Accessibility links

Минск пен Мәскеу газ бағасы жөнінде әлі бір мәмілеге келмеді


Ресей қыстың ортасында Украинаға тасымалдайтын газын тоқтатып қойған соң, 2006 жыл - Еуропада энергетикалық дағдарыспен басталған болатын. Енді бұл жыл дәл осындай сценарий бойынша аяқталатын сияқты. Себебі Ресейдің “Газпром” компаниясы егер Беларусь елі газдың көтерілген жаңа бағасымен келіспесе онда ол қаңтар айында газбен қамтамасыз етілмей қалу қауіпіне тап болады деп мәлімдеді.

Ресей мен Беларусь арасында газ мәселесіне байланысты келісім желтоқсанның 31-де аяқталады, ал жаңа келісім-шарт әлі жасалған жоқ. Беларусь үкіметі Ресейден сатып алатын газдың қазіргі бағасын сол қалпында қалдырғысы келеді. Бірақ дүйсенбі күні Ресейдің “Газпром” компаниясының баспасөз-хатшысы Сергей Куприянов Беларусь елінің талабы “жауапкершіліксіз және ол Беларуське жөнелтілетін табиғи газ тасымалына қауіп төндіреді” деп мәлімдеді. Бұл ескертулер айғақсыз емес десе болады, себебі 2004 жылдың басында Ресей Беларусь еліне тасымалданатын газ құбырларының крандарын жауып тастаған тұғын. Ал осы жылы Ресей қыстың дәл ортасында Украинаға да газ тасымалын шектеген. Еуропа Одағы өз тұтуына қажет табиғи газдың төрттен бірін Ресейден сатып алып отырғандықтан және ол газдың басым бөлігі Украина арқылы тасымалданып келгендіктен Ресей мен Украина арасындағы газ айтысының салдарын Еуропа елдері де сезе бастаған.

Сонымен, Ресей жаңа жылдан бастап Беларуське тасымалданатын газдың бағасын 4 есеге көбейтпекші, яғни газдың әрбір мың текше метрі үшін Беларусь үкіметі 200 доллар төлеуі керек деп отыр. “Газпром” өкілі Куприяновтың айтуынша, Ресей егер Беларусь елі өзінің мемлекеттік “Белтраснгаз” компаниясының 50 пайызын Газпромға өткізсе онда оған 1 мың текше метр газды 80 долларға сатуға да келіседі. Бірақ Беларусь жағы бұл стратегиялық маңызды жылжымайтын мүлкінен айырылуға асықпайтын сияқты. Беларусь энергетика министрі Александр Озерец егер тіпті Газпроммен бірлескен кәсіпорын құрылатын болса да, онда ол процесс кемінде 3 айға созылуы мүмкін деп мәлімдеді.

Тәуелсіз экономист мамандардың пікірінше, Беларусь мемлекеті газдың әлемдік бағасына өтуге әлі дайын емес. Ал “Газпром” өкілдері болса Беларусьтің газға төлеп отырған қазіргі ақшасы газдың шығарылуына және тасымалдануына кететін шығынды көтермейді дейді.

Соңғы хабарларға қарағанда, Минск пен Мәскеу газ бағасы жөнінде әлі бір мәмілеге келмеген. Газпром төрағасы Алексей Миллер осыған байланысты былай деп мәлімдеді:

“Уақыт тез өтіп жатыр. Әліге дейін келісім-шарт жасалған жоқ. Біз осы жылдың соңында қалыптасып отырған жағдайға байланысты жауапкершілік толығымен Беларусь мойнында деп ойлаймыз. Себебі Газпром мен Ресей Федерациясы Беларусь мемлекетіне ең тиімді шарттар ұсынған болатын”.

Ал Беларус премьер-министрінің бірінші орынбасары Уладзимир Сямашка желтоқсанның 31-не дейін әлі уақыт бар, бір келісімге келуге әлі мүмкіндік бар деп ойлаймыз деді.

Сонымен Ресей мен Беларусь арасындағы газ мәселесіне қатысты келіссөздер одан әрі жалғасатын болды. Жалпы, Беларусь мемлекеті 2007 жылы Ресейден 20 миллиард текше метр газ сатып алуды жоспарлаған еді.
XS
SM
MD
LG