Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.07.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бішкектегі саммиті қарсаңында террактілер болуы мүмкін екендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер ТМД аумағында интеграция процестері дамымай жатқандығына мән беріпті.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылған 15 жылдың ішінде ұйым арасындағы интеграция дамусыз қалғандығы туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «Постиндустриалдық қоғамды зерттеу орталығының басшысы Владислав Иноземцевтің пікірінше, ТМД ұйымы құрылғалы бері интеграцияны дамыту емес, дезинтеграцияны тежеу рөлін атқарып келді. Соңғы 15 жылдың ішінде аталған ұйым аумағында жаңа саяси тәжірибе түзудің сәті түспей келеді дейді Владислав Иноземцев. Сонымен қатар, мамандар ТМД ұйымы алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыра беретіндігіне сенімді. ТМД-ға тән тағы бір мәселе – ұйымға мүше мемлекеттер арасында үйлестіруші қызметтің жетіспеушілігі. Мәселен, қазақстандық электр энергиясын өндірушілер екі мемлекет арасындағы кеден тарифтерінің сәйкессіздігіне байланысты Ресейге өз өнімдерін шығара алмай отыр» деп жазды «Литер».

Ал «Аргументы и факты: Казахстан» газеті болса Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының әріптестігі неге тежелді деген сұраққа жауап іздепті. «Қазақстандағы стратегиялық зерттеулер институтының бас маманы Мұрат Лаумулиннің пікірінше, аймақтық кәсіпкерлер өз аумағына бәсекелесті жіберуге мүдделі емес. Бизнес екі жақты интеграцияны дамытуы немесе тежеуі мүмкін деп есептейді маман. Ал мұнай және газ саласында келісімге бару оңайға түсіп отыр. Бұл – стратегияның мәселесі дейді Мұрат Лаумулин. Сонымен қатар, «Аргументы и факты: Казахстан» газеті осы жылдың алғашқы тоқсанында Нұрсұлтан Назарбев пен Владимир Путиннің қатысуымен Қазақстан және Ресейдің көршілес аймақ басшыларының форумы өтетіндігін хабарлап отыр.

Бұл уақытта қырғыз мұнайшылары қазақ контрабандистерін атуға рұқсат сұрап жатқандығы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Қырғызстандағы мұнай саудагерлері қауымдастығының басшылары Қазақстаннан жасырын жолмен жеткізілетін жанар-жағармай үшін шекараны жабу керектігін қайта-қайта көтеруде. Өйткені, қырғыз кәсіпкерлері елге заңсыз әкелінген мұнай өнімдерінің шамадан тыс көптігіне алаңдаулы» делінген мақалада. «Мысалы, былтыр ел тұрғындары тұтынған жанармайдың басым бөлігі қулығына құрық бойламайтын саудагерлердің үлесіне тиіп, мемлекет бюджетіне жарты миллиард сом түспей қалған. Егер Қырғызстанның жылдық бюджеті 20 млрд сом екенін ескерсек, бұл – қомақты қаржы. Қырғызстанға мұнай өнімдері Ресей мен Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарынан тасымалданады. Ал жасырын жолдар – Шу өзені бойына қоныстанған елді мекендердегі өткелдер. Мәселен, Кемин мен Шалдовар ауылы аралығында олардың саны 30-дан асады екен. Сол себепті құзырлы орындар "күдікті" өткелдерді ор қазу, сым темірлер орнату арқылы қалай да жабуды қарастырып жатыр» деп жазды «Айқын» газеті.

Шанхай ынтымақтасты ұйымына мүше мемлекет басшыларының Бішкектегі саммиті қарсаңында террактілер болуы мүмкін екендігі туралы мақала «Литер» газетінде жарық көріпті. «Қырғызстандағы Наурыз көтерілісінен кейін елде «Хизб-ут-Тахрир», «Акрамия», «Өзбексанның ислам қозғалысы» секілді рұқсат етілмеген ұйымдардың қызметі күшейді. Ал осы жылы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтуі тиіс. Бұл форумға тек саясатшылар ғана дайындалып жатпаса керек» делінген мақалада. Біз осы саммит қарсаңында экстремистік топтар әртүрлі арандатушылықтар мен террактілер жасауы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз депті Қырғыз ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Азамат Құтманалиев «Литер» газетіне. «Қырғызстан аумағындағы экстремистік топтарға шоғырланған адамдар саны 5 мыңнан 10 мыңға дейін жетуі мүмкін» деп жазыпты «Литер» газеті.

Сонымен қатар, «Литер» басылымы Қазақстанда экстремистік қауіптің төмен болуы неге байланысты деген сұраққа жауап іздепті. «Тәуелсіз саясаттанушы Олег Сидоровтың пікірінше, ТМД мемлекеттері арасында қауіпсіздік деңгейі жөнінен ең тұрақты мемлекет – Белорусь. Бұл - елдегі арнайы қызмет жұмысының нәтижесі ғана емес, арандатушылық әрекеттер жасауға мүдделі топтардың жоқ болуынан да. Ал Қазақстанда терракт жағдайы тіркелген, қазір - тыныш. Алайда, қалыптасқан жағдайды өзгертуге талпынушы топтар жоқ деп айтуға да болмайды депті тәуелсіз саясаттанушы Олег Сидоров «Литер» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG