғы кәсіпкер, «Алға» партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов бұл партияны – президент әкімшілігінің кезекті жобасы деп есептейді:

- Кәсіпкерлер партиясын құру нарық экономикасы жағдайында қажет нәрсе. Бірақ бұл - бұрыннан президент әкімшілігінің арасынан шығып жатқан партия. Олар жоғары жақтағы, президент әкімшілігіндегі бір адамға сенеді. Ол адам кетіп қалған кезде ұйым да құриды. Бұл партияның үлкен болашағы жоқ. Өйткені, бұл – бір адамдардың ойы ғана. Ал кәсіпкерлердің өздері бұл партияны қолдап отырған жоқ.

Қазір Қазақстанда ресми тіркелген 11 саяси партия бар. Жаңадан құрылып жатқан «Атамекеннен» өзге тағы 2 саяси ұйым партия ретінде тіркелуден үмітті. «Саяси партиялар туралы» заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өту үшін партияның қатарында кемінде 50 мың мүшесі болуы тиіс.
XS
SM
MD
LG