Accessibility links

Өзбекстандық құқық қорғаушы белсенділер қуғындалып жатыр.


Өзбекстандық адам құқығын қорғаушы екі белсенді заң алдында жауапқа тартылу алдында тұр. Құқық қорғаушы белсенді әрі тәуелсіз журналист Умида Ниязова Өзбекстанға заңсыз кіргені үшін және тыйым салынған Исламшыл топтардың насихат қағаздарын өзінде сақтаған деген күдікпен қамауға алынған. Сонымен қатар, өзбекстандық құқық қорғаушы белсенді Жахонгир Шосалимовтің Өзбекстанның Конституциялық сотын сынаған мақаласынан кейін оның әйелін полиция ұстаған.

Өзбекстандық құқық қорғаушы белсенді әрі президенттіктен үміткер Жахонгир Шосалимов әйелі сәрсенбі күні қамауға алынған соң өзінің бейсенбі күнге белгіленген баспасөз мәслихатын кейінге қалдырды.

Шосалимов мұндай поблемаларға тап болып отырған жалғыз құқық қорғаушы емес. Сол сияқты, тәуелсіз журналист Умида Ниязова 2005 жылы үкіметтік күштер басып тастаған Әндіжан көтерілісін көзі көргендерден сұхбат алу үшін көрші Қырғызстанға барған соң ұсталған.

Ниязова сонымен қатар тыйым салынған діни ұйыммен байланысты деген күдікпен жауапқа тартылуы мүмкін.

Ал, құқық қорғаушы Шосалимов болса осы аптада Өзбекстанның Конституциялық сотын қоғамның қатысуынсыз президенттік сайлаудың мерзімін белгілеп, өз құқығына нұқсан келтіргенін жазған болатын.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың заң жүзінде президенттік мерзімі 22-ші қаңтарда аяқталған. Конституцияға сәйкес оның екінші әрі соңғы жетінші жыл президенттік мерзімі аяқталып отыр. Бірақ, Констиуциялық сот 2002 жылғы референдумдағы өзгерістер негізінде, президенттік сайлауды желтоқсан айында өткізілуі мүмкін деді. Шосалимовтың сөзіне қарағанда, халықтың ешбір қатысуынсыз жасалған соттың шешімі, Конституцияның 32-ші бабында көрсетілгендей, азаматтардың саяси процеске қатысу құқын бұзып отыр. Сөйтіп, ол Конституциялық соттың сейсенбі күнгі жариялаған шешімін неліктен сынайтыны туралы бейсенбі күні баспасөз мәслихатында талқыламақшы болған.

Бірақ, Өзбек билігі одан бір күн алдын алып, оның әйелін қамауға алды. Бұл тұрғыда Өзбек билігі тарапынан бірнеше мәрте қуғындалған белгілі құқық қорғаушы Елена Урлаеваның сәрсенбі күні былай деді:

“Бүгін шамамен бір сағат бұрын тағы бір белсенділер біздің кеңсемізге телефон шалып, Жахонгир Шосалимовтың үйіне баса-көктеп кіріп, оның әйелін үйінен күштеп алып кеткенін айтты”.

Шосалимов өзінің әйелін бүкіл Ташкенттен іздегені жөнінде «Азаттық» радиосының Өзбек қызметіне былай деген еді:

“Бүгін сағат таңғы 11-де, Уч-Теппе ауданындағы антитеррористік бөлімше басшысы Замон Рузиев менің әйелімді жақын полиция бекетіне әкетіп, одан олар оны көлікпен басқа жерге алып кеткен. Мен оның қайда екенін таппадым, мен оны іздеп бірнеше полиция бекетінде болдым”.

Кейінірек “Uznews.uz” вебсайты, Урлаеваның сөздерін келтіре отырып, Жахонгир Шосалимов ақырында өзінің әйелін бір полиция бекетінен тауып, полиция одан жоспарланған баспасөз мәслихатын өткізбесе, әйеліне бостандық беретіні туралы айтқан дегенді жазды. Урлаеваның сөзіне қарағанда, Шосалимовтың отбасы қысым көріп жатыр.

Ал, Умида Ниязова желтоқсан айының соңында 2005 жылы үкіметтік күштер басып тастаған Әндіжан көтерілісі туралы оқиғаны көргендерден сұхбат алу үшін Қырғызстанға барып, Өзбекстанға оралған кезінде қамауға алынды. Тәуелсіз журналист Ниязова ол куәгерлермен сұхбатты компьютерінде сақтаған. Сұхбат берушілердің қатарында, Өзбек билігі Әндіжандағы көтерілістің артында тұрды деп айтып жүрген, тыйым салынған діни ұйым “Акромия” мүшелерінің туыстары да бар. Кейінірек Ниязова қамаудан босатылды. Бірақ, билік өкілдері оның компьютері мен дискілерін алып қалған еді.

Қаңтар айының соңында Умида жоғалып кеткен. Ол жөнінде АҚШ-та орналасқан “Human Rights Watch” адам құқықтарын қорғау ұйымының өкілі Андреа Берг «Азаттық» радиосының Өзбек қызметіне берген сұхбатында былай деді:

“Біз Умида Ниязованың жағдайы туралы өте алаңдап отырмыз. Қазір біз оның қайда екенін білмей отырғанымызға төртінші күн болды, отбасы да және оның адвокаты да оның қайда екенін білмей отыр. Біз оны Ішкі Істер министрлігі немесе ұлттық қауіпсіздік министрлігі ұстап немесе біреулер ұрлап әкетіп отыр ма деп қорқып отырмыз”.

Умида Ниязова шындығында тағы қамауға алынған. «Азаттықтың» Өзбек қызметіне берген қысқаша сұхбатында ол:

“Тергеу жүріп жатыр, бәлкім олар мені қамауда ұстайтын болар. Жарайды, біз енді не болатынын көреміз. Менің мұнда ұзақ сөйлесуіме болмайды екен”.

Осы аптада Өзбек билігі Ниязоваға қарсы айыптарды дайындай бастады. Оның адвокаты Аброр Юсупов тағылып отырған күдіктер туралы айтқанда, оған Акромия діни ұйымымен байланыс құрды деген айып тағылды деген.

Жалпы Өзбекстанда құқық қорғаушы болу ешқашан оңай болған емес, дегенмен, осы жыл президенттік сайлаулар өтетіндіктен, Ниязова мен Шосалимовтардың жағдайы сияқты мысалдар әлі қайталануы мүмкін екенін айтады талдаушылар.
XS
SM
MD
LG