Accessibility links

Нұрлан Устемиров өз қорғауындағы Рустам Ибрагимовтің жазасын жеңілдету үшін ішкі істер вице-министрімен келіссөз жүргізгенін мәлімдеді


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің биылғы жылдың ақпан айында қастандықпен өлтірілуіне қатысты іс бойынша қылмысты орындаушы деп танылып, Алматы облыстық сотының үкімімен өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимовтың қорғаушысы Нұрлан Устемиров, жексенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, өзімен ҚР ішкі істер вице-министрі Қалмұхамбет Қасымов Бас прокурордың атынан келіссөздер жүргізгендігін мәлімдеді. Онда Ибрагимовтің жазасын 25 жылға ауыстыру бойынша шарттар қойылғандығын, бірақ үш лауазымды тұлғаның қатысы бар ол уағдаластық орындалмағанын айтады Устемиров.

Қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін қастандықпен өлтіруге қатысқан деп, Алматы облыстық сот үкімімен өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимов сәрсенбі күні Жоғарғы соттың мәжілісінде өзінің кісі өлтірмегенін және өзіне тергеу барысында Республиканың Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінің тікелей қысым жасағанын мәлімдеді. Ал жексенбі күні оның қорғаушысы Нұрлан Устимиров «Азаттық» радиосына бұл ретте өз пікірін білдірді:

- Оны ұстап, бізді оған жібермеген үш күн ішінде онымен Бас прокурор мен Ішкі істер министрі сөйлескен. Оны мен растай аламын. Өйткені, мен онымен сөйлескім келгенде маған: «ол жақта Бас прокурор бар. Әңгімелесіп жатыр» деді. Егер олармен сөйлессе, қылмыстық іс қозғалғандықтан, белгілі бір хаттама толтырылуы тиіс қой?! Бірақ, бұл жауап алу қағаз жүзінде рәсімделмеген. Бұл - бірінші заң бұзушылық. Екіншіден, оған алдымен: «сен Рахат пен Дариға деп айт» деген, әрі қарай «Әбіқаев пен Кикшаев» деп шыққан...

Бұған дейін Рустам Ибрагимов өзіне жоғары лауазымды екі азамат қысым көрсетті деп мәлімдеген күннің ертесінде, оның адвокаты Нұрлан Устемиров егер соттың алдыңғы шығарылған үкімі күшінде қалса, онда өзінің шындықты айтуға дайын екендігін мәлімдеген болатын. Яғни, ол Рустам Ибрагимовтың жазасын 25 жылға жеңілдету үшін жоғары лауазымды тұлғамен келісім шартқа отырғандығын айтқан еді. Жексенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында Н.Устемиров бұл келісімнің мән-жайын былай ашты:

- Мен іспен таныспас бұрын маған генерал Қалмұхамбет Қасымов телефон шалды. Мамыр айының екінші жартысында болуы керек. Біз Алматыдағы Желтоқсан мен Жамбыл көшесі маңында кездестік. Ол маған Ибрагимовтың көрсеткен мәліметтерінен бір нәрселерді алып тасту керектігін айтты. Мен: «Жарайды, бірақ сіздер оны ату жазасына кеспейсіздер», дедім. Ақыры, сағат 4-те министрліктің ғимаратында үш адам кездестік: мен, Қасымов, тергеу тобының жетекшісі Машанло. Қасымов маған: «Мен саған бас прокурордың сөзін жеткізіп тұрмын. Ол Жоғарғы сот төрағасына сендердің шарттарың бойынша 25 жыл қажеттігін жеткізген. Жоғарғы сот төрағасы бұл мәселені шешетіндігін айтқан» деп айтты, - дейді адвокат Устемиров.

Осыдан кейін ол Ибрагимовпен кездесіп, оның көрсеткен мәліметтерінен екі сөйлемді алып тастағандарын, сөйтіп, құжатқа қайта қол қойғандарын айтады.

- Ол алынып тасталғандардың біріншісі - «Президент А.Сәрсенбайұлының біреумен кездесетіндігін біледі» деген сөйлем. Екіншісі – «президент бұл уақытта Венада» деген сөйлем. Бірақ мұны Ибрагимовке айтқан Өтембаев ақпанның 11-і күні ұшып келіп, кездесуді бүгін ұйымдастыру қажеттігін айтқан. Сондықтан, Ибрагимов Сәрсенбайұлын өлтіруі мүмкіндігін болжаған да жоқ! Әңгіме – тек кездесу туралы ғана болған, - дейді адвокат Н.Устемиров.

Мұндай сауда-саттықтың болғаны сот процесі басталған кезде-ақ белгілі болды дейді Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, жәбірленуші жақтың өкілі Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Бұл - қылмыстың жасалуына жоғары жақтың қатысы бар деген біздің күмәнімізге қосымша дәлел. Егер жоғары жақтағылар мұны білмесе, оны Ибрагимов ойдан шығарып айтпайды. Егер, тіпті, ол ойдан шығарып айтса, ол хаттамаға түсіп, олар мұны теріске шығарып айтар еді. Демек, мұндай сөздің болғаны рас деп сенемін және ондай не себептен болғанына тағы бір рет көзіміз жетіп отыр.

Желтоқсанның 10-ы күні ресми құқық қорғау орындарынан түсіндірме алу мүмкін болмады. Өткен жұма күні Жоғарғы сот Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қастандықпен өлтіруіне қатысты облыстық сот шешімін күшіне қалдырды. Өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимовтың қорғаушысы Н.Устемиров болса, енді өздерінің рақымшылық жасау туралы президентке өтініш жазатындықтанын және ол қанағаттандырылады деп сенетіндіктерін айтады.
XS
SM
MD
LG