Accessibility links

ОБСЕ жиынына шақыру алған қазақстандық тәуелсіз журналист елден шыға алмай отыр


Қазақстанда жарық көретін тәуелсіз "Азат" газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаев қарашаның 2-сі күні Венада басталған ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы бойынша бюросының мәжілісіне қатысуы тиіс болатын. Алайда, ол өзіне қатысты "Қазақстан президентінің ар-ожданына нұқсан келтірді" деген айып негізінде қозғалған қылмыстық істің сотқа берілуіне байланысты Қазақстаннан шыға алмай қалғандығын айтады. Қазақстанның Адам құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау бюросы және халықаралық "Әділ сөз" ұйымы Қазақстан үкіметін журналист Тоғызбаевқа қатысты қылмыстық істі тоқтатып, жоғары лауазымды адамдардың ар-ожданына нұқсан келтіргендерді қудалау бойынша бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауға шақыруда.

«Азат» газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаев қазанның 27-сі күні ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы бойынша бюросынан қарашаның 2-3 күндері өтетін адами өлшемдерге қатысты қосымша мәжілісіне қатысуға шақыру алған. Бірақ бұл оқиғамен жапсарлас ол өзіне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан қозғалған қылмыстық істің Алматы қалалық прокуратурасынан ұзақ кідіріспен сотқа түскенін, бірақ соңында соттан елден шығуға рұқсат ал алмағанын айтып отыр. Журналистің өз айтуынша, қазанның 26-сы күні Алматы қалалық прокуратурасынан айыптау қорытындысын алыпты. Прокуратура қызметкері М.Манқараев оған сол күні істі сотқа жебіретіндігін айтыпты.

- Мен шетелге шығу үшін төлқұжатымды қайтарып алғым келді. Өйткені, тергеуші оны іске пайдалану үшін алып қалған. Сонымен қатар, тергеу жүргізген Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыған дейін менен елден рұқсатсыз шықпауға қолхат алған болатын. Сонымен, қазанның 27-сі күні төлқұжат пен рұқсат алу үшін істі соттан іздей бастадым. Бірақ оның сотқа емес, Бостандық аудандық прокуратарасына түскенін білдім. Сөйтіп, қылмыстық іс Бостандық ауданы сотына тек қарашаның 1-і күні ғана түскен. Алайда сот төрағасы маған шетелге шығуға рұқсат берген жоқ, - дейді журналист Тоғызбаев.

Ол өзін осылайша ЕҚЫҰ-ның мәжілісіне қатыстырмау үшін билік орындары әдейі тосқауылдар ұйымдастырды деп есептейді.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Азат» газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаевқа қарсы Қылмыстық кодекстің 318-бабы бойынша, яғни, президенттің ар-ожданына нұқсан келтірді деген айып негізінде қылмыстық іс қозғаған болатын. Оған биылғы жылы сәуірдің 2-сінде жарияланған «Рим папасы, Астана папасы – айырмашылығын сезініңіз» атты мақаласы және – «Мафиялық тәртіп Алтынбек Сәрсенбайұылын өлімін бүркемелеп отыр» атты мамырдың 3-і күні жарияланған мақаласы себеп болған.

Қазақстанның Адам құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау бюросы және халықаралық «Әділ сөз» ұйымы Қазақстанның билік орындарын журналист Қазиз Тоғызбаевқа қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрап, мәлімдеме қабылдаған. Тәуелсіз журналист, Алматыдағы адам құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Сергей Дуванов журналист Тоғызбаев өз оқырмандарына өткір материалдары арқылы, соның ішінде саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты материалдарымен танымал екенін айтады.

- Ол өз мақалаларында Сәрсенбайұлының қазасына, қалай болғанда да осындай саяси өлімдердің орын алуына мүмкіндік берген қазіргі билік кінәлі деген пікірді айтады. Бірақ мен одан ешқандай ар-намысқа нұқсан келтіріп тұрған сөздерді көріп тұрған жоқпын. Меніңше, бұл - билікті сынға алатын, оппозициялық журналистерді қорқытудың түрі, - дейді Сергей Дуванов.

«Әділ сөз» қор ұйымының қызметкері Ғалия Әженова 2002-ші жылы сол кездегі Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов журналистермен кездесуінде Қазақстан президенті өзінің ар-намысан нұқсан келтіретін мақала жазған журналистерді сол үшін жауапқа тартуға түбегейлі тыйым салғанын айтқанын еске түсіреді.

- Бірақ бұл сөз бүгінде ұмыт қалып, журналистер сын мақалалары үшін жауапқа тартылып жатыр. Бұл, әрине, ешқандай халықаралық демократиялық талаптарға сай емес. Мәселен, Батыс елдерінде жоғарғы лауазымды тұлғалар ар-намыстарын қорғап, сотқа жүгінбейді. Өйткені, олардың қызметтері солай! Сынға көп ұшырайды. Ал біздің лауазымды азаматтар заңдарды да, қоғамдық көзқарасты да өздеріне сын айтылмайтындай дәрежеге апарып, бағындырып қойды, - дейді Ғалия Әженова.

Биылғы жылы тамыз айында журналист әрі оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлі де президенттің ар-намысына тиді деген айыппен 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Алайда, ол әлі күнге дейін өзіне тағылған кінәні - заңсыз, Қазақстан заң нормалары Конституция талаптарына сәйкес келмейді деп санайды.

- Сыни пікір айтқаны үшін адамды соттау - ақылға сыймайды. Президент елді басқарып отырған адам. Сондықтан, оның іс-әрекеттеріне сол елдегі азаматтардың көзқарасының болуы, оны білдіруі, сыни түрде білдіруі – олардың Конституциялық құқықтары! Ал бізде президенттің ар-намысын қорғайтын арнайы заң нормасын енгізіп қойған. Мұның түпкі мақсаты – оппозицияда жүрген азаматтарды айыпты ету, еркін пікірге жол бермеу! – дейді Жасарал Қуанышәлі.

Қазақстанның адам құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау бюросы және «Әділ сөз» ұйымы Қазақстан үкіметінен журналист Қазиз Тоғызбаевқа қатысты қылмыстық істі қысқартып қана қоймай, Қазақстан қылмыстық кодексінен жоғары лауазымды адамдардың ар-намысына тигені үшін қудалайтын баптарды алып тастауға шақырып отыр. Ал бұған дейін, керісінше, президент Назарбаевтың үлкен қызы, Қазақстан журналистері конгресінің атқарту комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Қазақстан журналистерінің 5-ші конгресінде өзінің отбасы мүшелеріне жала жабатын мақалалардың жарияланатындығына алаңдаушылық танытқан болатын.
XS
SM
MD
LG