Accessibility links

AҚШ Орталық Азия елдеріне бөлетін қаржыны қысқартпақшы


Ақпанның 14-і күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвейдің журналистердің қойған сауалына берген жауабында АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне бөлетін қаржылай көмегінің алдағы жылдарда қысқаратындығы туралы айтуы қоғамда түрлі пікір тударып отыр. Сарапшылардың бірқатары бұл Орталық Азиядағы онсыз да нашар демократиялық ахуалды одан сайын қиындата түседі деп есептесе, келесі бір саясаттанушылар американдық қаржының қысқаруының әсері мардымсыз деп отыр.

Ақпанның 14-і күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвей Қазақстандағы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру жүргізіле бере ме, егер қысқарса ол адам құқығы мен демократиялық үдерістерді азайту емес пе деген сұраққа, «Орталық Азияға қатысты көмекке келсек, алдағы бірнеше жылда бұған аз ресурс бөлінеді» деген жауап айтқан болатын.

«Бұл Вашингтондағы бюджет үдерісіне және бірінші кезекке қойылған мәселелердің көптігіне байланысты. Бірақ, жыл сайын біз конгресс бөлетін қаржыға қараймыз», - деген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвей.

Мұндай Орталық Азиялық елдерге қаржының қысқартылуы ең алдымен АҚШ-тың Таяу Шығыс, Арап елдеріндегі саясатымен тығыз байланысты деп есептейді саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек:

«АҚШ-тың Араб елдеріндегі позициясы, жалпы Араб дүниесі арасындағы беделі біршама түсіп кетті. Екінші жағынан, араб елдерінде қазір американдық ақпарат құралдарымен бәсекелестікке түсе алатын «Әл-Жазира», «Әл-Арабия» тәрізді телеарналар бар. Сондықтан, олар барлық күшін солай қарай жұмылдыруды көздеп отырған тәрізді».

Ал «Еуразия» журналының бас редакторы Эдуард Полетаев Орталық Азия елдеріне қаржылай көмектің қысқартылу мүмкіндігін ең бірінші АҚШ-тың ішкі саясатынан іздейді. Яғни, басты себептердің бірі – АҚШ-та 2008-ші жылы болатын президенттік сайлаудың жақындап қалуымен байланысты деп санайды сарапшы.

«Әрине, сайлау қарсыңындағы күресте қарсыластар қандай ақша қайда кетті деген сұрақтар қоя бастайды. Сол кезде жырақта жатқан Орталық Азия американ сайлаушылары үшін артық шығын болып көрінеді. Екіншіден, АҚШ Ауғанстанға, Иракқа байланып қалып отыр. Джордж Буштың жаңа саясаты бойынша Ираққа жаңа күштер апарылып, қосымша қаржы құйылуда. Ал мұны жабу үшін басқа жерден үнем жасауға тура келеді. Үшіншіден, соңғы кездері АҚШ-тың Орталық Азиядағы позициясы біршама әлсіреп қалды», - дейді саяси сарапшы Эдуард Полетаев.

Бір жағынан АҚШ-тың Орталық Азиядағы ықпалы азая бастаса, екінші жағынан жыл сайынғы оның бұл салаға құйған қаржысына қарамастан, аймақтағы демократиялық процестердің баяу жүруде екендігін алға тартады саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам:

«Орталық Азия елдерінде жақын уақытта аса өзгерістер болмайтындығына көзі жетті. Себебі, Түркіменбашы кетті, соның орнына кеткен адам соның саясатын жүргізеді. Қырғызстанда төңкеріс болды, ол жерде де кереметтей демократия болмай жатыр. Оған қоса, әлбетте, АҚШ-тың өз мүддесі де болады. Олар салған ақшадан бір нәрсе шықса дейді, бірақ одан әзірге оларға түсіп жатқан пайда жоқ».

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының басшысы Еркін Тұқымов та АҚШ Орталық Азия елдеріндегі демократияны дамытуға ақша шығындаудың нәтижесін көріп отырған жоқ деген пікірде.

«Реформа жүрмей жатыр, ал ақша бөлінуде! Оларды шығындаудың мәнісі қандай? Екінші жағынан, бұл кейбір Орталық Азия елдерінде бірқатар мәселелер бойынша жүргізіліп отырған саясатқа көңілдері толмайтындығына меңзеп отыр. Бұл жерде мәселе - демократияда ғана емес, бұл мемлекеттердің саясаты АҚШ-тың мүддесіне қаншалық сәйкес келеді - соған байланысты», - дейді Е.Тұқымов.

Дегенмен, кейбір сарапшылар қазіргі таңда Орталық Азия елдеріне тәуелсіз ақпарат құралдарын дамыту мен демократиялық процестерді жеделдетуге бағытталған қаржыны қысқарту дұрыс емес деп санайды. Оның салдары үлкен болуы мүмкін деп есептейді саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам:

«Ақпарат құралдары арқылы біздегі жағдайдан әлемді хабардар ету, әлемнің назарын бізге аудару бойынша АҚШ көптеген шаруалар жасап тұрған. Бұл азайып кетсе, жалпы Орталық Азиядағы жағдай қиындап кетеді».

Соңғы 15 жылда АҚШ Қазақстанға осы саладағы жұмыстарға 500 миллион доллар жұмсаған.
XS
SM
MD
LG