Accessibility links

Беслан трагедиясын тексеріп-зерттеу барысындағы түрліше тұжырымдар


2004 жылдың 1 қыркүйегіндегі Беслан мектебіндегі трагедия туралы Ресей парламенті комиссиясының ең соңғы есебі бұдан бұрын жасалған қортындылардан бірқатар айырмашылықтарымен ерекшеленеді.

Федерациялық Кеңес комиссиясының жетекшісі Александр Торшин желтоқсан айының аяқ кезінде 60 мың беттік есеп-баяндаманың жарық көргендігін хабарлады. Бұл есеп парламент комиссиясында жарылғыш заттар бойынша сарапшы болған Юрий Савельевтің тәуелсіз алынған дерек-зерттеулерінен кейін жарияланды. Бұлардың бәрінен бұрын 2005 жылы Кесаевтың есебі жарық көрген еді.

Енді Беслан мектебіндегі қайғылы оқиғаның қалай өріс алғаны жайындағы осы үш зерттеудің өзінде қандай айырмашылықтар бар, сол жөнінде олардан келтірілген үзінділер арқылы салыстырыла отырып жасалған талдаумен таныс болыңыздар.

Солтсүтік Осетия парламенті төрағасының бірінші орынбасары Станислав Кесаевтың зерттеу-тексеру нәтижелері 2005 жылы жарық көрген болатын. Ал ең соңғы есеп Ресейдің Жоғарғы соты 2004 жылы 1 қыркүйекте Беслан мектебін басып алғандардың ішінде тірі қалып, сотқа тартылған жалғыз айыпкер Нұрпашы Кулаевқа шығарылған өмірлік түрме жазасын өз күшінде қалдырған шешімінен бір күн бұрын жария болды. Беслан оқиғасында 330 адам мерт болса, олардың басым көпшілігі мектеп оқушылары болған еді.

Беслан мектебіне шабуыл жасап, оны қоршауға алғандардың саны туралы осы уақытқа дейін түрліше айтылып, ол пікірталасқа айналып келеді. Ресмилердің айтуына қарағанда, мектепке шабуылдап, басып алған бүлікшілер саны 32 болған, олардың арасында тірі қалғаны сол біреу-ақ - сотқа тартылған Кулаев.

Торшиннің есебінде шабуылдаушылардың саны осы айтылғандарға жақындау болғанымен, бірақ оның келтірген саны Савельев пен Кесаевтың есебіндегі келтірілген деректермен сәйкеспейді.

Савельев есебінде мектепке шабуыл жасағандар саны 58-ден76-ға дейін болғандығы айтылады, олардың көбі операция барысында қашып кетті делінген уәж келтіріледі. Кесаевтың есебінде олардың санының 50 болғандығы жазылған. Торшиннің есебінде мектепті басып алуға 34 бүлікші қатысса, олардың 32-і мектеп ішіне кірген делінеді.

Беслан оқиғасын зерттеп-тексерген Федералдық комиссия үш күн бойына бүлікшілер қолында болған мектепте жарылыстар болып, оның от құшағында қалуына сол кепілдікке алушылар кінәлі дейді. Мұның Савельев пен Кесаевтың есебінен айырмашылығы сол, олар мектепті басып алғандардан босатамыз деп шабуыл жасаған Ресейдің арнайы қызмет күштері жарылыстардың шығуына себепкер деп жазады.

Савельев өз есебінің 280 бетін мектептегі бастапқы жарылыстар кімнің қимылынан шықты деген сауалға жауап іздеуге арнаған, нәтижесінде ол Ресей күштерінің әрекеттері бұған себеп болуы мүмкін деген қорытындыға келеді.

Кесаевтың есебінде алғашқы жарылыс Ресей федералдық күштерінің мергені детанатордың үстінде тұрған бүлікшіні көздеп атқан кезде шыққандығы жазылады. Кулаевтың сот процесі барысында да алғашқы жарылыстар қалай және кімнен шықты деген тұрғыда куәгерлер мен сотты жүргізушілер түрліше пікір-ұстаным айтқан болатын. Мектепке шабуыл жасалуына кім жауапты деген бір өзекті сұрақ сол күйінде жауапсыз қалып отыр.

Кесаевтың есебі мектепке шабуылдау Федералдық күштерге берілген бұйрықтан кейін жүзеге асты деп мәлімдейді. Торшиннің есебі болса, басында мектепке шабуыл жасау турасында В.Путин Қауіпсіздік қызметкерлеріне нұсқау берді деп еске салады да, бірақ әрі қарай оның ролінің қандай болғанын келтірмейді.

Федералдық комиссияның есебінде мектепке шабуыл нақты қай кезде басталды деген сауалға жауап барысында басқа екі есепте айтылғаннан айырмашылық бар. Савельевтің есебінде танктермен шабуылдап, минометпен атқылау мектептің ішінде кепілдік тұтқынында отырғандар болған кездің өзінде басталды делінеді. Кесаевтың есебінде де дәл осындай ой айтылған. Ал Федералдық комиссия жетекшісі Торшиннің есебінде мектепті атқылап, оған шабуылдау кепілдік тұтқынындағылар түгел шығарылған соң жасалды деп жазылған.
XS
SM
MD
LG