Accessibility links

Халықаралық адам құқығы бойынша Хельсинки федерациясы Қазақстандағы «Кришна санасы» қоғамына қатысты алаңдаушылығын білдіріп отыр


Адам құқығы бойынша халықаралық Хельсинки федерациясы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы өкілдіктері басшыларына Қазақстандағы "Кришна санасы" қоғамы діни бірлестігінің басындағы жағдайға алаңдаушылық танытып, ашық хат жолдады. Онда олар Қазақстан үкіметін Қазақстанда діни еркіндік талаптарын сақтауға шақырды. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина сейсенбі күні мәлімдеді. Ал Алматы облысы Қарасай ауданы әкімшілігі "Кришна санасы" қоғамының діни негізде қудаланып отырмағанын, керісінше, діни бірлестік өкілдерінің сол жердегі басқа жергілікті тұрғындарға қатысты қысымшылық көрсеткенін айтады.

Ақпанның 1-і күні халықаралық адам құқығы бойынша Хельсинки федерациясының атқарушы директоры Аарон Роде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйым өкілдіктері басшыларына ашық хат жолдаған болатын. Онда адам құқығы бойынша Хельсинки федерациясы «кришнаиттерге» қатысты барлық оқиғалар діни қудалау сипатын алып отыр дегенге сенімін білдіреді дейді Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина.

«Ал оларды қудалау құралы – экономикалық екендігі айтылған. Сонымен бірге қаңтардың 30-ы күні «кришнаиттер» тұратын жерге қатысты шыққан сот шешімі жөнінде баяндалады», - деді адам құқығын қорғаушы Фокина.

Биылғы қаңтардың 30-ы күні Алматы облысы Қарасай ауданы соты «Кришна санасы» қоғамы өкілінің қатысуынсыз діни бірлестік орналасқан жер заңсыз алынған деп, сырттай шешім шығарған. Халықаралық адам құқығы бойынша Хельсинки федерациясы ашық хатында «бұл мәселе жеке меншік құқығынан гөрі Қазақстан тұрғындарының өз діни наным-сенім еркіндігіне қатысы бар екендігі айқын» деп көрсеткен. Ал сотқа арызданушы Қарасай аудандық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің өз аты-жөнін жарияламауды сұраған жауапты қызметкері ақпанның 6-сы күні «Азаттық» радиосына «Кришна санасы» қоғамының жерді заңсыз алып, оны рәсімдеуде заң бұзушылыққа барғанын айтады. Ал халықаралық адам құқығы бойынша Хельсинки федерациясының діни қудалаушылық туралы айтқаны негізсіз дейді Қарасай аудандық әкімшілік қызметкері:

«Мүлдем бос сөз! Бұл – біріншіден. Екіншіден, осы «діни» дегеннің өзі дұрыс нәрсе емес. Себебі, Қазақстанда теолог мамандар арнайы дайындалмаған. Онда неліктен мына Әділет министрлігі діни ұйымдарды оңды-солды тіркейді?! Діни ұйымдарды бірнеше мәрте мамандардың сараптамасынан кейін ғана тіркеу қажет қой?! «Кришна санасы» дегеніңіз дәстүрлі емес дін ғой?! Шын мәнісінде бізде конфессия дегеннің атын жамылған өңкей секталар қаптаған».

Егер Қазақстан шынайы діни еркіндіктің, адам құқығының елде сақталатындығын көрсетсе, елдегі барлық діндерге тең қарап, бізді қудалауын доғарар еді дейді «Кришна санасы» қоғамы діни бірлестігінің баспасөз-хатшысы Максим Варфоломеев. Ол халықаралық Хельсинки федерациясының мәлімдемесі толық шындыққа сай келеді деп отыр.

«Бұл хат – сынау хаты емес, одан гөрі конструктивті іс-әрекетке шақыру хаты. Біздің жағдайымызды Қазақстанда барлық принциптер сақталатындығын барлық әлемге паш ету мүмкіндігі ретінде пайдалануға болар еді.Ал біз көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз: бізге тыныш өмір сүруімізге мүмкіндік берсе, үйлері құлатылғандарға өтемақы берсе. Өйткені, бұл адамдар мемлекетке де, қоғамға да ешқандай қауіп тудырмайды. Керісінше, олар мемлекетке де, адамдарға да көмектескілері келеді», - дейді «Кришна санасы» қоғамы діни бірлестігінің өкілі Максим Варфоломеев.

Дегенмен, оның айтуынша, қазір сот шешіміне сай осы діни бірлестікке қарасты 5 саяжай құлатылу алдында тұр. Егер олар құлатылса, онда тұратын оншақты адам баспанасыз қалмақ. Бұған дейін былтырғы жылдың қараша айының 21-і күні Кришна дінін ұстанушылар тұратын 13 саяжайдың құлатылуы салдарынан 40-қа жуық адам баспанасыз қалған болатын.
XS
SM
MD
LG