Accessibility links

Қатар астанасы Доха қаласында XV Азия ойындары аяқталды


Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы жиынтық 85 медальмен жалпы командалық есепте 4-орынға ие болды. Ал 316 жүлде жинаған Қытай құрамасы құрлықтың мықтысы екендігін тағы да дәлелдеді.

Құрлық бәсекесіне Қазақстан атынан барған 338 спортшы 15 күнге созылған жарыста спорттың 31 түріне қатысып, барлығы 85 медаль жинады. Қазақстан қоржынына түскен жүлденің 23-і алтын, 19-ы күміс, 43-і қола медаль. Осылайша қазақстандық атлеттер жүлде қорымен қатар сапасы жөнінен де жалпы командалық есепте 4-орынға жайғасты. Ал жазғы ойындар бойынша құрлықтың мықтысы атанған Қытай 316 медаль жинаса, соның 165-і алтын. Жоғарғы сапалы 58 жүлде салған Оңтүстік Корея құрамасы екінші орынға көтерілсе, одан 8 алтын кем жинаған Жапония бұл жолы жалпы командалық үшінші орынды қанағат тұтты. Мамандар Қазақстан спортының жоғарыда аталып өткен үштікпен иық тірестіретін жағдайға жетпегендігін атап айтуда. Қазақстандық спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы Азия құрлығында Қазақстанның төртінші болуының өзін қазіргі таңда үлкен жетістік деп бағалайды.

- Азия құрлығында Қытайдан асқан спорт державасы жоқ. Қытай спортшылары Афиныдағы Олимпиада ойындарында алтын саны жөнінен екінші орын алды. Сонымен бірге, Жапония және Оңтүстік Корея командалары да әлемдік аренада үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Аталған үш команданың дайындығы мен спорт базалары да әлемдік стандарттарға сай келеді. Әзірге Қазақстанның оларды басып озуға мүмкіндігі жоқ, - дейді Несіп Жүнісбайұлы.

Сонымен бірге мамандар Дохадағы ойындарды 2008 жылғы Олимпиада қарсаңындағы үлкен дайындық ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда қай спорттың кемшін тұстары бар екендігін Азия ойындары көрсетіп берді дейді олар. Мәселен, әлемдік аренада үлкен жетістіктерге жетіп жүрген Қазақстан боксының Дохадағы бәсекелерде әлсіз көрінуін көпшілік жұрт жайсыз қабылдады. Азия ойындарында 69 келі салмақтағы Бақыт Сәрсекбаев қана алтыннан алқа тағынса, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Бахтияр Артаев пен Сидней ойындарының жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков ақтық сында сүрінді. Ал осы спорттың бас жаттықтырушысы Дамир Буданбек жалпы командалық есепте бірінші болу мақсат екендігін айтқан еді.

Дәл осындай жоспармен Қатарға аттанған классикалық күрес шеберлері жалқы жүлдені місе тұтты: 75 келі салмақта Роман Мелешин ғана алтыннан алқа тағынған болатын. Дзюдошылар 8, еркін күрес шеберлері 3 жүлде салғанымен құрмет баспалдағының жоғарысына қазақстандық бір палуанның көтерілмеуін мамандар тағы бір кемшілік ретінде қарастырады.

Мамандар Азия ойындарында жүлде жағынан ең қомақты табыс әкелген нысана көздеуші спортшылардың жетістігін жоғары бағалап отыр. Қазақстандық мергендер Дохадағы бәсекелерде 19 жүлде салса, соның 6-ы алтын. Атап айтқанда, Ольга Довгун, Сергей Беляев, Андрей Гуров және басқа да атлеттер Қазақстан қоржынынан қос-қостап жүлде салды.

Қазақстандық ауыр атлеттердің жиған жүлдесі қомақты: Дохадағы жарыстарда әлемнің екі дүркін чемпионы Илья Ильинге иық тірестіретін ешкім табылмаса, Вячеслав Ершов алтыннан, Бақыт Ахметов қоладан алқа тағынды.

Сонымен бірге, Әлия Жүсіпова бастаған көркем гимнастика шеберлері екі алтын әкелсе, саны жағынан үш түрлі жүлдені суға жүзу шебері Владислав Поляков жеңіп алды. Бұдан бөлек шахматшы Мұртас Қажығалиевтің, каратэ шебері Халид Халидовтың, үшсайысшы Дмитрий Гаагтың да алтыннан алқа тағынғандығын атап өтуге болады. Азия ойындарына ең көп құрамда аттанған қазақстандық жеңіл атлеттер 4 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлде салып, көздеген межеден шығып отырғандығын айтады мамандар.

XV Азия ойындарына құрлықтағы 45 елдің спортшылары қатысты. Азия ойындары әлемдік спорт бәсекелерінің деңгейі жөнінен Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші дәрежеге ие.
XS
SM
MD
LG