Accessibility links

Ауылдық жерден 3 жасөспірім қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген деген күдікпен бір әйел ұсталды


Батыс Қазақстан облысы Зеленовский ауданында тұратын 14-15 жастағы 3 қызды алдап, Атырау қаласына апарып, жезөкшелікке мәжбүрлеген деген күдікпен бір әйел ұсталды деп хабарлады "Азаттық" радиосына ақпанның 13-і күні Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасынан. Қазір бұл іс бойынша тергеу жұмысы жүргізілуде. Қазақстан Дағдарыс орталықтары одағының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда балалар арасында жезөкшелік сирек оқиға емес, бірақ оған қарсы мемлекеттік күрес дұрыс жүргізілмей отыр дейді мамандар.

Кәмелетке жасы толмаған 3 қызды заңсыз бас бостандығынан айырып, алдап-арбау жолымен Атырау қаласына әкетіп, жезөкшелікке мәжбүрледі деген күдікпен бір азаматшаны полиция қызметкерлері қамауға алды деп хабарлады ақпанның 13-і күні «Азаттық» радиосына Батыс-Қазақстан ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Фатихолла Мастахов:

- Зеленов ауданына қарасты Володаровка және Рубежка ауылының тұрғындары 14 жасар Марина және 15 жастағы Юлия мен Зояның жоғалып кеткені жөнінде Батыс Қазақстан ішкі істер департаментіне биылғы жыл басында шағым түскен болатын. Полиция қызметкерлері жоғалып кеткен мектеп оқушылары алдап-арбауға түсіп, осы ауданның тұрғын С. есімді азаматшаның жетегіне еріп, Атырау қаласына кеткенін анықтады.

Полиция қызметкерлері бүгінде қолға түсірген күдікті, балаларды Атырау қаласында даяшы тәрізді жұмыс тауып беремін, жоғары жалақы табасыңдар деп алып кеткен дейді Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері:

- Заңсыз пайда табуды көздеген «жеңгетай» жасөсіпрім қыздарды бірнеше күн бойы бір үйдің бөлмесінде қамап, құлыптап ұстап, жезөкшелікке мәжбүрлеген. Зеленов аудандық полция қызметкерлерінің айтуына қарағанда, бұл қыздардың барлығы тұрмыс-тіршілігі сын көтермейтін, әлеуметтік жағынан нашар қамтылған отбасылардан шыққан.

Батыс Қазақстан облыстық әкімшіліктен өз аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкері жасөсіпірім қыздарды зорлықпен жезөкшелікке салу оқиғасы Орал өңірі үшін таңсық жағдай екендігін айтады:

- Ана балаларды Атырауға алдап апарған әйел адам, ертең ана болатын жас қыз, қазақ қызы. Оның істегені - естімеген жағдай! Өмірі ондай болмаған... Руханият жағы жетіспегеннен шығар.

Ал Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зульфия Байсакова қазіргі таңда балалар арасындағы жезөкшелік жылдам дамып, олардың алдап-арбау жолымен сатылуы республикада кең тараған құбылыс екендігін айтады. Бірақ, қоғамда бұл мәселе «жабулы қазан - жабулы» күйінде қалып отыр дейді Зульфия Байсакова.

«Әдетте жайсыз отбасылар жас қыздарды сексуалды қызмет көрсету базарына итермелейді. Ең қорқыныштысы – біздің қоғам бұл мәселе туралы біле отырып, аз айтады. Шын мәнісінде біздегі кез-келген қонақ үйдің маңынан белгілі бір бағаға кәмелетке жасы толмаған қызды оңай алуға болады. Ал мемлекеттік саясат бұл ретте тек декларативті түрде ғана жүзеге асуда. Егер мемлекет қазіргі балалар жезөкшелігімен күреспесе, біз бір емес, бірнеше ұрпақтан айырылуымыз мүмкін», - дейді Зульфия Байсакова.

Ол жасөспірімдердің алдап-арбау жолымен жезөкшелікке салыну оқиғалары бойынша қылмыстық істердің қозғалып, шынайы кінәлі адамдарды толық жазалануы қиын екендігін алға тартады. Мысалы ретінде ол былтырғы жылдың соңында Алматы облысы Үштөбе қаласынан 8 жасөспірім қызды Алматыға алып кетіп, жезөкшелікке мәжбүрлеу оқиғасы бойынша сот өтіп, онда тек делдалдардың ғана жауапқа тартылғандығын айтады.

«Кімді ұстау оңай болса, соларды ғана ұстады. Ал сол балаларды ұрлап, әкелген адамдар жазаланған жоқ қой! Бұл қылмыс түрін жоғарыдан бүркемелеп, қолдап отырғандар, ақшаның қомақты бөлігін алғандар белгісіз күйінде қалды. Яғни, тек орындаушылар, қылмыстық ең төменгі деңгейі жазаланғандықтан, олардың орнына басқа адамдар келеді де, қылмыс жалғаса береді. Ал былтырғы жылы осы Алматы облысы бойынша тағы да балаларды сатуға қатысты бір істі дәлелдеу қиын болғандықтан, тоқтап қалды», - дейді Қазақстан Дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зульфия Байсакова.

Адам саудасы әлемде есірткі, қару-жарақ саудасынан кейінгі кең тараған қылмыстық бизнес түрі болып есептеледі.
XS
SM
MD
LG