Accessibility links

Минскіде ТМД елдері басшыларының саммиті өтуде


Қарашаның 28-і күні Минскіде өтіп жатқан ТМД мемлекет басшылары кеңесі отырысында ТМД-ның тиімділігін арттыру және оны қазақстандық тараптың ұсыныстарын ескере отырып, реформалау мәселесі қаралмақ. Бұл жөнінде "Азаттық" радиосына сейсенбі күні Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Ал қазақстандық сарапшылар ТМД-ның болашағы мен оны реформалау жөнінде не дейді?

Қарашаның 28-і күні Минскіде өтіп жатқан ТМД елдері басшылары кеңесі және осы елдердің сыртқы істер министрлері кеңесі отырысында жоғарғы деңгейдегі топ әзірлеген ТМД-ның тиіміділігін арттыру мен оны қазақстанның ұсыныстарын ескер отырып, реформалау жөніндегі баяндама талқыланады деп хабарлады «Азаттық» радиосына сейсенбі күні Қазақстан Сыртқы істер минситрілігінің баспасөз қызметкері Гүлжан Бегеева.

Оның айтуынша, сонымен қатар ТМД елдері азаматтарының көші-қонына қатысты ынтымақтастық негізгі принциптері бойынша уағдаластық жобасы қаралады. Жалпы, осыдан 15 жыл бұрын құрылған ТМД бұрынғы совет мемлекеттерінің шекаралық, экономикалық-саяси мәселелерін бейбіт түрде шешу үшін қажетті алаң қызметін атқарды. Ал бүгінгі күні осы ұйымға мүше елдер арасында екі бағыт қалыптасып, екі топ пайда болған дейді саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек:

- ГУАМ құрамындағы Грузия, Украина, Молдова. Екіншісі – ресейдің лидерлігін сәл мойындаған және онымен әріптестікті дамытуға тырысқан республикалар. Осы тұрғыдан келгенде көптеген республикалар, мысалы, Түркіменстан ТМД-мен байланысы жоқ. Грузия да осындай мәлімде жасап отыр. Яғни, осының бәрі ТМД мемлекетаралық құрал ретінде өзінің функциясын атқара алмай отырғандығын көрсетеді. Сондықтан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 2:2 деген формула қалыптасты. Яғни, әр бір республика өзіне тиісті республикамен байланыс орнатуға мүмкідік алады да, осының негізінде ТМД көлемінде үлкен шаралар қолға алынған жоқ. Сондықтан, қазір ТМД –ны «формалды одақ» деп атауға болады...

Қазақстан ТМД-ға төраға мемлекет ретінде оны реформалау мәселесін белсенді түрде көтеріп келеді. Биылғы жылы шілде айында Мәскеуде өткен ТМД елдері басшылары бейресми саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарабаев ТМД-ның болашағы бойынша жоба ұсынған болатын. Бұл бастама ТМД-ға жаңа серпіліс беретін шығар деп есептейді Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев.

- ТМД-ының ұзақ уақыт бойы бір орында кідіріп, тұрып қалғаны ешкімге құпия емес. Айтарлықтай алға жылжулар болмағандықтан, оған үміт артып, ол аймақтық ірі интеграциялық ұйым бола қояды дегенге сенім болмады. Ал Қазақстан ұсыныстарының негізі ТМД-ның осы ұйымға кіретін елдер әлі шынайы түрде оң бағытта пайдалана алатын мүмкіндіктерін таңдап алу. Бұл, мәселен, көлік коммуникациясын дамыту. Ал, керісінше, орындалмайтын жоспарлар қойып қажеті жоқ. Мысалы, ТМД негізінде әскери база құру туралы әңгіме жоқ. Сол себептен, Қазақстанның ұсынысының мәні – ТМД-ға мейлінше прагматикалық сипат беріп, қажетсіз қызметтерді одан алып тастау, - дейді С.Көшкімбаев.

Ал саясаттанушы Шәріпбек Әмірбектің пікірінше, ТМД-ны ұстап тұру үшін оның түпкі қазығына айналатын мемлекеттердің болуы керек. Алайда, әзірге ондай басқа постсоветтік елдерге үлкен ықпал ету тетігі Ресейде де, Қазақстанда жоқ деп есептейді сарапшы.

- Егер Қазақстан Орталық Азиядағы елдерді өз ықпалына жинайтын болса, екінші жағынан Ресей қалған республикаларды жинап, екі орталық қалыптасса, одан кейін ол екі орталықты бір орталыққа айналдырса, онда бұл ұйымның болашағы болуы мүмкін. Бірақ, қазір Ресей де, Қазақстан да ондай деңгейге жете қойған жоқ. Ол үшін біз барлық республикалар экономикасына инвестиция салатын дәрежеге жету керек. Ал жаңағыдай орталықтар қалыптаспай, ТМД-ның тиімді жұмыс істеп кетуі қиындау, - дейді саясаттанушы Ш.Әмірбек.

ТМД елдері басшыларының келесі саммиті 2007-ші жылы жазда өтеді деп жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG