Accessibility links

Холокосты жоққа шығарушылыққа қарсы БҰҰ-ның қарарына Иранның қосылмауы сынға ұшырады


29-шы қаңтардағы БҰҰ-ның халықаралық күні Холокост қырғыны құрбандарын еске алумен аталып өтті. Халықаралық ұйым фашизм тұсында құрбан болған миллондаған еврей ұлтының өкілдерін ұмытпай, еске алып отыру арқылы осындай қырғындардың жаңадан болуына жол бермеуге болады дейді.

Мұның алдында жұма күні Бас Ассамблея Холокост құрбандарын жоққа шығарушылыққа тойтарыс беретін қарар қабылдаған болатын. Аталған қарарды қабылдауға Ассамблеяға мүше барлық елдер жақтап дауыс берсе, тек Иран ғана қалыс қалды. Иранның мұндай бағыт ұстануы сынға алынуда.

Холокост қырғыны болған жоқ деп, оны жоққа шығарушыларды айыптау турасындағы шешімге Иранның қосылмауы БҰҰ-да жыл сайынғы осы Холокост қырғыны құрбандарын еске алатын халықаралық күнді атап өту барысында көп сынға ұшырады.

Ондай сындардың басым көпшілігі Австрияның қолдауымен өткен "Адам хұқтары және Холокосты жоққа шығарушылық" деген тақырыптағы дөңгелек стол талқылауларында айтылды.

Талқылауға қатысушылар қазіргі уақытта антисемиттік пиғылдың кең етек алып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, мұндай көңіл-күйдің өсуіне Иран президенті Махмұд Ахмединежад өзіндік үлес қосып, ықпал етуде деп атап көрсеткен.

Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Хельсинки комиссиясының төрағасы, АҚШ конгресмені Алси Хастингс бір жылға жетпейтін уақыт ішінде Техран Холокост мәселесін көтерген екі бірдей конференция өткізді деп атап өтті.

«Президент Махмұд Ахмединежад антисемитизмге қатысты өзінің екінші жағымсыз конференциясын өткізу ниетін жариялаған соң, халықаралық қауымдастық оған қарсы бір кісідей бар дауыспен үн қосты. Және АҚШ Конгресінде өткен желтоқсан айында қалған бірнеше сағаттар ішінде мен Конгрестің өкілдер палатасын Иранның мұндай конференция өткізу турасындағы міндеттемесін айыптауға бірауыздан дауыс беруге шақырып, оны жүзеге асырғанымызды мақтан ете аламын».

Иран президенті Ахмединежад Холокост ойдан шығарылған аңыз деп суреттеген болатын. Ол сондай-ақ Израилды карта бетінен өшіріп, жоқ қылуға шақырған еді.

Хастингс Махмұд Ахмединежадтың Екінші дүниежүзілік соғыс барысында еврейлер жаппай өлтіріліп, қырғынға ұшыраған Европа жеріндегі концлагерлерді өз көзімен көргенін қалар едім деп, ол Иран президентін Холокосттан аман қалғандармен кездесіп, сөйлесуге шақырған.

БҰҰ-дағы Германия елшісі Томас Матуссек өз елінің Холокосты жоққа шығарушыларды айыптап, ондай әрекетке барғандарға қарсы прокуратураның іс қозғайтындығын айтқан. Елші Матуссек Ахмединежадтың Израил мен Холокост туралы айтқандарын алғашқы болып айыптағандардың бірі Германия болды деген.

«Біз президент Ахмединежадтың мәлімдеулері миға сыймайтындығын бірден айттық. Біз Иранмен барлық дипломатиялық жолмен сөйлесіп, нені қабылдауға болады, нені қабылдауға болмайды деген жайттарды талқылаймыз. Бүгін де, болашақта да біз Холокосты жоққа шығару мен оған басқаша баға берушілік әрекеттердің жолын кесіп, Израилдың хұқына күмән келтірушілікке қарсы боламыз», - деді елші Матуссек.

Матуссек Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін өмірге келген өз замандастары Холокост үшін айыпты емес, бірақ жалпы Германияда ол үшін жауапкершілік сезімі кең тараған дейді.

Осы талқылауға қатысушылардың тағы бірі, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның геноцидтің алдын алу жөніндегі кеңесшісі Жюн Мендез өз елі Аргентинаның Иранмен шешімі өзгеше бір іске қатысты дегенді айтты:

«Президент Ахмединежад Аргентинаның әділет ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеуден бас тартқаны үшін айыптауға лайықты, ол іс 1994 жылы 83 адамның өліміне душар еткен Аргентинадағы еврей қауымдастығына жасалған шабуылға байланысты күдіктелген ирандықтарға қатысты тергеу жүргізу туралы еді. Бұл ретте Аргентинаның тиісті орындары халықаралық қауымдастықпен бірге Иран үкіметінен ынтымақтастық талап етуі мақтауға тұрарлық».

Талқылауға қатысушылар Холокосты жоққа шығаруға тырысу әрекеттерінің көптеген жаман әсер-ықпалы болды дейді. Оның бірқатарын айтсақ, еврей ұлтына қарсы арандатушылық, жеккөрушілік етек алды, діни және расистік жайлар орын алды.
XS
SM
MD
LG