Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.21.2007 жыл


Сәрсенбі күні күні жарық көрген басылымдар Қазақстан Конституциясына қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін деген сауалға жауап іздепті. Сонымен қатар, басылымдардың бірінде қазақстандық азамат екі апта бойы Өзбекстанда қамауда отырғандығы туралы жазылса, тағы бір газетте хорезмдік төрт азаматтың Атырауда құлдыққа түскендігі баяндалған.

Ақпанның 20-күні Астанада Конституциялық реформалар жөніндегі жұмыс тобы өзінің алғашқы отырысын өткізгендігі туралы «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазыпты: «Қазақстанда саяси жүйені одан әрі демократияландыру аясында құрылған жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар, білікті заңгер-ғалымдар енген. Алғашқы отырыста Президент жұмыс тобында негізге алатын басты қағидаттарды атап көрсеткен». «Жанды пікір-талас ауанында өрбіген алғашқы отырыстың соңында Президент қатысушыларға қарата былай деді: сіздердің міндеттеріңіз комиссия ұсыныстарын зерделеп, олардың құқықтық жақтарын қарау. Қазақстанның табысты саяси жаңаруы сіздердің жұмыстарыңыздың сапасына байланысты болмақ» делінген «Егемен Қазақстан» газетінің мақаласында.

Осы тақырып төңірегінде «Литер» газеті былай деп келтіреді: «Жұмыс тобының алғашқы отырысы жабық есік жағдайында өтті. Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, жиын барысында Парламентті тарату құқығына қатысты ұсыныстар қаралған. Сонымен қатар, пікір-талас барысында Парламенттің қос палатында талқыланатын мәселелер ауқымын бұрынғысынша қалдыру жөнінде ұсыныстар айтылған. Конституциялық кеңестің төрағасы журналистермен сұхбатында парламенттік басқару жүйесін енгізу - демократияны дамытуда әрқашан сәтті бола бермейтіндігін үнемі атап көрсетумен болды» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер Парламент арқылы ма, әлде референдум арқылы жүзеге асқаны дұрыс па деген сұраққа «Айқын» газеті жауап іздепті. «Қазақстан тәуелсіз ел атанғалы бері екі рет (1993 және 1995 жылы) Конституция өзгерткені белгілі. Рас, Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі демократияландыру мақсатынан туындап отырғаны айқын. Дегенмен көпшіліктің көкейінде Конституцияға өзгерістерді кім енгізеді деген сұрақ тұр. Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамның пікірінше, өзгерістер Парламент арқылы жүзеге асатын шығар. Себебі референдум тек «мынаны жасайық, не болмаса жасамайық» деген қысқа сауалға ғана жауап береді. Ал заңгер Арықбай Ағыбаевтың пікірінше, алдағы уақытта өзгеріске ұшырайтын Ата Заң референдум арқылы жүзеге асқаны жөн. Сонда ғана дауыс беретін жұрт Ата Заңды толығырақ білетін болады» депті заңгер Ағыбаев «Айқын» тілшісінің сұрағына.

Бұл уақытта Қазақстандағы протестандық шіркеулердің біріннің пасторы Ришат Ғарифулин екі апта бойы Өзбекстандағы Самарқанд қаласы милициясының қамауында болғанына «Время» газеті мән беріпті. «Бұл ақпарат ТМД аумағындағы діни конфессиялардың барлығының дерлік алаңдаушылығын туғызды» делінген мақалада. «Алматы тұрғыны Ришат ақпанның 8-күні Самарқанд қаласында жүрген жерінде ұсталған. Жергілікті милиция оны діни мазмұндағы кітаптар таратып жүр деген күдікпен қамауға алған. Вена конвенциясы бойынша, Самарқанд милициясы қазақстандық азаматтың ұсталғандығы туралы ақпаратты Қазақстанның билік орындарына хабарлауы тиіс еді. Алайда, мұндай әрекет болған жоқ. Тек 11 күн өткеннен кейін ғана Ришат Ғарифулиннің босатылғандығы туралы хабар жетті» деп жазды «Время» басылымы.

Ал «Айқын» газеті болса Қазақстанға нәпақа табу үшін келген хорезмдік төрт азамат, Атырауда құл қызметін атқарып келгендігі туралы баяндайды. «Бұл хабарды Өзбекстанның "Эзгулик" құқық қорғау қоғамы таратып отыр. Қазақстанға "нан табуға" кеткен ұлы Зафарбекті іздеп, жаңа жылдың алдында Атырауға келген Хорезм қаласының тұрғыны Файзуллаев, 23 жастағы баласын Атыраудағы зәулім вилладан табады. Зафарбек жанындағы үш жігітімен бірге, ауқатты атыраулықтардың біріне айналған отандасы Хаджимуродовтың коттеджінде құлдықта жүр екен. Баласын еліне алып кетуге әрекеттенген әке «Эзгулик» құқық қорғау қоғамына арызданған. Аталған ұйым осы факт бойынша ресми түрде Өзбекстанның құқық орындарына хат жолдады» деп түйіндейді «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG