Accessibility links

Америка мен Ресей Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының болашағына орай келісе алмай отыр.


Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының сыртқы істер министрлері дәрежесіндегі екі күндік кездесуі кеше Брюссельде аяқталды. Кездесу барысында одақтың болашағына орай ұйымның ішінде туындап отырған бөлініс анық байқалды. Америка Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының Европа мен Орта Азиядағы демократия мен адам құқықтарын қадағалаушы құрылым ретіндегі рөлін күшейту керек десе, Ресей бастаған кей елдер ұйым халықаралық терроризм мен есірткі тасымалы мәселесіне қажетті дәрежеде көңіл бөлмесе оның қажеттілігі шамалы болады деп мәлімдеді. Кездесу соңында қабылданған қорытынды құжатта бұл екі көзқарас та көрініс тапқанымен, ұйымның болашағына қатысты айтыс шешілмегенге ұқсайды.

Жиын аяқталардан сәл бұрын сөз алған Американ Мемлекеттік Хатшысының орынбасары Николас Бернс Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы алдағы уақытта демократия мен адам құқықтарын дамытушы ұйым ретінде өз қызметін жалғастыруы керек деп сенетінін атап өтті.

"Евро-Атлантика қауымдастығындағы бәріміз бетпе-бет келіп отырған басты мәселелердің бірі – Балқан мен Орталық Европадағы, Қапқаз бен Орта Азиядағы жас демократиялық елдер қалайша нағыз демократияға қадам басады деген мәселе. Бұл тұрғыда қазір қолда бар ең маңызды құрылым осы Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы. Өйткені ол сайлауларға әділ түрде бақылау жасайды, демократия, адам құқықтары, сайлау тәжірибесі тұрғысында нақты кеңес бере алады", - деп атап өтті Американ Мемлекеттік Хатшысының орынбасары Николас Бернс.

Дәл осы көзқарас Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының белсенділігін арттыруға қатысты мәлімдеме жобасында да сөз болған. Алайда Ресей жағы бұл ұсынысқа қарсы шықты. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, бұл тұжырым біржақты, әрі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінен алшақ жатыр.

Ресей біраздан бері Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы бұрынғы Совет республикаларының мәселелеріне қол сұғуға тырысып бағуда деп келеді. Бұл жолғы жиында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ұйым ғаламдық дәрежеде қауіп төндіріп тұрған терроризм, есіркі тасымалы іспетті мәселелерге шектеу қоюға тырыспаса, онда "орынсыздыққа" ұрынуы мүмкін деп мәлімдеді.

Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының белсенділігін арттыруға қатысты құжат жиынның соңғы күнінде қабылданды. Мәлімдемеде ұйымның болашағына қатысты екі көзқарас та көрініс тапқанымен, ұйымның болашағына қатысты айтыс түбегейлі шешілмегені анық.

Ресейдің қабылдатпай тастаған ендігі бір ұсынысы Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының адам құқығын қорғаушы белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдарды қорғау шаралары

на қатысты болды.

Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының кезек бойынша ауысатын төрағалық қызметін атқарып келген Белгия сыртқы істер министрі Карл де Гюхт бұл тұрғыдағы өз қынжылысын жасырмады.

"Адам құқығын қорғаушыларға қатысты маңызды шешімнің қабылданбай қалуына қынжылыс білдіруден басқа шарам жоқ", - деді ол.

Қазақстанның 2009 жылы Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету ниетіне орай мәселе келесі жылдың қарашасына дейін қалдырылды. Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының төрағалық қызметін атқарып келген Белгия сыртқы істер министрі Карл де Гюхт мәселенің бұлайша шешілуіне қанағаттанғандық сезімін білдірді. Ендігі мәселе Қазақстан жетекшілігі уәде еткен демократиялық реформалардың даму қарқынына байланысты болмақ деді ол.

"Екі маңызды мәселе ескеріліп отырғандықтан мен Қазақстанға байланысты шешімге өте қуаныштымын. Біз, ең кеш дегенде, бұл мәселеге Мадридте 2007 жылдың қарашасында қайтып оралатын болдық. Бірақ ең маңыздысы, Қазақстан демократиялық реформалардың егжей-тегжейін жария етті. Бұл екі мәселе арасындағы өзара байланыс өте маңызды боп көрінеді", - деді Карл де Гюхт.

АҚШ Қазақстанды 2009 жылы емес, одан кейініректе төраға болуға көндірмек болды. Алайда, желтоқсанның 4-інде Брюссельде болған кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған көнбейтінін кесіп айтқаннан кейін, Америка бұл мәселеде әр тарап қабыл алатын ортақ шешім табуға тырысты.
XS
SM
MD
LG