Accessibility links

Кришна қауымдастығының тағы 7 үйі құлатылып, 14-15 адам баспанасыз қалу қаупі бар


Желтоқсанның 7-сі күні Қазақстандағы АҚШ елшілігінің, Алматы облысы Қарасай ауданындағы Кришна қауымдастығына қарасты 13 үйдің құлатылуына қатысты алаңдаушылық білдіріп таратқан мәлімдемесі жарық көрді. «Адамдарды аязды күні үйлерінен шығарып, дүние-мүліктерін жою әділ сот пен әділеттілік принциптеріне қайшы келетіні» айтылған мәлімдемеде. Сондықтан, АҚШ елшілігі жергілікті билік орындарын «әрі қарай кришна қауымдастығының мүшелеріне қатысты агрессияға бармауға» шақырады. Ал Кришна қауымдастығының баспасөз қызметі жағдайларының одан әрі қиындап, тағы да 7 үй құлатылу алдында тұрғанын айтады.

Қарашаның 21-і күні «Кришна қауымдастығының» мүшелері орналасқан 13 үй Алматы облысы Қарасай ауданы сот шешімімен құлатылғандықтан, 4 баланың анасы Марина күннің суығында баспанасыз қалған. Қазір оның 6 адамнан тұратын отбасы біреудің шағын бір бөлмесін паналап жүр.

- Бөлме өте тар. Бәріміз еденде іркес-тіркес, бір-біріміздің үстімізге шығып жатамыз. Екінші бөлмеде үйдің иесі тұрады. Ол бізді аяп, үйіне уақытша паналатқан. Сондықтан, мұнда ұзақ тұра алмаймыз. Басқа амалдар қарастыру керек шығар. Ал киім-кешек алуға храм көмектесті. Өйткені, үйімізді бұзған кезде біз жалаңаш қалғанбыз, - дейді «Кришна» қауымдастығының мүшесі Марина.

Ол қарашаның 21-і күні болған оқиғаны қорқынышты түс сияқты дейді. Сол күні ол үйінде кішкентай 3 жасар ұлымен алаңсыз шай ішіп отырыпты.

- Мен басында жедел жәрдем машинасының келгенін көрдім. Бірақ, оған аса мән бермедім. Одан кейін бульдозер, адамдар тиелген автобустар тоқтады. Сосын жаңағы адамдар менің үйімнің есігін қақпастан, қабырғасын ұрғылай бастады. Сөйтіп, үйіме есіктен емес, бұзылған қабырға арқылы кіріп келді. Менің төбемнен жай түскендей болып, есеңгіреп, не істерімді білмей жыладым. Бірақ, жаңағы оншақты адам оған қараған жоқ, дүние-мүлік, киім-кешектерімізді далаға лақтыра бастады. Балалардың кітаптарын, дәптерлерін де таптап жүре берді. Сол күні қар аралас жаңбыр жауғандықтан, заттардың барлығы жарамсыз болып қалды. Мұндай сұмдықты тек кинодан ғана көруге болатын шығар деп ойлаймын, - дейді кришна дінін ұстанушы Марина.

Желтоқсанның 7-сі күні Қазақстандағы АҚШ елшілігінің «Кришна» қауымдастығына қарсы әрекеттердің заңдық негіздемесіне орай алаңдаушылық танытып жасаған мәлімдемесі жария болды. «Бұл істің негізінде не жатқанына қарамастан, үй иелерін аязды күні шығарып тастау және олардың дүние-мүліктерін жою әділ сот пен жалпы әділеттілік принциптеріне қайшы келген», делінген АҚШ елшілігі «Азаттық» радиосына ұсынған мәлімдемесінде. Сонымен бірге АҚШ елшілігі Қарасай ауданы билігі коммунаға қарсы агрессиялық науқанын жалғастырғаны алаңдататынын айтқан.

«Билік орындары жағдайды түзеуге ештеңе жасаған жоқ, қайта жағдай қиындай түсті», - дейді АҚШ елшілігі. Кришна қауымдастығының баспасөз хатшысы Максим Варфоломеевтің айтуынша, қазір Алматы облысы Қарай аудандық сотына тағы қосымша 5 талап-арыз түскен. Келесі сот мәжілісі желтоқсанның 10-ына белгіленіп отыр.

- Біз өзіміздің адвокаттарымыздан айырылып қалуымыз жағдайды одан сайын қиындатып тұр. Біз адвокаттардан неліктен бізбен жұмыс істеуден бас тартатындықтарын сұрағанда, олардың бірі: «сіздердің отбасыларыңыз, балаларыңыз жоқ» деп жауап берді. Соған қарағанда, олар қорқып қалған тәрізді. Сондықтан, біз жаңа адвокаттар іздеу үстіндеміз. Оған қоса Қарасай аудандық әкімшілігі бізді сол жерден қуу шараларын тоқтатпай отыр. Біз олармен келісімдерге келуге тырысқанымызбен, олардан тек: «Сендер кімсіңдер? Сотта кездесіміз!» деген жауап алдық, - дейді М.Варфоломеев.

Ал Қарасай аудандық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Гүлнар Нұрғалиқызы бұған дейін «Азаттық» радиосына берген сұқбатында барлығы заң шеңберінде атқарылып жатқанын айтқан еді:

- Олар жерді заңсыз алғандарын сот дәлелдеді. Сот орындаушылары оны орындады. Бітті! Мәселе - бәрін заңсыз алып алған ғой. Құжаттары жоқ, ештеңелері жоқ. Самозахват деген бар емес пе?! Соттың шешімімен енді соларды қайтарып жатыр. Кезінде саяжайларға кіріп-кіріп алған. Құжаттарын дұрыстап алу керек еді ғой. Олардың құжаттарының бәрі заңсыз!

Дегенмен, көптеген адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымдар кришна дінін ұстанушылардың үйлерінің құлатылуын Қазақстандағы азшылықты құрайтын дін өкілдерінің қудалануы деп бағалады.

Қарашаның 21-і күнгі 13 үйдің құлатылуы салдарынан кришна дінін ұстанушы 40-тан астам адам баспанасыз қалған. Егер тағы 5 талап-арыз қанағаттандырылса, 5 жер учаскесі тартып алынып, 7 үй құлатылмақ. Ондай жағдайда тағы 14-15 адам қыс кезінде далада қалады дейді «Кришна қауымдастығының» өкілдері.
XS
SM
MD
LG