Accessibility links

Қарашаның 14-і – халықаралық диабетпен күрес күні


Қазақстанның диабет қауымдастығы "бұл ауру адамзаттың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған дерт" деп есептейді. Олардың айтуынша, Қазақстанда 130 мың диабет науқасы тіркелген. Алайда, олардың саны шын мәнісінде екі есеге көп дейді Қазақстан диабет қауымдастығы. Мамандар республикада диабет ауруына шалдыққандар саны жыл соңына дейін тағы 7-8 мың адамға көбейеді деп болжап отыр.

67 жастағы алматылық Екатерина Максимованың қант диабеті ауруына шалдыққанына биыл 9-шы жыл. Осы уақыт аралағында қоршаған ортаның нашарлығы мен қаржының тапшылығынан бұл аурудың тауқыметін әбден тарттым дейді науқас кейуана.

- Біздің экология өте жаман! Бірінші дәрежедегі диабет науқасы көшеде емін-еркін жүруі керек. Ал бізде машинаның көптігінен көшеден оңай өте алмайсың. Азық-түлікті базардан арзанға сатып аламын. Олардың бәрі сырттан әкелінеді. Оның сапасын санитарлық тексеруден өткізіп жатқан ешкім жоқ. Диабет бойынша Алматыда мамандар да жетіспейді. Сондықтан, дәрігердің кезегінде сағат санап отыруға тура келеді. Оған қоса дәрі-дәрмек өте қымбат. 3 мың, 5 мың теңгелік дәрілер бар. Емдеу қондырғылары да өте қымбат. Ал өзім ай сайын мардымсыз зейнетақы алам, - дейді Екатерина Максимова.

Алматыда жыл сайын осындай қант диабеті ауруына шалдыққандар саны арта түскендігін, олардың айрықше күтімді қажет етендігін айтады Алматы қаласындағы 1-ші қалалық аурухананың дәрігері Гаухар Жайлаубаева.

- Оған себеп - әлеуметтік жағдайдың дұрыс болмауы, нашар тамақтану, тамақты артық ішу, денешынықтырумен шұғылданбау, артық салмақ қосу, күйзеліс тудыратын оқиғалар - осының бәрі қант диебетіне әкеп соқтырады, - дейді дәрігер.

Жалпы биылғы жылдың басында Қазақстанда ресми түрде 130 мың диабет ауруына шалдыққан адам тіркелген. Бірақ олардың саны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді Қазақстан Диабет қауымдастының президенті Наталья Тукалевская:

- Әрине, шын мәнісінде, олардың саны екі есеге дейін артық. Жыл соңына дейін ресми тіркелген науқастар саны 140 мыңға жете ме деп отырмыз. Себебі, алдыңғы жылдардағы тәжірибемізден белгілі болғандай, жыл соңына дейін жаңадан ауыратындар саны кемінде 7-8 мың болады, - дейді Н.Тукалевская.

Оның айтуынша, көптеген адамдар ауыр дертке шалдыққандарынан хабарсыз күйде жүре береді. Себебі, бұл ауру бастапқы кезеңде білінбей өтеді дейді Қазақстан Диабет қауымдастығының президенті Тукалевская ханым:

- Бұл аурудың ең алғашқы нышанына, яғни, адамның тез шаршағыш бола бастауына ешкім де мән бермейді. Ал аурудың келесі нышаны білінгенде, шұғыл дабыл қағу керек. Бұл – шөлдей беру. Адам көп су ішіп, әжетханаға жиі баратын болады. Диабет ауруына шалдыққан адам тез толып кетуі немесе жылдам арықтауы мүмкін. Осының бәріне мән берген жөн. Жалпы, 40 жастан асқаннан кейін толық адамдар, отбасында диабет ауруы барлар жылына ең құрығында бір рет диабетке тексеріліп тұруы керек. Өйткені, диабет жас та, жыныс та, ұлт та, жер де, ел де талғамайтын ауру. Кез-келген адамның күтпеген жерден осы ауруға шалдығу қаупі бар.

20 жасар Марат диабет ауруына әлі тексерілмеген, бірақ үйінде анасы науқас болғандықтан, бұл аурудың шығу себебінен аздаған хабары бар:

- Дұрыс тамақ ішпеуден деп ойлаймын. Көп адамдар жұмыс істеп, ақша табудың қамымен жүріп, өз денсаулықтарына салғырт қарайды деп ойлаймын. Біз – студентпіз. Өзіміз де кейде тамақ ішпей жүре береміз немесе тәттіні шектен тыс жейтін кездеріміз болады.

Ал Тараз қаласынан келген дәрігер Сәлімбай Махмұтов Алматыдағы қалалық 1-ші емханаға келіп, диабетке арнайы тексеріліп отыр.

- Мен өз еркіммен келдім. Менде диабет бар ма, жоқ па – соны білгім келеді. Себебі, бұл ауру басында білінбей келіп, дендейді. Ал кейін емделуі қиын, жаман ауру. Ал адамдар көбіне ауру асқынғанда, яғни, көзі көрмей, аяғы жүре алмай қалғанда келеді, - дейді Сәлімбай Махмұтов.

Қазақстан диабет қауымдастығы бұл ауру бір елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігінің апат төндіреді деп есептейді. Олардың мәліметтері бойынша, әлемде жылына 7 миллион адам диабет ауруына шалдықса, солардың тең жарымы осы аурудан көз жұмады екен.
XS
SM
MD
LG