Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.03.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Украинадағы Қазақстан жылы ресми түрде жарияланғандығына мән беріпті. Сонымен қатар, газеттердің бірінде Ресейдің Омск аумағына жауған сары қар Қазақстан жақтан барған деген болжам жасалғандығы жазылса, тағы бір газетте Қазақстандық шекарашылар оң жақ рөлді ресейлік көліктерді өткізбей жатқандығы айтылыпты.

Ақпанның 2-күні Киев қаласында Украинадағы Қазақстан жылы ресми түрде ашылғандығы туралы «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазыпты: «Биылғы 2007 жыл екі елдің өзара келісіміне орай Қазақстанның Украинадағы жылы деп жарияланды. Оның маңызы ерекше. Ең бастысы, Қазақстан мен Украина арасында экономикалық, мәдени-гуманитарлық жағынан тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік туады. Елдердің ғылым, мәдениет пен өнер салаларындағы қарым-қатынастары қайта орнығып, барыс-келістері көбейеді». Сонымен қатар, мақала авторы Украинадағы Қазақстан жылында өткізілетін мәдени, тағы да басқа шаралар екі елдің ынтымақтастығын тереңдетіп, жаңа белеске көтереді деп есептейді. «Өйткені, ондаған жылдардан бері Қазақстан мен Украина арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар түрлі себептермен үзіліп қалған болатын» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада.

Киевтегі кездесулер барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина Президенті Виктор Ющенко екі ел арасындағы бірқатар маңызды құжаттар қабылдағандығы «Айқын» газетінде жазылыпты. «Екі Президенттің кездесулерінен кейін екі жақты қарым-қатынастағы барлық іс-қимылдар қамтылған «Қазақстан-Украина» 2007-2008 жылдардағы іс-жоспарына» қол қойылды. Алдағы уақытта салалық делегациялар осы құжат төңірегінде жұмыс жасайтын болады» делінген мақалада. «Келіссөздегі ең басты тақырып, әрине, энергетика ресурстары төңірегінде болды. Өз кезегінде Украина Қазақстанды энергетика саласы бойынша инвестициялық жобалармен қызықтырмақшы. Бұл жолы Қазақстан тарапы Одесса мен Керчте қосымша мұнай терминалдарын салу жөнінде мүдде танытты. Одесса-Броды-Плоцк бағытындағы мұнай құбырының құрылысын салу жұмысын жандандыруға келісті» деп жазды «Айқын» газеті.

Украинада Қазақстан жылының жариялануы екі елдің экономикасына не береді деген сауалға «Литер» газеті жауап іздепті. «Саясаттанушы Болат Сұлтановтың пікірінше, баспасөз беттерінде антиукраиналық насихат күшейгендігіне қарамастан Украина – ТМД-дағы ең маңызды мемлекеттердің бірі». - Ғарыш саласын игеру, машина жасау және энергетика саласында Қазақстанның Украинадан үйренері көп, деп жауап беріпті Болат Сұлтанов «Литер» газетінің сауалына.

Бұл уақытта Ресейдің ғалымдары Омск аумағына жауған сары қар Қазақстан жақтан келген деген болжам жасағандығы туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жазылыпты. «Ресейдің Омск облысының тұрғындары сарғылт түсті қардың жауғандығына қатты алаңдаушылық танытқан болатын. Мұндай қар қайдан пайда болғандығын зерттеген мамандар қардың сарғылт тартуына Қазақстан аумағындағы өндіріс қалдықтары әсер еткен болуы мүмкін деген болжам келтірген. Алайда Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментіндегілер сары қардың Қазақстан аумағында тіркелмегендігін айтуда. Олардың пікірінше, Омск аумағына мұндай қар Томск аймағынан барған болуы мүмкін» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал қазақстандық шекаршылар ресейлік оң жақ рөлді көліктерді жібермей жатқандығы туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «2007 жылғы қаңтардың 29-нан бастап оң жақ рөлді көліктерді Қазақстан аумағына кіргізбеу туралы Үкімет қаулысы күшіне енген болатын. Енді көршілес Ресейдің азаматтары Қазақстан аумағына рөлі оң жағында орналасқан көліктерімен кіре алмай отыр. Павлодар облыстық кеден бақылауы департаментіндегілердің айтуынша, мұндай көліктерді өткізбеу заңды тұлғаларға қатысты болып отыр, ал Кеден кодексінде жеке тұлғалар үшін жеңілдетілген тәртіп қарастылған. Алайда заңдардағы ережелерді кеден бекетіндегілер өз білгендері бойынша қарастыруда. Өйткені Қаржы министрлігінің кеден бақылауы жөніндегі комитеті нақты нұсқасын жасамаған» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG