Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.13.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірінде «Нұрбанк» ғимаратына «шабуыл» жасаған сарбаздар үй қамауында отырғандығы туралы жазылыпты. Сонымен қатар, газеттер «Нұрбанк» акционері Рахат Әлиевтің Венаға елшілікке жіберілуіне мән берсе, тағы бір басылым Алматыдағы «Кең-Дала» бизнес орталығы аталған банктің тағы бір акционері «Алма-Тур» компаниясының меншігі екендігін растайтын құжаттар жоғалып кеткендігін хабарлады.

«Нұрбанктің» маңызды құжаттарын «әкетпекші» болған деген күдікпен істі болып отырған арнайы жасақ қызметкерлері қайда жүр деген сұраққа «Время» газеті жауап іздепті. «Жоғалып кеткен төрт сарбаздың қайда екендігіне мазаланған туған-туыстары өткен бір жеті бойы Алматының ішкі істер департаменті мен қаржы полициясы ғимаратының табалдырығын тоздырған болатын. Сарбаздар тек тапсырманы орындаған, одан басқа амалдары да жоқ деген жақындарын іздеушілер. Алматының экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес департаментінің басшысы генерал-майор Владимир Курбатовтың айтуынша, арнайы жасақ сарбаздары босатылған. Олар қазір үй қамауында отыр» делінген мақалада. Сонымен қатар, генерал-майор Курбатов мырза, «Время» газетіне берген сұхбатында, арнайы жасақтың командирі Қадырғожаев пен Алматы ішкі істер департаменті төрағасының орынбасары полковник Самалихов қамауда отырғандығын айтқан.

Ал «Жас Алаш» газеті болса «Нұрбанк» акционері Рахат Әлиевтің Австрияға елшілікке кеткендігі туралы жазыпты. «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының төңірегіндегі дау ушығып тұрған тұста, оның үстіне осы банктің акционері Рахат Әлиевтің аты жиі аталып жатқанда президенттің мұндай жарлық шығаруы түрлі пікірлердің таралуына түрткі болды» делінген мақалада. «Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Әбіқаев пен Әлиевті белсенді саяси өмірден уақытша немесе біржола алыстату арқылы президент элита ішіндегі жағдайды аздап болса да тұрақтандыруды, сөйтіп біраз уақыт үлкен дау-жанжалсыз өмір сүре тұруды көздеген сияқты. «Нұрбанкте» болған соңғы оқиғалар элита ішінде қақтығыстар басталуы мүмкін деген ойға жетелейді» депті Досым Сәтпаев «Жас Алаш» тілшісіне.

Бұл уақытта «Нұрбанктің» ең ірі акционері саналатын «Алма-Тур» акционерлік қоғамының «Кең дала» бизнес-орталығын сатып алғандығы туралы құжаттар орнында жоқ деп жазады «Время» газеті. «Инвестициялық холдинг компаниясы» осы жылғы қаңтардың 22-күні «Кең-Дала» орталығын «Алма-Тур» компаниясына сатқан. Ал ақпанның басында «Нұрбанк» төрағасының орынбасары Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева қаңтардың 18-күні «Нұрбанк» төрағасы Әбілмәжін Ғылымовты ұрлап әкеткен адамдар оны қорқытып, сөз болып отырған бизнес-орталықтың қожайынына телефон шалдырғандығын хабарлаған еді» делінген мақалада. «Құжаттармен танысу барысында Жылжымайтын мүлік орталығының мұрағатында «Кең-Дала» бизнес орталығы «Алма-Тур» компаниясының меншігі екендігін растайтын құжаттар жоқ болып шықты. Орталықтың тәртібі бойынша, құжаттар тіркелгеннен кейін мұрағатқа түсуі тиіс. Сонда бұл құжаттар қайда кеткен?» деген сауалды «Время» газеті қойып отыр.

«Айқын» газетінде Павлодарда полицейді сот ғимаратында сабап кеткендігі туралы мақала басылған. «Бұл оқиға қаладағы №2 сотында есірткі саудасына қатысты қылмыстық істі қараған соттың кезекті мәжілісінен соң айыпталушы жақтың туыстарының бірі сотқа куә ретінде қатысқан адамнан осы іске байланысты көзқарасын талап етіп, оған қысым көрсету мақсатында туындаған. Сот ғимаратында тәртіп сақшысын сабағанды бұрын-соңды көрмеген мұндағылар «Арлан» жасағының сарбаздарын шақыртқан. Арнайы жасақ қызметкерлері осы жанжалға қатысы бар 9 азаматты ұстаған. Оның екеуі шұғыл жағдайда қамауға алынып, оларға Қылмыстық кодекстің 257-бабына сәйкес бұзақылық жасағаны үшін айып тағылған» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта республикадағы ойын бизнесі тиісті орталықтарға көшірілетіндігі туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріпті. «Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке ойын бизнесіне қатысты қабылданған заңдарды орындауға дайын екендіктерін баяндаған. Бұл ретте биылғы жылғы наурыздың 1-іне дейін ойынханаларды арнайы орынға орналастыруға қажетті жер телімдері бөлініп берілуі тиіс. Яғни, сол мерзімге дейін республикадағы 132 казино мен 2023 ойын автоматтары мекемелерінің аузына құлып салынып, нысандар одан әрі басқа мақсаттарға пайдаланылмақ» деп түйіндейді «Егемен Қазақстан» газеті.
XS
SM
MD
LG