Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.14.2006 жыл


Сейсенбілік газеттерде Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі ойынханалар мен басқару рөлі оң жақта орналасқан көліктерге қатысты Үкіметке берген тапсырмасы туралы мақалалар жарық көріпті. Сонымен бірге бірқатар басылымдар Қазақстанда көппартиялық жүйе сақтала ма деген сұраққа жауап іздеген.

Қауіпсіздік кеңесінің қарашаның 13-күні Астанада өткен кезекті отырысында тұрғын үй құрылысын дамыту, жол қозғалысын қамтамасыз ету және ойын бизнесін реттеу мәселелері қаралғандығы туралы көлемді мақала «Егемен Қазақстан» газетінде басылыпты. «Кеңесте жер телімдерін заңсыз басып алу проблемалары да сөз болған. Бұл мәселеде Үкіметке халықтың қанша жер телімімен қамтамасыз етілгендігі және қаншалықты мұқтаждығын жан-жақты зерделеу тапрсырылды» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада.

«Казахстанская правда» басылымы келтірген мәлімет бойынша, қазіргі таңда 367 мың азамат жер телімін алуға өтініш берсе, соның 108 мыңының ғана арызы қанағаттандырылған. «Әрине, бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Республика аумағының кеңдігіне байланысты жер телімін тегін бөлуде кедергілер болмауы тиіс» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

Ал «Айқын» газеті болса Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында Қазақстанды ойынханалардан тазарту мәселесі де қозғалғандығына тоқталып өтіпті. «Президент қалаларды ойынханалардан «азат ету» мүмкіндігін қарастыруды Үкіметке Қауіпсіздік кеңесінің өткен жылғы мамырдағы отырысында тапсырған болатын. Сонымен қатар Үкіметке ойын бизнесін реттейтін заң жобасын жасау да жүктелген еді. Заң жобасы биылғы мамыр айында Парламентке әзер жетіпті. Ол ол ма, әлгі заң жобасы Парламенттен де шыққысы жоқ – әлі талқылауда. Бұл жерде іске ойынханалардың артында тұрған алпауыттардың көзге көрінбейтін тұсау салып отырғаны ап-анық. Әйтпесе, соншалық күрделі іс емес-ті» делінген «Айқын» газетіндегі мақалада.

Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесінде оң рульді автокөліктерге тиым салу туралы шешім қабылданғандығы «Литер» газетінде баяндалыпты. Мақалада келесі жылдан бастап осындай мәшинелерді Қазақстанға кіргізуге тиым салынатындығы, ал үш жылдан кейін рөлі оң жағында орналасқан көліктерді пайдалануға болмайтындығы жазылған. «Соңғы төрт жылдың ішінде Қазақстанда 57 мың жол апаты болып, соның салдарынан 13 мың адам қаза болған. Алайда бұл көрсеткіштердің қаншасы оң рөлді мәшинеге қатысты екендігі белгісіз. Ал мұндай автокөліктің иелері қымбат меншігін не істемек?» деп жазды «Литер».

Қазақстанда автокөлікті масаң күйде жүргізушілер көбейгендігіне «Экспресс К» газеті мән беріпті. «Ішкі істер министрлігінің жол полициясы департаментінің басшысы Өмірзақ Түсімовтың айтуынша, ішіп алып мәшине басқарған жүргізушілердің тек үштен бірі ғана автокөлік жүргізу құқығынан айрылады екен. Сонымен бірге жүргізушілерге жол ережелерін үйрету жұмыстары да сын көтермейді. Қауіпсіздік кеңесінде Президент Ішкі істер министрлігіне жүргізушілерді дайындау жұмыстарының қағидаларын жасауды тапсырды» делінген «Экспресс К» газетіндегі мақалада.

«Айқын» газеті болса Қазақстан қоспартиялыққа көше ме, әлде көппартиялық жүйеде қала ма деген сұраққа жауап іздепті. «Қазір саяси партия сахнасында қамшылау басым. Қоғамда партиялық жүйедегі соңғы уақыттардағы өзгерістердің соңын жорып, «көппартиялық жүйе жойылады, бұл қоспартиялыққа көшудің нышаны» деп айтушылар көбейіп кетті» делінген мақалада. «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұловтың пікірінше, болашақта «екіпартиялық» деп аталатын жүйенің пайда болуы екіталай. Мәскеудегі Орталық Азия институтының сарапшысы Алексей Власовтың айтуынша, билік партиясының «Отан» + «Асар» + «Азаматтық» конфигурациясы біріккен бағдарламада жаңа идеология құрып үлгерген жоқ. Алайда «Отан» партиясы функциясының алдағы ықпалын ескерсек, бұған сондайлық қажеттілік те жоқ секілді. Ал оппозицияға көп еңбек ету керек, - депті Алексей Власов «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

«Қазақстанда оппозиция неге әлсіз?» деген сауал «Жас Алаш» газетінде талқыланыпты. «Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, демократиялық оппозицияның ең үлкен кемшілігі – саясаткерлердің жеке амбицисының жоғарылығы. – Қазақстан оппозициясы бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, жұдырықша жұмылған саяси күшке – бір ғана партияға немесе ұйымға біріге алмай отыр, - депті Әміржан Қосанов. Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пікірінше, дағдарыстың негізгі себептерінің бірі – тұлғалардың жетіспеушілігі. – Қазіргі кезде демократиялық оппозиция қатарында жүрген тұлғалар жалпыұлттық деңгейге көтеріле алмай жүр, - деп жауап беріпті Берік Әбдіғалиев «Жас Алаш» тілшісінің сауалына.
XS
SM
MD
LG