Accessibility links

Америкадағы ақпарат құралдары Ирақтағы жағдайды "азаматтық соғыс" деп атай бастады


Америкадағы бірқатар ірі ақпарат ұйымы ресми Вашингтонның ұстанымына қарсы шығып, Ирақтағы қазіргі жағдайды "азаматтық соғыс" деп атап отыр. Бұл екі арада, Американ Конгресі құрған бейтарап комиссия Президент Джордж Буш Ираққа байланысты енді қандай шараларды қолға алуы тиіс деген сауал төңірегінде өз есебін дайындап жатыр. Комиссия есебі әлі жарияланбаса да, ондағы кей ұсыныстар қазірдің өзінде кей ақпарат құралдарының қолына түсіп отыр.

Айлар бойы Американ баспасөзі Ирақтағы жағдай жөнінде сөз болғанда "азаматтық соғыс" деген атауды қолданбауға тырысып бақты. Ирақтан келген хабарарда жағдай "азаматтық соғысқа қарай ауып бара жатыр", "азаматтық соғысқа ұқсай бастады" деп сыпатталды. Алайда Ирақтағы жағдай бұған дейін нақты "азаматтық соғыс" деп аталмапты.

Белгілі дәрежеде мұның себебі ретінде ресми Ақ Үйдің Ирақтағы түрлі топтар арасындағы зорлықтың ушығуына қарамастан жағдайды "азаматтық соғыс" деп атауға қарсылығы себеп болды. БҰҰ-ның есебінше, тек өткен қазан айында ғана 3700 Ирақтық қайтыс болған екен. Мұның өзі 2003 жылы Америка бастаған халықаралық жасақтардың Ираққа кіруінен бергі ең жоғарғы айлық өлім көрсеткіші болып табылады.

Енді Америкадағы жалпы-ұлттық телеарна NBC News саяси мағнасы бар бұл сөз тіркесін қолданудан қашқақтамайтынын мәлімдеп отыр. Қарашаның 27-сіндегі таңертеңгілік бағдарламасында NBC News ендігі жерде Ирақтағы жағдайды "азаматтық соғыс" деп атайтындығын хабарлады.

NBC-дың мұндай мәлімдемесінің өзі жаңалық ретінде тарады. Өйткені бұл Буш әкімшілігінің ресми ұстанымына қарсы әрекет ретінде бағаланды.

Әзірге CNN және басқа да ірі телеарналар өздеріндегі саясаттың өзгергенін хабарлай қойған жоқ. Алайда NBC-дың шешімінен кейін "The Los Angeles Times", "The New York Times" қатарлы газеттер Ирақтағы жағдайды бірнеше аптадан бері "азаматтық соғыс" деп жазып келгені туралы мәлімдемелер таратты.

Талдаушылардың айтуынша, NBC қабылдаған шешімнің маңызы ерекше және таяу арада көптеген ақпарат ұйымдары NBC-дың ізімен Ирақтағы жағдайды "азаматтық соғыс" деп атай бастамақ. Бұл жағдай Ирақтан әскерді әкету тұрғысында ресми Ақ Үйге жасалып отырған қоғамдық қысымды күшейте түспек дейді ақпарат саласының кей мамандары.

Америкадағы Пенсильвания Университетінің профессоры, тілдің саясат пен қоғамдық пікірге әсері туралы бірнеше кітаптың ауторы Кэтлин Холл Джэймисонның айтуынша:

"Осыған дейін Буш әкімшілігі Саддам Хусейнді, жаппай өлім қаруы бар-жоқтығына қарамастан, биліктен аластату Ирақ және бұл елдің халқы үшін игілік болды деу арқылы бұл елге әскер кіргізу әрекетін ақтап келген еді. Ендігі жерде әскер кіргізудің нәтижесінде азаматтық соғыс басталды делінетін болса, бұл әрекетті ақтау мүмкін болмас".

Ақпарат құралдарындағы осынау талқылау Американ астанасындағы Ираққа қатысты тағы бір жағдаймен сайма-сай келді. Ирақты Зерттеу Комиссиясы алдағы бірер күнде өз есебін жария етпек. Бұрынғы саясаткерлер, сондай-ақ талдаушы мамандардан құрылған он мүшесі бар бұл комиссия көктемнен бері Американың Ирақтағы жаңа саясаты мәселесін талқылап келді.

Бұл екі арада, бірқатар ақпарат бұлақтары аталмыш комиссияның әлі жарияланбаған есебінен үзінділер жариялай бастады. Мәселен, "The New York Times" газеті құжатты көрген ресми қызметкерге сілтеме жасай отырып, "комиссия аймақтық диломатияны белсенді түрде жандандыру, мұның қатарында Иран және Сириямен арада тікелей келіссөз өткізу ұсыныстарын алға тартады, алайда елден әскерлерді алып кетуге орай нақты шектеулі мерзімді белгімелей отыр" деп хабарлауда.
XS
SM
MD
LG