Accessibility links

Қазақстанда діндар адамдарға төлқұжаттағы фотосуретке бас киіммен түсуге шектеу жойылды


Осыдан былай Қазақстанда құжаттарға діни бас киім киіп түскен фотосуреттер қабылдана бермек. Бұл жайында 14 ақпан күні Әділет министрлігінің өкілі «Азаттық Радиосы» тілшісіне берген сұхбатында айтты. Алайда, бұл ереженің тек діндар кісілерге ғана қолданылатыны елдегі кейбір ұлттық бағыттағы қозғалыстар тарапынан сынға кезігіп отыр.

Қазақстанның әділет министрінің бұйрығымен осыған дейін ел азаматтарының жеке басын анықтайтын құжаттарға бас киіммен суретке түсуге болмайды деген шектеу жойылғаны туралы 14-ақпан күні «Азаттық» радиосына аталған министрліктің тіркеу қызметі комитетінің құжаттармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Жанар Қожахметова хабарлады. Алайда, министрлік өкілі бұл шешімнің кейбір адамдарға ғана қатысты екендігін айтты.

- Бұл аладғы уақытта бәріне бірдей бас киіммен суретке түсе беруге болады деген сөз емес. Бұл шешім негізінен діндар әйелдерге ғана қатысты. Құжаттағы сурет Халықаралық авиациялық КАУ ұйымының стандарттарына сай болу керек. Онда тек діни бас киімдермен ғана суретке түсу рұқсат етілген. Министрліктің мұндай шешім қабылдауына діни бас киімдермен суреттерге түсу жайында келіп түскен өтініштер әсер етті. Олардың ішінде депутаттың та, Діни басқарманың да өтініштері бар. Ал құжаттардағы суреттердің көлемі сол күйінде қала береді, - деді Жанар Қожахметова.

Алматы Хельсинки комитетінің төрағасы Нинель Фокина Әділет министрлігінің бұл шешіміне өзінің таң қалғанын жасырмады.

- Бұл - Конституцияның да, заңның да мәселесі емес. Өйткені, бұл жайында еш жерде айтылмайды. Жеке куәліктердегі фотосуреттер жайы заңмен емес, Ішкі Істер министрлігінің ішкі нұсқамаларымен анықталып отырды. Ресейде осыған ұқсас жағдай болған. Ресейдегі мұсылман әйелдер «фотосуретке жалаңбас түсуіміз - біздің діни сенімізге қайшы» деп, үкіметтен төлқұжат суреттеріне бас киіммен түсуді талап еткен. Менің білуімше, бізде ондай мәселе көтерілген жоқ. Министрліктің неге аяқастынан мұндай шешім шығарғаны маған түсініксіз. Одан да партиялардың шаруасымен неге айналыспайды олар? Бізде партияларды тіркеудің уақыты анықталмаған, - деді Нинель Фокина.

Республикалық «Ел болашағы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Бағдад Әріпов үкіметтің мұндай шешімін сынға алып отыр.

- Дүниежүзілік стандарттарға қарап жасайтын заңдылықтарды билікте отырғандар біреудің айтуымен, желеу қылуы дұрыс емес. Биліктегілер бұл заңды «Қазақстан көпұлтты, көпдінді» деп қабылдаған шығар. Алайда, бұл жағдай Қазақстанның ұлттық мемлекет болып қалыптасуына зиян келтіреді, - дейді «Ел болашағы» қоғамдық қозғалысының төрағасы.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім болса бұл қабылданған шешімнің екі жағы бар екенін айтады.

- Бұл жерде екі нәрсеге мән берген дұрыс. Біріншіден, бұл ұлттың не діннің өкілдерін сыйлау болса, екіншіден, төлқұжаттармен, визамен жұмыс істегенде осы нәрсе жұмысты қиындатуы мүмкін, - дейді Дос Көшім.

Бұған дейін Қазақстан Әділет министрлігінің 2005 жылдың 4 наурызындағы бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы тұрғандарының құжаттарын тіркеу ережелерін әділет органдарының қолдануы жөніндегі нұсқауында» азаматтардың бас киіммен түскен суреттерін құжаттарға қабылдауға тиым салған болатын.
XS
SM
MD
LG