Accessibility links

Ирақ бас министрі Бағдадқа күрд жасақтарын апаруды ұсынды


Ирақ бас министрі Нури Әл-Мәлики Бағдадта қауіпсіздік орнату жөнінде жаңа жоспарын жариялады. Жоспар діни топтардың қақтығыстарын қоздырып отыр деп айыпталатын қарулы топтарды ел астанасынан ығыстыруды көздейді. Бірақ Нури Әл-Мәликидің жоспары қауіпті, діни топтардың текетіресін күшейтуі мүмкін деген сын айтылып жатыр.

Ирақ бас министрі Нури Әл-Мәлики жаңа жоспарын Ирақ әскерінің 86-жылдығы аталған шарада жариялады. Жоспар негізінде Бағдадта Ирақ әскері көбірек орналастырылмақ, оларға күрд жасақтары қосылмақ, көмекке АҚШ жасақтары тартылмақ. Бұдан соң бұл жасақтар Бағдад аудандарын бір-бірден тексеріп, экстремистік топтарды қуып шықпақ. Нури Әл-Мәлики радикалды шиитердің басшысы Мұқтада Әл-Садрға бағынатын жасаққа да соққы берілуіне дайын болуым мүмкін деді. Нури Әл-Мәликидің жоспары сүннит басшылары тарапынан бірден сынға алынды, олар жоспар "конституцияға қайшы" дейді.

Ирақ парламентінің төрағасы Махмұд Әл-Мәшхадани бас министр Өкілдер Кеңесімен ешқашан ақылдасқан емес, жоспар жобасы депутаттардың талқысына түскен жоқ, дауысқа салынбады деп мәлімдеді. "Әл-Шардия" телекомпаниясы 7 қаңтарда жариялағандай, Махмұд Әл-Мәшхадани бас министрге төтенше жағдай заңы берген өкілеттілік таусылған, бас министрдің жоспары заңға қайшы деді. Сүннит саясаткерлері бас министрдің жоспары негізгі нысанаға Бағдадта сүннитер тұратын ауданды алған, шиитер тұратын Садр-сити ауданына назар аудармаған деп сын айтады, "Әл-Заман" газетінің 7 қаңтарда жазғанына қарағанда. "Ұлттық диалог майданының" басшысы Салих Әл-Мұтлақ шииттер басқаратын үкімет жаңа жоспар желеуімен Бағдадты сүнниттерден тазалап алмақ деп сипаттады "Әл-Жәзира" телекомпаниясында 7 қаңтарда сөйлегенінде.

Ирақ бас министрі Нури Әл-Мәликидің Бағдадқа күрд жасақтарын әкелу ұсынысы жайында пікірталас көп. Бағдадқа кейбір күрд батальондары жіберіледі деген қарамақайшы мәліметтер түсті. Күрд аймақтық үкіметінің өкілі "Нью Анатолия" газетіне есімін жарияламай берген мәліметінде күрд жасақтары белгілі шартпен ғана апарылады деді. "Ирақ парламенті ресми сұрау жолдаса ғана, күрд парламенті бұйымтайды қабылдаса ғана жасақтар жолданады" – деді ол. Кейбір күрд ресми өкілдері Бағдадқа күрд жасақтарын апаруға болмайды, бұл ұлтаралық араздықты үлкейте түседі дейді. Яғни алаауыздық араб сүннитері мен араб шиитері арасында орын алып отырса, қақтығысқа енді күрдтер араластырылуы мүмкін, күрдтердің көбі сүннит, олардың араб сүннитеріне қосылып кетулері мүмкін делінеді.

Бас министр Нури Әл-Мәликидің жоспары басқа жақтарынан да сын астына түсіп жатыр. Мәселен, Ирақ жасақтары Бағдад аудандарын рет-ретімен тінтіп шықсын, көтерілісшілір мен қарулы жасақтардың адамдарын осылайша қуып шықсын деген ұсынысты іске асыру барысында адам шығыны болуы мүмкін делінеді. Нури Әл-Мәлики тек араб сүнниттері тарапынан емес, өз жақтаушылары араб шииттері тарапынан да қарсылыққа тап болуы мүмкін делінеді "Азаттық" радиосының талдаушысы Сұмедия Сенанаяқтың талдау мақаласында.
XS
SM
MD
LG