Accessibility links

Бас прокуратура тексеруі нәтижесінде 76 медициналық ұйым қызметі тоқталып, олардың 1000-нан астам қызметкері жұмыстан босатылған


Бас прокуратураның республикада қан құю, дәрі-дәрмек дайындау, донорларды іріктеу, медициналық құралдарды қолдану заңдылығын сақтау бойынша былтырғы жылы жүргізген тексеруі нәтижесінде 76 медициналық ұйымның қызметі тоқтатылып, олардың 1000-нан астам қызметкері жұмысынан босатылды. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Бас прокуратурадан жұма күні хабарлады. Сондай-ақ Бас прокуратураның мәліметтері бойынша республикалық қан құю орталығы мен СПИД-пен күрес және оның алдын-алу орталықтарының басшылары жұмыстарынан кеткен

Былтырғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында сәбилердің ВИЧ-инфекциясын жұқтыру оқиғасынан кейін прокуратура органдары 2006 жылдың қыркүйек пен желтоқсан аралығында қан және оның компоненттерін, дәрі-дәрмектері дайындау және сақтаудың, донорларды іріктеу, медициналық әрекеттер жасаған кездегі медициналық құралдарын қолдану заңдылығын сақтау бойынша жалпы республика бойынша прокурорлық тексеріс жүргізілген болатын. Бұл туралы Бас прокуратура баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлы хабарлады:

- Тексеруге 320 денсаулық сақтау мекемелері қамтылған болатын. Тексеру кезінде көптеген олқылықтардың беті ашылды. Мысалы, медициналық құрал-жабдықтар ескі, инелер бірнеше рет пайдаланылған. Прокуратура кемшіліктерді тауып, солар жөніндегі мәліметтерді үкіметке жолдаған болатын.

Осыған орай үкіметтен кемшіліктерді жою бойынша қабылданған шараларды жария еткен жауап келді деді Бас прокуратураның қызметкері Сәулебек Жәмкенұлы «Азаттық» радиосына:

- Ең алдымен техникалық құрал-жабдықтарды жаңарту үшін қосымша 1 миллиардтан астам теңге қосымша бөлінді. Сондай-ақ, 2007-2009 жылдарда қан құю қызметін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар туралы бағдарлама қабылданды. Сонымен бірге түрлі кемшіліктерге жол берген 76 медициналық ұйымның қызметі тоқтатылып, 1000-нан астам қызметкері жұмыстан босатылды.

Сондай-ақ Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, республикалық қан құю орталығы мен СПИД-пен күрес және оның алдын-алу орталықтарының басшылары жұмыстарынан босатылған. Бұл ретте жұма күні республикалық СПИД-пен күрес орталығының директоры Мәриям Хасановаға хабарласқанымызда ол өзінің әзірге ешқандай түсіндірме бермейтіндігін айтты:

- Мен қазір Астанада, министрліктемін. Қазір түсіндірме бере алмаймын.

Бас Прокуратура қызметкері Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, тексеру нәтижесінде 30 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бірқатар медицина қызметкерлері мен емдеу мекеме басшылары жауапқа тартылған:

- Оның ішінде «өз қызметіне салақтықпен қарау», «медицина құралдарын алмастыруға бөлінген қаржыны жымқыру» сияқты фактілер бар. Барлығы 30 қылмыстық іс қозғалып отыр. Бұл Шымкентте қозғалған істен басқа.

Бұл уақытта «Балаларды СПИД-тен қорғау!» қорының басшысы Сағадат Масауров арнайы қоғамдық комиссия құрып, Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарын аралап, былтырғы жылы ауруханадан ВИЧ-инфекциясын жұқтырған балалардың ата-аналарының үйлерін аралап, арыз-шағымдарын қарап жүргенін жеткізді:

- Қыс кезінде жиі шақыра бермесін, балаларды суықтатып ауыртып алмайық. Дәрі-дәрмек уақытында жеткізіліп тұрса... Үй-жағдайын шешуге көмектессе деген ұсыныспен шыққанбыз. Соған орай ата-аналардың үй-жағдайын, балалардың денсаулығын тексеріп жүрміз.

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясын жұқтырған балалардың жалпы саны 87-ге жетті. Осы уақытқа дейін олардың 8-і түрлі сырқаттардан көз жұмса, 1-еуі шетелдік отбасының асырауына берілген. Бұл сәбилер былтырғы жылы ауруханадан қатерлі дерт жұқтырған деген күдік айтылып отыр. Бас прокуратура мәліметтері бойынша, бұл келеңсіздікке медициналық қызметкерлердің салақтығы себеп болған. Қазір бұл іс бойынша 21 адамға айып тағылып, олардың ісі сотқа берілген.
XS
SM
MD
LG