Accessibility links

Еуропа Комиссиясы Түркияны реформаларды жүргізуін баяулатты деп сынға алды


Еуропа Комиссиясы Түркияның одаққа мүше болуға ұмтылысына байланысты өзінің жылдық баяндамасын жариялады. Еуроодақтың кеңею мәселесі бойынша комиссары Олли Рен Брюссельде өткізген баспасөз-маслихатында Түркия соңғы жылы реформаларды жүзеге асыруын баяулатты деп мәлімдеді. Анкара Еуропа Одағына мүше болғысы келсе, көбірек жұмыс атқаруы тиіс, әсіресе сөз бостандығы жағдайын жақсартуы керек, деді Рен.

Түркия мәселесін көтермей тұрып, Еуроодақтың кеңею жөніндегі комиссары Олли Рен Одақ жақын арада тағы басқа жаңа мүшелерді қабылдамайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, одақтың қазіргі мүшелері алдымен осы уақытқа дейін кеңейген Еуропа Одағының іс-қимылдарын жақсарту мақсатында реформалар жөнінде келісуі қажет болады. Ал оның қашан іске асуы белгісіз, әсіресе Франциялық және голландиялық сайлаушылар Еуроодақтың конституция жобасын мақұлдамай қойған кезде. Ал Түркияның Еуроодаққа мүше болуға ұмтылысына байланысты Олли Рен былай деп мәлімдеді:

“Біз Түркия туралы баяндамамызда бұл ел реформаларды жүргізуін одан әрі жалғастыруы керек, әсіресе сөз бостандығы жағдайын жақсартуға тиіс деп нақты көрсеткенбіз”.

Еуроодақтың кеңею мәселесі бойынша комиссары әсіресе “түріктердің ар-намысына” кір келтіретін әрекетті қылмыс ретінде қарастыратын Түркия Қылмыстық Кодексінің 301-ші бабын сынға алды. Осы бап арқылы бірқатар жазушылар мен журналистер сотқа тартылуда. Олардың арасында Нобель сыйлығының иегері жазушы Орхан Пармук та бар.

Реннің атап көрсетуінше, Түркия үкіметі осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарастырып жатыр. Еуропа Комиссиясы Анкара бұл әрекетін аяғына дейін жеткізеді деп үміттеніп отыр. Рен, сондай-ақ, Кипр мәселесіне де тоқталып өтті. Еуропа Комиссиясы Анкараны Кипрлық кемелерді порттарына жолатпай отырғаны үшін сынға алды.

Гректер бақылауындағы Кипр Республикасы Еуроодаққа 2004 жылы мүше болған тұғын. Бірақ осы аралдың солтүстік бөлігін өз бақылауында алып отырған Түркия Кипр республикасымен қарым-қатынастарын жақсартқысы келмейді.

Ал Кипр Республикасының Түркияның Еуроодаққа мүше болуына вето қою хұқы бар болғандықтан, Анкара осы мәселе шешілмейінше одаққа мүше бола аламын деп үміттенбесе де болады.

Реннің айтуынша, егер екі жақ та бір-біріне деген тілектестік білдірмесе, онда бұл мәселе ұзақ уақытқа дейін шешілмеуі мүмкін. Сонымен қатар, Рен Түркиядағы реформаларға қатысты оң пікірін де білдірді:

“Қоғамдық талқылауларда кейбіреулер Түркия реформаларға қатысты ешқандай алға жылжымады деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Түркия саяси реформаларын одан әрі жалғастыруда, алайда соңғы жылы оларды баяу жүзеге асыруда”.

Реннің айтуынша, ең жақсысы одаққа мүше болу жөніндегі келіссөздерді Түркиямен одан әрі жалғастыра отырып, Анкараға қатаң талаптарды қою керек. Бірақ егер Түркия ол талаптарға сай келетін болса, оны әлбетте мойындау керек деді Рен.

Еуропаның кей елдері Түркияның Еуроодаққа мүше болуына қарсылық танытуда. Мысалы келесі жылы Францияда өтетін президент сайлауына үміткер ретінде түсетін Николя Саркози егер президент болып сайлансам, Анкараның Одаққа мүше болуға ұмтылысына қарсы болар едім деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, Германия канцлері Ангела Меркель Түркия Еуропа Одағының толығымен мүшесі емес, тек ерекше бір әріптесі болуға тиіс деп айтқан еді.

Ал Түркияның өзінде халық арасында Еуропаның ұстанымына байланысты теріс көзқарас пайда болуда. Бірақ Түркия сыртқы істер министрі Абдулла Гул Анкара Еуропа Одағының демократиялық реформаларға байланысты барлық талаптарын орындауға тырысады деп, мүшелікке қатысты келіссөздер сәтті болады деген үмітін білдірді.
XS
SM
MD
LG