Accessibility links

Журналистерді Қорғау Комитеті: 2006-да көптеген журналистке зорлық жасалды, қысас көрсетілді


Нью Йоркта орналасқан Журналистерді Қорғау Комитеті атты ұйым дүйсенбі күні жария еткен жылдық есебінде өткен 2006-шы жылы әлемде 55 журналист өлтірілгенін хабарлады. Бұлардың көпшілігі – 32 журналист – Ирақта құрбан болған. Олардың 30-ы ирақтық журналист болған. Алайда, журналистер тек Ирақта ғана өлтірілмеген. Журналистер құрбан болмаған елдердің өзінде оларға халыққа ақпар жеткізу әрекеті барысында түрлі қысым, бөгесіндер жасалған. «Азаттық» радиосы Журналистерді Қорғау Комитетінің атқарушы директоры Джоэл Симонмен «Азаттық» радиосы хабар тарататын кей елдердегі баспасөздің жағдайы жөнінде сұхбат өткізген еді.

«Азаттық радиосы»:

- Совет Одағы ыдырағаннан кейін Батыс елдері Орта Азиядағы декомратиялық өзгерістерге ерекше үміт артып еді. Бұл аймақта 2006 жылғы баспасөздің жағдайы қандай болды?

Джоэл Симон:

- Орта Азиядағы ақпарат тапшылығы, өкінішке қарай, барған сайын артып келеді. Осыдан сәл ғана бұрын Түркменістан "қарақұрдым" боп тұрған еді. Өткен жылы Журналистерді Қорғау Комитеті бұл елді әлемдегі цензурасы ең қатал он елдің бірі ретінде атаған еді. Енді міне Өзбекстан да сол бағытта шапшаң жылжып барады. Әндіжан қырғынынан кейін басталған қудалау науқаны салдарынан Өзбекстан қандай да бір ақпаратты табу ерекше қиын елдердің біріне айналды. Елде болған тәуелсіз ақпарат құралдары таратылды, шетке кетуге мәжбүр болды. Сайып келгенде, Орта Азияда шектеу шаралары күшейіп келеді. Біз бұған ерекше алаңдап отырмыз.

«Азаттық» радиосы:

- Нақтырақ болсаңыз, мәселен, Қазақстанның экономикасы дамып келеді, Қырғызстанда демократиялық көтерілістен кейін үкімет өзгерді, осы екі ел жөнінде не дер едіңіз?

Джоэл Симон:

- Қазақстанның экономикалық дамуды бастан кешіріп жатқаны рас, мұнда не болып жатқанын хабарлаудың кей мүмкіндіктері бар, алайда мұнда баспасөзге айтарлықтай шектеу шаралары қойылған. Қырғызстанда болса, демократиялық көтерілістің нәтижесінде баспасөз еркінірек болады деген үміт тек жарым-жартылай ғана ақталды.

«Азаттық» радиосы:

- Демократиялық көтерілістер Украина мен Грузияда да болды. Бұл екі елдегі баспасөздің жағдайы қалай дамып отыр?

Джоэл Симон:

- Бұл үш ел – Қырғызстан, Украина, Грузиядағы баспасөз еркінірек, күштірек, ашығырақ. Алайда, демократиялық революция нәтижесінде мұндағы баспасөз еш шектеусіз әрекет етеді деген түсінік қалыптасқан, бұл шындыққа келмейді. Әр елде бөгесіндер әртүрлі. Менің ойымша, Грузия мен Украинада Қырғызстанға қарағанда көбірек реформалар жүзеге асырылған. Алайда, бұл үш елде де үкіметтің баспасөзді қадағалауына жол бермейтін реформалардың ауылы әлі алыс.

«Азаттық» радиосы:

- Өткен жылы Беларусьтағы баспасөздің жағдайы өзгерді ме?

Джоэл Симон:

- Айтарлықтай өзгерген жоқ. Өкінішке қарай, Беларусьтан көп ақпар жоқ. Ақпарат мәселесіне келгенде Беларусь тағы бір "қарақұрдым" боп табылады. 2006-ның қаңтарында, сондағы сайлаулардың қарсаңында, біз Беларусьқа өз тобымызды жібердік. Сондағы шектеулердің салдарынан біз Беларусьта баспасөз мәслихатын да өткізе алмадық.
XS
SM
MD
LG