Accessibility links

Көпшілік жұрттың Қазақстандағы сот жүйесіне көңілі толмайды


Желтоқсанның 6-күні «Әйелдердің құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы мен Алматы облысындағы соттарда жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелерімен таныстырды. Аталған ұйымның төрайымы Вера Сергунинаның айтуынша, сот орындарына шағымданушылардың 80 пайызы сот ісіне көңілдері толмайтындығын білдірсе, социологиялық сауалнамаға қатысқандардың 88 пайызы сот ғимараттарына кірудің өзі қиын екендігін айтқан. Сонымен бірге, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мүгедектердің сот ісіне қатысу жағдайына алаңдаушылық танытып отыр. Алайда Қазақстан Жоғарғы соты Азаматтық істер алқасының төрағасы Мұсабек Әлімбеков Қазақстандағы сот залдары халықаралық стандарттарға сай дегенді айтады.

«Әйелдердің құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Вера Сергунинаның айтуынша, әлеуметтік зерттеудің нәтижелері Қазақстандағы сот ісіндегі бірқатар кемшіліктердің бетін ашқан.

- Халық арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бізді алаңдатып отыр. Респонденттердің 80 пайызы сот ісіне көңілдері толмайтындығын айтса, 88 пайызы сот залына өтудің қиын екендігін белгілепті. Социологиялық зерттеудің нәтижелерін саралайтын болсақ, халық сот ісінің ашықтығын қалап отыр. Мәселен, заңдылықтарда азаматтардың сот ғимаратына кіруі мен сот мәжілісіне қатысуы еркін жүргізілетіндігі айтылған. Іс жүзінде сот ғимаратына өту үшін рұқсат қағаз алу керек болады. Сонымен қатар, сотқа шағым түсіру кезінде азаматтың өтініші дұрыс жазылмағандығы үшін қайтарылып беріледі немесе сот адвокатына жүгінуге кеңес береді. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандар сот ғимараты халық қажеттілігіне жұмыс істемейтіндігін атап көрсеткен: тамақтану, демалу және басқа да көпшіліктің қажеттілігіне көңіл бөлінбейді, - дейді Вера Сергунина.

Алайда Жоғарғы сот Азаматтық істер алқасының төрағасы Мұсабек Әлімбеков бұл тұжырыммен келіспейді. Оның айтуынша, Қазақстандағы сот орындары халықаралық стандарттарға сай жабдықталған.

- Кез келген сот залына қалағанша адам кіргізуге мүмкіншілік жоқ. Сонымен бірге, сот залын опыр-топыр жасауға болмайды. Азаматтар белгілі бір тәртіппен кіріп-шығады. Сот залдары еуропалық стандарттармен жасалған.

«Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманәлиев Қазақстандағы сот өркениетті деңгейге жеткен деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, қоғамда сот ісінен бөлек қалған топтың бірі – мүгедектер.

- Біріншіден, Қазақстанда мүгедектердің заңдық сауаты төмен болса, көпшілік сот өкілдері мүгедектердің құқықтарымен жақсы таныс емес. Екіншіден, тәжірибелі қорғаушыны жалдауға қалталары көтермейтіндіктен мүгедектер сотта ұтылып қалып жатады. Үшіншіден, сот ғимараттары мүгедектердің қозғалуына бейімделмеген. Ең өкініштісі, өз ойын жеткізе алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға сурдоаудармашы немесе көмекші бөлінбейді, - дейді Қайрат Иманәлиев.

Ал «Құқықтық бастама» қоғамдық ұйымының заңгері Бексұлтан Нүрсейітовтың пікірінше, сот ісіндегі кез-келген кедергі сот әділдігіне көлеңке түсіреді.

- Мәселен, ауылды жерлердегі сот орындарына кірудің өзі қиын: тор орнатылған есіктің ар жағында не болып жатқандығын кім біліп жатыр?! Соның салдарынан халық кісі іздеп, өз мәселесін таныс арқылы шешуге тырысады. Яғни, сот ісіндегі кез келген кедергіні жойған дұрыс.

Жоғарғы сот Азаматтық істер алқасының төрағасы Мұсабек Әлімбеков Қазақстандағы сот жүйесінде біреудің ықпалымен шешім шығаратын сот өкілдерінің бар екендігін жоққа шығармайды.

- Соттың барлығы ешкімге тәуелсіз жұмыс істейді деп айта алмаймын. Сот қызметіне келген азаматтардың көзқарасы күнделікті өмірдегі келеңсіз жағдайлардан тәуелсіз болуы керек. Адам құндылығын қадірлей білетін азаматтарды тәуелсіз сот деп атауға болады, - дейді Жоғарғы сот өкілі.
XS
SM
MD
LG