Accessibility links

Сауд Арабиясында қажылық басталды


Сауд Арабиясында әр жылы өтетін қажылық басталды. Исламның қасиетті қаласы деп есептелетін Меккеде 3-миллионға жуық мұсылман жиналуда. Бұл елде қауіпсіздік шаралары күшейттірілді деп хабарланды.

Әлемнің әр түкпіріндегі мұсылмандар Исламдағы бес парыздың бірі деп есептелетін қажылықты атқаруға кірісу үшін Сауд Арабиясында жиналды. Әрбір мұсылман денсаулық жағдайы мен қаражатынан мүмкіндігі болса өмірінде кемінде бір рет қажылыққа баруға тиіс делінеді.

Ресми мәліметтерге қарағанда Сауд Арабиясына осы жылы қажылыққа шетелден 1,5 миллионнан астам мұсылман келген. Сонымен қатар Сауд Арабиясының кемінде 600 мың азаматы қажылық парызын атқарады деп күтілуде.

Қажылар тазалық пен адамдар арасындағы тепе-теңдікті білдіретін “иһрам” деп аталатын қарапайым ақ киім киеді. Осы жолғы қажылардың бірі Ауған азаматы Азаттық радиосына былай деді:

“Мен қасиетті Меккеден шығып, Мина жеріне бара жатырмын. Қажылардың бәрі Мина жазығында жиналып жатыр. Ол жерде мен бес уақыт намазымды оқып Арафат тауына қарай аттанамын”.

Қажылыққа келген мұсылмандар Исламның қасиетті қаласы Меккеден 10 километр жерде орналасқан Мина жазығына барады. Сосын олар Мина жазығында бір түн өткізіп, жұма күні таңертең Арафат тауына көтеріледі. Осында 632-ші жылы Мұхаммед пайғамбар соңғы уағыздарын айтқан болатын. Арафат тауында жиналған мұсылмандардың бәрі осы жерде бір күн болып намазға жығылып Алладан кешірім сұрайды. Бұл – қажылықтың ең маңызды кезеңі деп есептеледі.

Қажылар кейін Мина жазығына қайта оралып малды құрбандыққа шалу арқылы Құрбан айт мерекесін тойлайды. Бұған қоса қажылар шайтанға қарсы тас лақтыру шарасына қатысады. Өткен жылы тас лақтыру шарасында Жамарат көпірінің жанында көп адам қысылып қалғандықтан кемінде 345 қажы құрбан болған еді.

Сауд Арабиясы осындай жағдайларды алдын алу үшін бұл жолы қауіпсіздік шараларын күшейттірді. Хабарларға қарағанда, қажылық рәсімдері орындалатын аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге құқық қорғау органдарының 30 мыңнан астам өкілі жұмылдырылып отыр.

Қажылықты тәмамдау үшін мұсылмандар Қасиетті мешіттің қақ ортасындағы үлкен қара тас Каабаны 7 рет айналуға тиіс. Осы жылы қажылық желтоқсанның 31-де аяқталады. Үйлеріне оралудың алдында қажылардың көбі Мединадағы Мұхаммед пайғамбардың зиратына барады.
XS
SM
MD
LG