Accessibility links

Прокурор соттан журналист Қазиз Тоғызбаевты үш жылға бас еркінен айыруды сұрады


Қаңтардың 16-күнгі сот отырысында прокурор сот төрағасынан айыпталушы Қазиз Тоғызбаевты үш жылға бас бостандығынан айыруын сұрады. Қорғаушылар болса мемлекеттік айыптаушының талабына қарсы уәж айтты. Қазақстанда шығатын «Азат» тәуелсіз газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаев «Президенттің ар-намысына нұқсан келтірген» деген айыппен сотқа тартылып отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шағымы негізінде қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот процесі мемлекеттік айыптаушы мен жақтаушыларды өзара сөз жарыстыруына келіп жетті. Заң ережелеріне сәйкес бірінші болып сөз алған прокурор Назаренко сот төрешісінен журналист Қазиз Тоғызбаевтың ел Президентінің ар-намысына нұқсан келтіргені үшін айыпты деп танылуын сұрады.

- Соттан Қазиз Тоғызбаевты Қылмыс Кодексінің 318-ші бабының екінші тармағы бойынша айыпты деп тауып, жалпыға ортақ режимдегі түрмеде 3 жыл бойы бас бостандығынан айыруын, айыпталушыны сот залында тұтқындауын сұраймын. Прокурордың талабы қанағаттандыруға жатады деп есептеймін. Айыпталушы Тоғызбаевтан мемлекет қазынасына 48 мың теңге көлемінде пұл өндірілуін сұраймын, - деді прокурор Назаренко.

Алайда, айыпталушының жақтаушысы Мұстахим Төлеев прокурор талап қою барысында заң аясынан щығып кетті деп отыр.

- Прокурор айыпталушының қылмысын ауырлататын жағдайлар бар деп, жасанды дерек келтірді. Ал ҚР Қылмыс кодексінің сөз болып отырған 318-бабында прокурор келтірген белгілер жоқ, - деді адвокат Мұстахим Төлеев.

Ал Қазиз Тоғызбаевтың қоғамдық жақтаушысы, «Журналистер апатта» халықаралық ұйымының төрағасы Розлана Таукина болса сөз болып отырған істің саяси астары бар екендігін айтты.

- Сот барысында Тоғызбавқа қарсы қозғалған істің саяси реңі бар екендігін байқадым. Тоғызбаевтың мысалы ретінде Қазақстандағы барлық журналистерге билікті және Президент Н. Назарбаевты сынауға тиым салғылары келеді. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын журналист Сергей Дувановқа қарсы дәл осыған ұқсас сот болып, Қазақстанда «Қазақгейт» тақырыбы жабылған болатын. Біздің пікірімізше, осы сот процесінің мақсаты – Қазақстандағы саяси астары бар өлімдер туралы тақырыпты тұншықтырып, ол бойынша дербес зерттеулер жүргізіп жүрген журналистердің аузын тұмшалау, - деді Розлана Таукина.

Сонымен қатар, айыпталушының жақтаушылары Тоғызбаевқа қарсы қозғалған қылмыстық тергеу процесінің заңға қайшы тұстары көп екендігін алға тартып отыр. Айыпталушының тағы бір қоғамдық қорғаушысы, әзірге тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожақмет сот барысында анықталған осындай қайшылықтарды еске сала отырып, тергеу процесін жүргізгендердің біразы заң алдында жауап берсе деген талапты сот төрағасының назарына ұсынды.

Сөз жарыстырулар аяқталған соң сот төрағасы Рускова айыпталушы Қазиз Тоғызбаевқа соттағы ақтық сөзін айтуға рұқсат берді.

- Прокурордың қаулысының мәнін түсінбеймін – дәл сот залынан қолыма кісен салып әкететіндей мен қандай құбыжық болғаным?! Менің түсінуімше, оның астарында заңнан көрі саясат жатыр. Жалпы, осы сот барысында менің негізгі тезистерім мен шығармаларымның мәні жоққа шығарылған жоқ. Керісінше оның дұрыстығы дәлілденді. Бұл – мен үшін осы сот процесінің басты нәтижесі, - деді айыпталушы Қазиз Тоғызбаев.

Осыдан соң сот төрағасы Русакова журналист Қазиз Тоғызбаевқа қатысты сот шешімі қаңтардың 19-күні шығарылатындығын жариялады.

Айыпталушы Қазиз Тоғызбаевтың өзі сот шешімі қатал болады деп есептейді. Ал оның адвокаты Мұстахим Төлеев болса соңғы шешім прокурор талабынан жұмсақ болатындығына сенім білдіріп отыр.

- Прокурордың талабы түгелімен орындалады демесек те, кем дегенде алты ай жаза берілуі ғажап емес.

«Президенттің ар-намысына нұқсан келтірген» деген айыппен өткен жылы ғана істі болған Жасарал Қуанышәлінің пікірінше, саяси астары жоқ сот Тоғызбаевты ақтап шығуы тиіс.

- Саяси тапсырысқа алаңдамайтын сот ақтау шешімін шығаруы тиіс деп ойлаймын, - дейді Жасарал Қуанышәлі.

Бұған дейін қорғаныс саласында қызмет істеген отставкадағы полковник Қазиз Тоғызбаевқа қарсы сот процесі 2006 жылғы қарашаның 23-күні басталған болатын.
XS
SM
MD
LG