Accessibility links

Қазақстанның Даму банкінің жұмысына халықаралық сарапшылар жоғары баға берді


Халықаралық Euromoney қаржы басылымы Қазақстан Даму Банкін корпоративтік басқару әдісі бойынша Орталық және Шығыс Еуропадағы ең үздік деп таныды. Бұл туралы «Азаттық» радиосына Қазақстан Даму Банкінің баспасөз хатшысы Морис Абдуллин хабарлады. Қазақстан Даму Банкінің қаржылық қоры 2 миллиард АҚШ долларымен бағаланады.

Қазақстан Даму Банкінің баспасөз хатшысы Морис Абдуллиннің айтуынша, халықаралық Euromoney басылымының сыйлығы банк басшылығына қаңтардың 17-күні Австрия астанасы Вена қаласында өткен салтанатты жиында табыс етілген.

- Халықаралық беделді қаржы басылымының сарапшылары бұл сыйлықтың Қазақстан Даму Банкіне корпоративтік басқару әдісіндегі жетістіктері үшін берілгендігін айтты. Бұл жағынан Қазақстан Даму Банкі Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі банктер арасында үздік атанып отыр. Біз бұл сыйлықты банктің құрылымына 2006 жылы жүргізілген өзгертулердің нәтижесі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар, бұл жағдай Қазақстан Даму Банкінің қаржы секторындағы мәртебесі жылдан жылға өсіп келе жатқандығының белгісі, - дейді Морис Абдуллин.

Банктің қазіргі инвестициялық қаржы қоры 2 миллиард АҚШ долларына жеткен. Қазақстан Даму Банкі республикадағы шикізатты өңдеу және инфрақұрылымды дамыту салаларын инвестициялаумен айналысып келеді. Аталған банк 2006 жылы инфрақұрылымды дамыту жобаларына 400 миллион долллар қаржы көлемінде несие берді дейді Қазақстан Даму Банкінің баспасөз хатшысы Морис Абдуллин.

- 2006 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Даму Банкі бірқатар ірі келісім-шарттарға отырды. Атап айтар болсақ, химиялық минералдар дайындайтын ірі зауыт салу мен химиялық талшықтар дайындайтын өндірісті іске қосуға қаржы аударды. Мұның барлығы экономиканы диверсификациялауға қажетті маңызды инфрақұрылымдық жобалар.

Алайда, экономист Қанат Берентаев болса Қазақстан Даму Банкін республикадағы ең жабық банктердің біріне жатқызып отыр.

- Қазақстандағы қаржы саласы - ТМД мемлекеттері арасында алда келеді. Әртүрлі халықаралық жүлделердің өзі соны айғақтаса керек. Қазақстандағы банк жүйесінің діңгегі әу бастан дұрыс қаланған болатын. Оның үстіне қаржы саласында еңбек етіп жүрген менеджерлердің көбі батыста білім алып қайтқандар. Ал енді Қазақстан Даму Банкі ірі инвестициялық жобалармен жұмыс істейтіндігін білемін. Менің пікірімше, Қазақстан Даму Банкі елдегі ең жабық банктердің біріне жатады, - деді экономист Қанат Берентаев.

Қазақстан Даму Банкі республикадағы индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде 2001 жылы құрылған болатын.
XS
SM
MD
LG