Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.17.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Қапшағай төңірегінде оған серіктес төрт қала салынатындығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер осы жылдан бастап тұлғалардың бірқатар құжаттарын алмастыратын жеке нөмір енгізілетіндігіне мән беріпті.

Ақпанның 16-күні Астанада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен Бурабай демалыс аймағы мен Қапшағай су қоймасын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткендігі туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетнде жарық көріпті. «Кеңесте Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері Үкімет басшысына аталған өңірлердегі арнайы аймақты дамыту бағдарламасы туралы мәлімдеген. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қадырхан Отаровтың айтуынша, бағдарлама аясында кешенді іс-шараларды іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, Көкшетау әуежайы қайта жөндеуден өткізіледі, жаңадан алаңдар тұрғызылып, қазіргі алаңдарға жөндеу жүргізіледі, коммуникация желілері жаңартылады. Алайда, осында атап өтілгендей, Бурабай демалыс аймағының бас жоспарының келісім рәсімдері әлі аяқталмаған. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Бурабай демалыс аймағы мен Қапшағай су қоймасын кешенді дамыту жөніндегі жұмыс тобын құруға тапсырма берді. Аталған топтың үйлестіру органы болып Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі айқындалды. Таяу уақытта Бурабай мен Қапшағайдың бас жоспары жасалынатын болады» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Ал «Казахстанская правда» газеті болса Алматы-Қапшағай жолында серіктес төрт қала салынатындығына мән беріпті. «Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың айтуынша, бірқатар шетелдік инвесторлар Қапшағай демалыс аймағын дамытуға өз қаражаттарын қосуға ниет білдірген. Үкімет басшысы облыс әкіміне серіктес қалаларды құрылысына қатысты іс шараларлы тездету арқылы Алматыдағы көлік ағынын азайту мүмкіндіктерін тез арада ойластыруды тапсыра отырып, серіктес қалаларды дамыту мәселесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы екендігін атап көрсетті» делінген «Казахстанская правда» газетіндегі мақалада.

Алматы-Қапшағай жол айрығына серіктес қалалар салу жобасын Каспий инвестициялық холдингінің президенті Юрий Цхай ұсынғандығына «Литер» басылымы тоқталып өтіпті. «Үкімет бұл жобаны негізінен қолдап отыр» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

«Айқын» газеті болса қазақстандықтардың барлығы жеке нөмірге ие болатындығына мән беріпті. «Бұл туралы ақпанның 16-күні Астанада өткен Еуразия экономикалық қауымдастығы Интеграциялық комитеті Әділет министрлері кеңесінің сегізінші отырысынан соң Қазақстан Республикасы әділет министрі Зағипа Балиева айтты» делінген мақалада. «Өміріміздің соңына дейін өзгермейтін сол жеке нөмір әрқайсымыз туралы толық мәліметтер жинақталған айнымас құжат қызметін атқармақ. Тек оның базасына жеке басыңызға қатысты өзгеріс жөнінде әредік толықтыру жасалып отыратын болады. Түсініктірек айтқанда, жаңа «құжат» қазіргі қолданыстағы жеке куәлік, әлеуметтік жеке код, салық төлеушінің нөмірі тәрізді құжаттардағы барлық мәліметтерді қамтиды. Бірыңғай идентификациялық нөмір жүйесін енгізу мақұлданып, оған Президент Н. Назарбаев қолын қойыпты» деп жазды «Айқын» газеті.

Осы жаңалық туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газеті былай деп жазыпты: «Ең алдымен бұл өзгеріс мемлекет қызметкерлерінің ақпаратты енгізу жұмысына жеңілдік әкелмек. Индентификациялық нөмір жеке куәлік пен паспорттағы микросхемаға орнатылады. Ол үшін тұрғындарға құжат рәсімдейтін орындарға баруы қажет. Құжаттарды жасау жұмысы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырады. Ал үш жылдан кейін әлеуметтік жеке код, салық төлеушінің нөмірі тәрізді құжаттар күшін жоғалтады» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG