Accessibility links

Президент Назарбаев үлкен күйеу баласын Венаға елші қызметіне екінші мәрте жіберді


Прездиенттің үлкен күйеу баласы, соңғы кезге дейін Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Рахат Әлиевтің екінші мәрте Венаға елші ретінде жіберілуін қазақстандық сарапшылар «Нұрбанк» төңірегіндегі осы жылғы қаңтар айынан бері жалғасып келе жатқан жанжалмен байланыстырады. Ал бірқатар сарапшылар Р.Әлиевтің шетелге жол тартуына сыртқы істер мекемесіне Марат Тәжиннің басшы болып келуі түрткі болған деген пікірді жоққа шығармайды.

Рахат Әлиевтің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметінен босап, Австрия және ОБСЕ ұйымындағы Қазақстанның елшісі болып тағайындалғандығын ақпанның 9-күні Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, сыртқы істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Рахат Әлиевтің Австрияға екінші мәрте елшілікке жіберілуі – соңғы уақытта «Нұрбанк» төңірегінде өрбіген жанжалдың салдары деп отыр. Оның пікірінше, жанжалдың ақ-қарасы түгел ашылмай тұрып күйеу баласын елші етіп Венаға жіберуі - Президенттің бағытына кері әсер етуі ықтимал.

- Бұл өзгерістердің «Нұрбанкке» қатысты жанжалға қатысы бар деген пікірдемін. Өйткені, бұл мәселе төңірегінде шындықты әлі естігем жоқ. Қазір жұртшылық «Нұрбанк» төңірегіндегі жанжалдың анығына көздері жете алмай отыр. Шындық түбегейлі ашылғанша оған қатысы бар адамдардың ешқайсысын шетелге жіберіп, қызметке тағайындаудың қажеті жоқ еді, - дейді Дос Көшім.

Рахат Әлиевтің Венаға жіберілуі «Нұрбанк» төңірегіндегі жанжалға қатысы бар деген пікірді «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының төрағасы Андрей Чеботарев та қостап отыр.

- Р.Әлиев өзінің «Нұрбанк» акционері екендігін жариялады. Соған байланысты екі оқиғаның бір-біріне қатысы бар деген болжам жасауға болады, - дейді Андрей Чеботарев.

Ал Адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис болса, Рахат Әлиевтің елші қызметіне жіберілуінің «Нұрбанк» төңірегіндегі жанжалға ешқандай қатысы жоқ деп санайды.

- Әлиевтің қайтадан Венаға елші болып баратындығы туралы сыбыс «Нұрбанк» төңірегіндегі жанжалға дейін айтылып жүрген. Соған қарап мен Әлиев мырзаның Австрияға жіберілуі бұл оқиғаға қатысы жоқ деп ойлаймын. Мәселен, Р.Әлиевтің алғаш рет Австрияға елші болып тағайындалуы 2001 жылғы Жақиянов пен Аблязовтарға қатысты жанжалдан кейін жүзеге асқан еді.

Бұған дейін Рахат Әлиев Қазақстанның Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі болып 2002 жылдың маусым айында тағайындалған болатын. Сол кезде сарапшылар Әлиев мырзаның Венаға жіберілуіне 2001 жылдың күзіндегі қазақстандық бірқатар оппозиция өкілдерімен қайшылығы түрткі болған деген болжам айтқан еді. Бүгінгі күні осы жағдай екінші мәрте қайталанып отырғандай көрінеді дейді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.

- 2001 жылы Ғалымжан Жақиянов пен Рахат Әлиев арасындағы жанжалдан кейін президенттің күйеу баласы Еуропаға жіберілгенін білеміз. Кез-келген қарапайым азамат бұл жағдайда жақындағы айқайдан құтқарып жіберу үшін әдейі жасалған деп түсінеді. Өйткені, осыдан бес жыл бұрынғы жанжалдың арты қалай өрбігендігін жұрт ұмытқан жоқ.

Рахат Әлиевтің өзі «Kazakhstan Today» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның сыртқы бағытындағы маңызды мақсаттардың бірі – 2009 жылы ОБСЕ ұйымына төрағалық ету екендігін, осы мұратқа жету үшін Президент өзін Австрияға және ОБСЕ-ге елші етіп тағайындағандығын айтқан.

Адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің пікірінше, бұл Рахат Әлиевтің өз қалауы болса керек.

- Қазақстанда саясат бағыттары, оның ішінде кадр саясатының барысы көпшілікке түсіндіріле бермейді. Соған байланысты қоғам әрқилы ауыс-түйістердің неге солай болғандығын жорамалдаумен келеді. Сөз болып отырған жағдайда Рахат Әлиевтің өзі Австрияға елші болып тағайындалуын қалаған болса керек деп ойлаймын. Өйткені, Рахат Әлиев Қазақстанның ОБСЕ ұйымына төрағалық ету бастамасын көтергендердің бірі. Соған қарағанда, Әлиев мырза бұл бастаманы аяғына дейін жеткізуге күш салатын ыңғай танытатын секілді, - дейді Евгений Жовтис.

Президенттің жарлығымен Рахат Әлиев Қазақстанның ОБСЕ ұйымымен әріптестік жөніндегі арнайы өкілі болып 2005 жылдың тамызында тағайындалған болатын. Ол 2005 жылғы шілденің 8-інен бастап қазіргі күнге дейін Сыртқы істер бірінші вице министрі қызметін атқарып келді. Ал осы жылғы қаңтар айында Сыртқы істер министрі қызметіне Марат Тәжин тағайындалды. Адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис Президент күйеу баласының Марат Тәжинмен бір командада жұмыс істегісі келген деген пікірді жоққа шығармайды.

- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, қазіргі сыртқы істер министрі Марат Тәжин мен Рахат Әлиев арасында салқындық бар екендігі туралы әртүрлі сыбыстар айтылып жүр. Оны растауға немесе жоққа шығаруға да болмайды. Өйткені, Қазақстанда кадр ауысулары кезінде белгілі бір мемлекеттік органның басшылығы түгелдей дерлік жаңарып тұрады. Бұл жерде кадрлардың біліктілігі емес, жаңа басшыға қаншалықты адалдығы ескерілетіндігін айта кеткен жөн. Осы тұрғыдан алғанда жаңадан министр болып тағайындалған Марат Тәжин өз командасымен келуі ғажап емес, - дейді Евгений Жовтис.

2001 жылы Марат Тәжин Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасы болып тұрған кезде Рахат Әлиев оның орынбасары қызметін атқарған еді. Сол жылғы қарашаның 15-күні аталған комитеттің төраға орынбасары Рахат Әлиев Парламентте Қазақстанның жоғарғы билігіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде есеп беру керек болған. Алайда, ҰҚК төрағасы Марат Тәжин бұл әрекетке тиым салғаннан кейін, Рахат Әлиев отставкаға кету туралы өтініш жазған болатын. Екі күннен кейін Рахат Әлиев Президенттің қауіпсіздігі қызметі басшысының орынбасары болып тағайындалып, тағы алты ай өткенде Венаға елші қызметіне жіберілген болатын.
XS
SM
MD
LG