Accessibility links

Қазақстанда тіркеуде жоқ мүлікті заңдастыру акциясы көктемге дейін ұзартылды


Қарашаның 2-күні Парламент сенаторлары мүлікті, қаржыны және бағалы қағаздарды заңдастыру акциясының мерзімін 2007 жылдың сәуір айына дейін созу туралы заңды қабылдады. Билік өкілдері акция мерзімінің тағы төрт айға ұзартылуын азаматтардың мүлікті заңдастырып үлгермей жатқандығымен түсіндіреді. Ал бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері мен сарапшылардың айтуынша, акцияның жоспарланған нәтиже бермеуі - халықтың билікке деген сенімсіздігінен болып отыр.

Парламент депутаттары қабылдаған заң жобасын Президент мақұлдаған соң мүлікті заңдастыру акциясының мерзімі 2007 жылдың сәуір айына дейін ұзартылады. Заң жобасын дайындаушылар мұндай өзгерісті мүлікті заңдастырудағы биліктің рақымшылығын халық әлі күнге дейін түсінбей отырғандығымен негіздеп отыр. Ресми мәлімет бойынша, осы жылдың шілде айынан бастап қазіргі күнге дейін 1 миллиардтан астам теңгенің мүлкі заңмен рәсімделіпті. Ал Үкімет осы акциядан 4 миллиардқа жуық теңге пайда көруді жоспарлаған еді.

Алайда экономист Рахман Алшанов бұл шара барысында жоспарланған ауқымды қаржының жинала қоюына күмән келтіреді. Оның пікірінше, көпшілік өзінің мүлкін жариялаудан қорқып отыр.

- Халық әлі де болса сенімсіздік білдіріп отырған сияқты: ертеңгі күні тексеріп жата ма деген күдік басым. Мәселен, өзге адамдардың қолына өтіп кеткен мүліктер анықталатын болса, одан үлес талап етушілер шығуы ықтимал, - дейді Рахман Алшанов.

Ал саясаткер Ғалымжан Жақиянов мүлікті заңдастыру акциясының баяу жүруі – халықтың бидікке сенбейтіндігінің көрінісі деп есептейді. Оның айтуынша, билік 2001 жылы қаржыны заңдастыру акциясы барысында берген уәделерін орындаған жоқ.

- Өткен жылдары, мен Құсмұрын түрмесінде отырғанымда, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері маған 1998-1999 жылдардағы декларацияларымды көрсетіп, осы жылғы табыстардың қайда жұмсалғандығын білуге тырысты. Заң бойынша бұл декларацияларды билік жоюы керек еді. Осы тұрғыдан алғанда биліктің рақымшылық жариялаймыз деген сөздері орындалмай, осындай әрекеттері арқылы қоғамды өзіне қарсы қойып отыр, - дейді Ғалымжан Жақиянов.

2001 жылы республикада қаржыны заңдастыру акциясы барысында 480 миллион доллар көлеміндегі капитал заңдастырылған еді. Ал бұл жолғы акция барысында да мүлікпен бірге қаржы және бағалы қағаздарды заңдастыруға болады. Алайда, ресми мәлімет бойынша, осы күнге дейін шетелге шығарылған активтерді заңмен рәсімдеу туралы бір де бір ұсыныс түспепті. Саяси сарапшы Шәріппек Әмірбектің пікірінше, қаржыны заңдастыру жағынан алғанда бұл акциядан пайда түспеуі мүмкін.

- Ақша иелері үшін табыс әкеліп тұратын компаниялардағы немесе салық салмайтын аймақтардағы қаржысын шығарудың пайдасы жоқ. Оның үстіне, 10 пайыз салық төлеуді ауырсынатындар бар. Бұл акция қаржыны заңдастыру немесе шетелдегі активтерге заңмен рәсімдеу жағынан ешқандай пайда әкелмейді, - дейді Шәріпбек Әмірбек.

Алайда көпшілік сарапшылар осы акция барысында, әсіресе, ауылды жерлердегі мүлікті заңдастыруда пайдасы тиетіндігін жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан алғанда мүлікті заңдастыру шарасы тағы төрт айға созылғанымен, халық үлгермейді деген пікірді «Азаттық» радиосына депутат Амалбек Тшан білдірді. Ол бұл акция қарапайым халықтан көрі билікке пайдалы болып отыр деп санайды.

- Бізде заңсыз мүліктің көптігі сонша, келесі жылдың сәуір айына дейін заңдастырып үлгере алмайды. Жалпы, бұл акция ақшаны ұрлағандар мен мүлікті заңсыз алғандар үшін тиімді, - дейді Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда бір жарым миллионға жуық тіркелмеген мүлік заңсыз айналымда жүр.
XS
SM
MD
LG