Accessibility links

«Азаттық» радиосының тілшісі Азамат Жетпісбаев Алматыдағы тергеу абақтысында қамауда отыр


«Азаттық» радиосының Бішкектегі тілшісі Азамат Жетпісбаевты Алматыдағы ішкі істер басқармасына қарасты уақытша ұстау орнынан желтоқсанның 16-сы күні тергеу абақтысына ауыстырғаны айтылып отыр. Оған Қылмыстық істер кодексінің 177-ші бабы, яғни, «алаяқтық» деген бап бойынша күдік келтіріліп отыр. Бұл туралы «Азаттық» радиосына Алматы ішкі істер басқармасының уақытша ұстау мекемесінің кезекші қызметкері хабарлады. Бұл уақытта «Журналистер апатта» қоғамдық ұйымының жетекшісі Розлана Таукина «журналистің ұсталуы заңсыз, сондықтан, оны босату керек» деген мәлімдеме қабылдағандарын айтты.

Желтоқсанның 16-сы - Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдық мерейтойын «Азаттық» радиосының Бішкектегі тілшісі Азамат Жетпісбаев Алматыда қамауда қарсы алды. Оны сенбі күні таңертең сағат 10 шамасында Алматыдағы Сейфуллин мен Мәметова көшелері қиылысында орналасқан тергеу абақтысына алып кетті деді «Азаттық» радиосына Алматы қалалық ішкі істер басқарамасына қарасты уақытша қамау мекемесінің кезекші қызметкері старшина Расулов:

- Азамат па? Жамбылұлы ма? Кеше бізде болды, бүгін бірден түрмеге, тергеу изоляторына алып кетті ғой... Заңсыз болған ғой. Оны тұтқындаған ғой. Оны қаржы полициясы жапқан, іздеген. Оған Қылмыстық кодекстің 177-ші бабының 3-ші тармағы бойынша «алаяқтық» деген қылмыс бойынша күдік келтіріліп, іздеу салынған.

Осыдан кейін «Азаттық» радиосының тілшісі Алматы тергеу абақтысына барып, Азамат Жетпісбаевтың хал-жағдайымен танысуға талпыныс білдіргенімен, мекеме қызметкерлері бұл демалыс күндері жауапты қызметкерлердің жоқ екендігін алға тартып, ешқандай ақпарат бермеді. Бұл ретте олар тек дүйсенбі күні ғана қайта хабарласуға болатындығын айтты.

Желтоқсанның 15-күні Азамат Жетпісбаевты Қазақстанның қаржы полициясы Алматыда қамауға алды. Соңғы бір жарым жыл бойы Қырғыз елінің астанасында тұрған Азамат Жетпісбаев осыдан 3-4 күн бұрын Алматыда өткен, Орталық Азиядағы демократиялық процестерге арналған екі күндік халықаралық конференцияға шақыртумен жеке тұлға ретінде қатысуға келген еді дейді сол жиынды ұйымдастырушы, әлі тіркелмеген «Алға» партиясының Алматы қалалық филиал басшысы Әлихан Рамазанов:

- Сол жерде, конференцияның ішінде, мүмкін, олардың адамдары болған. Азамат сол жиында сөз сөйлеген болатын. Сол жерде «мынаны қараңдар» деп айтқан ғой. Әйтпесе, 2 миллион халқы бар қалада оны қалай табады?

Әлихан Рамазановтың айтуынша, әзірге Азамат Жетпісбаевпен байланысу, ол жайында ақпарат алу мүлдем мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ, оған адвокат тауып беру жұмысы да алға жылжымаған:

- Қазір адвокаттарды жібермейді. Қылмыстық іс - Астанада. Оқиға болған жер де – Астана қаласы. Сол үшін Қаржы полициясы ешкімге айтпай, сол жаққа апармақ. Сол үшін мына жерге ешкімді оған жақындатпайды, жібермейді. Енді жауапты да күтіп отырмыз. Бірақ, еш жауап та бермейді. Бүгін 6 адвокатпен сөйлестім, бәрінің айтып отырғаны бір: бәрібір жақындатпайды, кішкене күтіңіз дейді. Елде 4 күн мейрам кезінде олардың әдейі істегені ғой. Содан не істейтінімізді білмей отырмыз. Әзірге бәрі – бұлыңғыр.

Ал бұған дейін Астанада үш жылға сотталған оппозциялық жас саясаткер Махамбет Әбжанның адвокаты болған Василий Садықов болса, Азамат Жетпісбаевтың қорғалу құқығы сақталуы тиіс деп санайды:

- Оның адвокат алуға, қорғалуға құқығы бар. Онсыз жауап бермеуі тиіс. Құқыққорғаушылар өздерінің кезекші, «қызыл» адвокаттарын кіргізіп жіберуі мүмкін. Сондықтан, оның қорғалу құқығы толық қамтамасыз етілуі тиіс!

Бұл уақытта халықаралық «Журналистер апатта» қоғамдық ұйымы журналистің ұсталғаны заңсыз деп наразалығын білдіріп, мәлімдеме қабылдады. Осы ұйымның жетекшісі Розлана Таукина Азамат Жетпісбаевты желтоқсанның 11-і күні Астана сотының үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған оппозициялық «Қазақстанның Отаншыл жастар одағының» бірінші хатшысы Махамбет Әбжанды қолдағаны әрі өз пікірін ашық білдіргені үшін қудаланып отыр дейді:

- Бұл іс бірден саяси сипатқа ие болмақ. Өйткені, біз бәріміз оның Махамбет Әбжанның досы болғанын жақсы білеміз. Азамат оны қорғап, оның жағдайынан әрдайым қоғамды хабардар етіп отырған. Сондықтан, бәлкім, журналисті оның көзқарасы үшін қудалап отырған шығар. Осы үшін оны қамауға алып, оқшаулауға болмайды ғой. Сондықтан, біз оның босатылуын талап етеміз! Өйткені, оның ұсталуын заңсыз деп есептейміз! - дейді «Журналистер апатта» қоғамдық ұйымының басшысы Розлана Таукина.

Ол сонымен бірге Азамат Жетпісбаевтің ісі бойынша басқа да адам құқығын қорғайтын ұйымдар мәлімдеме қабылдайды дейді. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың да бұл іске араласып, көмек көрсетуін сұрамақшы, қазақстандық «Журналистер апатта» қоғамдық ұйымының жетекшісі Розлана Таукина.

22-жастағы Азамат Жетпісбаев биылғы жылдың тамыз айынан бері «Азаттық» радиосы Қазақ қызметінің Бішкектегі тілшісі болып жұмыс істеп жүрген. Ол оған дейін осыдан екі жыл бұрын Астана қаласындағы жастар қозғалысының белсендісі ретінде танылған Махамбет Әбжанмен бірге Қазақстанның Отаншыл жастар одағы ұйымын құрған. Бұл ұйым Қазақстанда демократиялық бағыттағы саяси реформалар жүргізуді мақсат тұтқан еді.
XS
SM
MD
LG