Accessibility links

Өзбек азаматы Семейде еркінен тыс жалшылықта болғанын айтып, полицияға шағымданған


Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында "Мигрант" операциясы кезінде қалалық ішкі істер басқармасына еңбегі қаналып, күшпен жұмысқа салынғандығын айтқан бір өзбек азаматының арызы түскен. 26 жасар өзбекстандық азамат жергілікті кәсіпкерлердің бірі өзін Алматыдан алдап Семейге әкеліп, зорлықпен жұмыс істеткендігін айтқан. Қазір Қылмыстық кодекстің 330-шы бабының 2-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Семей қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінен хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында шетелден келетін еңбеккерлерді заңдастыру мақсатында жүргізілген «Мигрант» операциясы кезінде 847 адам заңды еңбек мигранты болып тіркеледі. Алайда, Семей қалалық ішкі істер басқармасы жүргізген осы іс-шара кезінде өзбекстандық бір азаматтың күшпен жұмысқа салынғандығы анықталған. Бұл туралы полицейлерге шағымданған өзбекстандық азаматтың өзі айтқан дейді Семей қалалық ішкі істер басқармысының баспасөз хатшысы Елубек Оспанов:

- Бұл азаматтың айтуынша, қасында 3 өзбекстандықпен былтырғы жылы желтоқсан айында шекрадан заңды түрде өткен. Сосын Алматы қаласында біреумен келісім-шартқа отырып, жұмыс істейді. Есеп айырысар сәт туған кезде көлдеңнен тағы бір адам қосылып, «тағы бір салынып жатқан үй бар. Соны бітіріңдер. Содан кейін есеп айырысамыз», дейді. Бірақ ол азамат бұларды Алматыға емес, машинасына салып алып, Семейге алып кетеді. Сәуір айында Семейге келеді. Меншік дүкенін әрлеу, оларды әкеткен адамның үйінің құрылыс жұмыстарына, туыстарының жұмыстарына салады. Ақшаларын бермеген. «Дұрыс жұмыс істемеген кезде ұрды», дейді арызданушы. Құжаттарын алып алған. Жатқан жерлерін көріп, сонда жатқан киімдерін алдық.

Әзірге полицейлер еңбек мигрантын Қазақстан ауқымында заңсыз алып жүрді деген Қылмыстық кодекстің 330-шы бабының 2-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сондай-ақ арызданушымен бірге жұмысқа салынған 3 өзбекстандық азаматты іздестіру шаралары жүруде дейді полиция қызметкері Елубек Оспанов:

- Біреуі – орыс, екеуі - өзбек. Күдікті жақында жол апатына ұшырап, ауруханада жатыр. Халі біраз ауырлау болғандықтан, толық жауап ала алмай отырмыз. Әлі анықталмаған мәселелер бар. Егер дәлелденіп жатса, «еркінен тыс бас бостандығынан айырған», «құлдықта ұстаған» деген баптар болуы мүмкін.

Өзбекстандық адам құқығын қорғаушы, биылғы жылдың тамыз айының соңында Еуропадан саяси пана іздеп кеткен босқын Талиб Якубов бұған дейін «Азаттық» радиосына берген сұқбатында Қазақстанда уақытша жұмыс іздеп келген 300 мыңға жуық өзбек бар екнедігін айтқан. Оның айтуынша, сонымен бірге өзбек азаматтары күн көріс қамамымен Ресей, Украина және Орталық Азиядағы өзге көрші мемлекеттерге барады.

- Тіпті 2004-ші жылы қараша айында Мәскеуде болған кезімде біреулер Мәскеудің түбіне барып, нағыз өзбек құлдарын көруге шақырды. Бірақ мен бас тарттым. Өйткені, оны көруге менің жүрегім шыдамас еді.Қараша айы, күннің ызғарлығына қарамастан бұл адамдар, құлдар, ашық аспан астында жатады екен. Күнделікті азғантай тамақ үшін жұмыс істейді. Олардың төлқұжаттарын тартып алған жергілікті кәсіпкерлер оларды құлдарға айналдырған. Шетелден жұмыс іздеп кеткен өзбектердің көбі осындай халде. Біздегі мәліметтер бойынша, Қазақстанда да өзбек құлдары бар, - дейді адам құқығын қорғаушы Якуп Талибов.

Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі қызметін атқарушы Екатерина Бадикова айына адам саудасының құрбанына айналған кемінде 10 адам, кейде 20-30 адам халықаралық ұйымға шағымданатынын айтады. Бірақ шын мәнісінде олардың саны әлдеқайда көп болады дейді халықаралық сарапшы.

- Бұлар тек Өзбекстанна ғана келгендер емес. Олардың арасында жыныстық пайдалану мақсатында еркінен айырылған адамдар бар. Бізге шағымданушылар - көптің бір бөлігі ғана. Қайда арыздануды білмей, сол күйлерінде қала беретіндері қанша, өз беттерімен қожайындарынан қашып шыққандары қанша – оны біз білмейміз. Олардың көбінің құжаттары дұрыс болмағандықтан, тіпті өздері шағымдануға қорқады, - дейді Халықаралық көші-қон ұйымының өкілі Екатерина Бадикова.

Халықаралық көші-қон ұймының келесі бір қызметкері Айна Шорманбаева көрші елдерден, оның ішінде Өзбекстаннан келетін еңбеккерлер өз құқықтарын жеткілікті түрде білмейді, ал қазақстандық құқық қорғау орындары олардың құқықтарын қорғауда салғырттық танытады дейді:

- Әрине, арыз жазып, тергеу жұмыстарын жүргізу керек. Бірақ «біздің азаматтарымыз емес» дей ме, полиция мұндай істерге селқос қарайды. Мүмкін таппаймыз деп ойлайтын шығар.

Қазақстанға келіп, адам саудасының құрбанына айналатындар саны соңғы жылдары кемімей отырғанына қарамастан, бұл елге жұмыс іздеп келетіндер саны азаймай отыр. Мысалы, ресми деректер бойынша, соңғы 5 жылда Қазақстанға келген шетелдіктердің саны 4 есеге өсті. Биылғы жылдың 9 айында Қазақстанға 1 миллион 400 мың шетелдік келген. Бұл былтырғыдан 20 пайызға артық.
XS
SM
MD
LG