Accessibility links

Ниязовтың кезінде қателіктер жасалды деген сын Түркіменстанда айтыла басталды


Түркіменстанда 11 ақпанда президент сайланбақ. Президенттікке кандидат ретінде тіркелген алты тұлға сайлау науқандарын осы аптада ресми бастап кетті. Түркіменстанда баламалы президенттік сайлау ешқашан болмаған. Авторитарлық президент Сапармұрад Ниязов өлген соң елдегі жағдай қалай болатыны беймәлім. Сайлауға түсіп отырған тұлғалар халыққа түрлі уәде айтып жатыр.

Науқанның бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, сайлауға алты кандидат түсіп отыр. Екіншіден, алты кандидаттың барлығы баяу айтса да президент Ниязовтың кезінде қателіктерге орын берілді деп сын айтып жатыр. Олар елде жұмыссыздықтың кең етек жайғанын, Түркіменстанның сыртқы әлемнен оқшаулап қалғанын, әлеуметтік проблемалардың асқынғанын мойындап жатыр. Бас кандидат ретінде қарастырылып отырған Гурбанқұлы Бердымұхаммедов, мәселен, өз сөзінде мынандай уәде айтты:

- Жұмыс күштеріне арнап жаңа жұмыс орындарын құру басты мақсатымның бірі болады. Жаңа зауыттар мен фабрикалармен қатар орташа бизнестің, шағын бизнестің жаңа нышандарын құрамыз. Жекешелендіру мәселесіне ерекше назар аударамыз.

Ниязов елдегі саясаттың барлық түрін өзі белгіледі. Кімнің қандай киім кигені жөн деген мәселеден бастап Ниязовтың көсемсөз айтпаған саласы қалмады. Сырттағы талдаушылар Түркіменстан басындағы жұмыссыздық жайында шамалап қана айтатын, басқа экономикалық көрсеткіштерді де біле алмайтын. Түркіменстанға бару қандай қиын болса, түркімен халқы да сырттан еркін ақпарат ала алмайтын, елдегі жағдайды нақты біле алмайтын. Түркіменстандағы жұрт сырттан радио және телевизия хабарларын ала алмайтын, интернет те қатаң бақылау астында. Енді міне Гурбанқұлы Бердымұхаммедов интернетке де жол ашқанымыз жөн дейді. Осыған ұқсас уәделерді басқа да кандидаттар айтып жатыр. Мәселен, мұнай және газ министрінің орынбасары, президентікке кандидат Ишанқұлы Нұриев мұнай өндірісін күшейтемін, әлеуметтік саланы, денсаулық сақтау саласын, білім жүйесін жақсартамын деп айтып жатыр.

Батыс демократиясының тұрғысынан қарағанда Түркіменстанда ел проблемаларының айтыла басталғандарының өзі аз да болса өзгеріс. Түркіменстанда азда болса өзгеріс нышаны пайда болды деп оптимистер айта алады. АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Шон Маккормак Түркіменстандағы жағдай жайында жалпы оптимист болса да, президенттік сайлаудың барысы жайында алаңдаушылығы бар екенін білдіреді:

- Билік ауысуының барысында мұнда еркін, ашық және әділ сайлау өтеді деп үміт білдіргіміз келеді. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Түркіменстан қазір тұрған жерінен әлі ұзақ жол жүру керек.

Түркіменстан президенті сайлау күні 11 ақпанға белгіленді. Міне, сайлауға алты тұлға түсіп отыр. Ал енді олардың бұқара сөздерінде елдің қордаланып қалған проблемалары айтылып жатыр. Осы жайттың өзі біршама белгі беріп отыр. Мәселен, Гурбанқұлы Бердымұхаммедов Ниязовтың кезінде он кластан тоғыз класқа қысқартылған орта білім жүйесін жөндеймін деді. Ол, сол сияқты, былтыр пенсиялары қысқарып қалған азаматтардың істерін қайта қарастыртамын деді, ұн, бензин, тұз сияқты аса қажет заттардың бағаларын төмен ұстап тұрамын деді.
XS
SM
MD
LG