Accessibility links

Ресей 2006 жылы бір табан алға басса екі табан артқа шегінді


Соңғы күндері қалған 2006 жылы Ресей әлемдік сахнада бір қатар табысқа қол жеткізді. Ресей "Үлкен Сегіздік" тобында төрағалық етті, бұл Мәскеудің халықаралық мәртебесін көтерді. Ресей биыл Америка Құрама Штаттарымен үлкен келісім жасап, Дүниежүзілік Сауда ұйымына қосылуға жол аша бастады. Бірақ сонымен қатар Ресей дипломатиялық дауларға тап болды, сыртқы келбетіне нұқсан келтірді. Ресей мен Грузия арасында дау ұлғайды, белгілі журналист Анна Политковская тапсырыспен өлтірілді.

2006 жыл Ресей үшін "Үлкен Сегіздік" тобында кезекті төрағалық ету мәртебесімен басталды. Алайда Ресей Батыс елдері тарапынан Украинаға газ бермей қойғаны үшін сын естіді. Ресей мен Украина арасында газ бағасы бойынша келісім табылмаған соң Ресей газ тасымалын тоқтатып тастады, мұның салдарынан Батыс Еуропаға баратын орыс газының тасымалана нұқсан келді. Ресей қуат көздерін тұрақты беріп тұра алмайды, мұндай жағдайда Ресей "Үлкен Сегіздік" тобына қалай төрағалық жасай алады деген әңгіме шықты. АҚШ вице-президенті Дик Чейни Ресей алып мұнай-газ қорларын бопсалау құралы ретінде пайдаланады деп сын айтты.

Дегенмен Ресейдің монополиялық "Газпром" компаниясы баға саясатын жұмсартқан жоқ. "Газпром" компаниясы Украинадан соң бағаны Грузия, Әзірбайжан, Беларус, Эстония, Латвия және Литва үшін көтереміз деп қауіп төндірді. Украина үшін баға тағы өсіп, Украина келесі жылы бір мың текше метр газ үшін 90 доллар емес, 130 доллар төлесін делінді. Ресейдің жаңа баға саясаты Ресей саясатымен келіспейтін бұрынғы совет республикаларын жазалау құралына ұқсап кетті. Осы орайда Ресей мен Грузия арасында 2006 жылы қыркүйек айында дипломатиялық дау ұлғая түсті. Мұны Ресей қорғаныс министрі Сергей Ивановтың мына сөзінен аңғарса болады:

- Грузия үкіметінің барлық бұл істерін шектен мүлдем шығып кету деп қабылдауға әбден болады. Грузия өзінің байбалам әдеттіне салып, Ресей Федерациясы қателік жасасын деп ашық түрде араңдатқысы келеді.

Ресей министрі бұл сөзін екі ел қатынастары аса қиындаған тұста айтты. Грузия шпионаж жасады деген айыппен Ресейдің төрт офицерін ұстап алды. Грузия оларды елдеріне қайтарса да Ресей бұған қатты шамданды, Грузияға блокада жасады, дипломатиялық қатынастарын тоқтатты, жол қатынастарын және байланыс қатынастарын үзіп тастады.

Ресейдің сыртқа саясатта мүйіз шайқауы бұрынғы совет республикаларымен шектелген жоқ. Ресей басшылығы Палестинаның радикалды бағыттағы "Хамас" тобына қолдау көрсетіп тұрды, Иран ядролық бағдарламасының мәселесінде АҚШ бастаған санкцияларды орнату ұсыныстарына қарсылық танытып отырды. Ресей тарапына сырттан айтылатын сынға Ресейде қазан айында белгілі журналист, президент Путинның саясатын сынаушы Анна Политковскаяның тапсырыспен өлтірілуі тағы сын қосты. Президент Путин журналист Политковскаяның жазып жүргендері еш маңызды болған емес деп мәлімдеп, сыртқы әлемді тағы таң қалдырды. Политковская Путинның Чешенстандағы қимылдарын қатты сынайтын.

Чешенстанда болса Ресей үкіметі "жағдайды қалыптастару" деп аталған саясатын одан ары жалғастырды. Шілде айында Кремльдің қас жауы, чешен дала қолбасшысы Шәміл Басаев өлтірілді. Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің директоры Николай Патрушев "Шәміл Басаев пен бірнеше бандит Инғұш елінде террорлық қимылдарды жоспарлап, іске асырған болатын. Олардың көздері жойылды" – деп мәлімдеді.

Ресейде 2006 жыл шетелдіктерге қарсы нәсілшілдік бағыттағы шабуылдар ұлғая түсті. "Сова" деп аталатын топтың зерттеуінше, биыл мұндай шабуылдардан кемінде 45 адам өлтірілді, жүздеген адам жарақат алды. Былтырғы жылға қарағанда бұл өте көп. Былтыр әсіре ұлтшыл тақырбастардың қолынан 28 адам өлтірілген болатын.
XS
SM
MD
LG