Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.10.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Парламентте Үкіметтің жаңа бағдарламасы бекітілгендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында «Валют-Транзит-Банкінен» несие алғандар баспанасыз қалуы мүмкін екендігі айтылса, тағы бір басылымдар қалың тұманның салдарынан үш күн бойы Алматы әуежайына қону мүмкін болмағандығына мән беріпті.

Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын Парламент мақұлдағандығы туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріпті. «Депутаттардың барлығы дерлік Үкімет бағдарламасы туралы баяндамаға жақсы баға беріп, оның өмір шындығынан алыс жатпағандығын атап көрсетті. Дауыс беру нәтижесінде Парламент Үкімет басшысының баяндамасын қабылдап, оны толықтай мақұлдады» делінген мақалада. Парламентте баяндама жасаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстанда экономиканың шикізаттық бағдары әлі күнге дейін үстем болып отырғандығын атап көрсеткен. «Ғылымды дамытудың басымдықтары анықталмаған, отандық ірі бизнес экономиканы әртараптандыру үдерісіне толық дәрежеде тартылмаған. Мемлекеттік басқару жүйесінде әкімшілік реформа жүргізу жұмыстары созылып кетті деді Кәрім Мәсімов. Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру үшін Үкімет басшысы бірінші кезекте мемлекеттің экономикалық саясатының тиімділігін арттыруды ұсынып отыр. Сонымен қатар, бағдарламада тариф саясатын жетілдіру, корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу, экологиялық қауіпсіздік және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, халықтың денсаулық жағдайын жақсарту, жастарды жұмыспен қамту және тұрғын үй проблемаларын шешуге күш-жігер шоғырландырылады» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Комсомольская правда: Казахстан» газеті былай деп жазыпты: «Жаңа жылдан бастап Үкімет басшысы денсаулық сақтау саласындағыларды ресми тіркеуден өткізу жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, жұқпалы аурулардың таралу жағдайын тежейтін шаралар жоспары жасалынып, халықтың жаппай спортпен айналысуына басым мән берілмек. Ал білім саласында 12 жылдық мектеп бағдарламасына көшу жұмыстары жалғасады. Осы тұрғыда оқулықтардың сапасын жақсарту және оқу процесіне жаңа технологияларды тарту жұмыстарына көңіл бөлінетін болады» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал «Литер» басылымы болса мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында «Валют-Транзит-Банкінен» несие алғандар баспанасыз қалуы мүмкін екендігіне мән беріпті. «Павлодарда Қазақстан ипотекалық компаниясының өкілі несие төлемі уақытысында төленбегені үшін үстеме ақы қосылатындығы жөнінде құлақтандыру таратқан. Несие төлеміне ұқыпты қарайтындар не істерін білмей, әбігер күй кешіп отыр» делінген мақалада. Павлодарда «Валют-Транзит-Банкінен» ипетокалық несие алғандар саны – 83 адам екенін жазыпты газет. Қазақстан ипотекалық компаниясының Павлодардағы өкілі Өтебай Қайыржановтың айтуынша, Валют-Транзит-банкінен банктік операциялар жасау жөніндегі лизенциясы қайтарып алынған. «Аталған банк төлем қабылдай алғанымен, ипотекалық компанияға қаржыны бөле алмайды. Соған байланысты Қазақстан ипотекалық компаниясына тиын түспеген. Жалпы республика бойынша Валют-Транзит-Банкі арқылы ипотекалық несие алғандар саны 500-ден асады. Тұрғын үй несиесін алушылардың тағдыры не болатындығын ешкім білмейді» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Айқын» басылымы «Эйр Астананың» ұшақтары неге ұша алмай жатыр деген сұраққа жауап іздепті. «Алматыда бірі еліне, бірі ауылына уақытында қайта алмай жатқан азаматтар көп. Алыстан Алматыға ұшақпен келе алмай жатқандар да баршылық. Мұның сыры неде десек, соңғы екі-үш күннен бері Алатаудың етегін тұмшалаған тұман әуе қырандарын да тұсаулап тастапты. Нақтырақ айтсақ, ақпанның 8-інен бері «Эйр Астана» компаниясының 58 рейсінің ұшу уақыты өзге мерзімге шегеріліп, 3500 жолаушының сапары кейінге қалдырылған. Осы оқиғаға байланысты түсініктеме берген «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілдері тосын жағдайдың орын алғанына соңғы екі тәулікте Алматы әуежайын айналсоқтап алған соқыр тұман кінәлі екенін хабарлады. Осыған байланысты кейінге шегерілген рейстердің жолаушыларына компания тарапынан көмек берілуде. Атап өтсек, қайсыбіреулердің билеттері қайтарылып алынса, енді бір топ азаматтар уақытша қонақүйлерге тегін орналастырылған. Олар тегін тамақ және сусындармен қамтамасыз етілген. «Эйр Астанаға» сенім артқан жолаушылардан кешірім сұраған компания өкілдері демалыс күндері тұманның сейілеріне үміт артып отыр. Ал жолаушылардың көздеген жеріне дер кезінде жетуі үшін қосымша әуекомпанияларынан ұшақ жалдап алу мүмкіндіктері бар» делінген «Айқын» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG