Accessibility links

Британия Ирақтағы өз әскерінің санын қысқартпақшы


Кеше Британия премьер-министрі Тони Блэр Ирақтың оңтүстігінде тұрған күштерін алдағы айдан бастап біртіндеп қысқартатындықтарын айтты. Блэрдің бұл хабарламасы Дания өзінің Ирақтағы әскерін жақын арада толықтай кері қайтарамыз деп жариялаған соң жасалды.

Британияның премьер-министрі Тони Блэр Лондонда парламент алдында сөйлеген сөзінде Британия жасақтары орналасқан Басра қаласындағы жағдай өзі ойлағандай жеңіл болып тұрмағанын мойындады. Дегенмен де ол ондағы қазіргі қауіпсіздік жағдайы алдағы айлардың ішінде 1600-дей Ирақ әскерлерін үйлеріне қайтаруға мүмкіндік береді, ал жыл аяғына дейін тағы 500 әскерді шығарамыз деді.

Ал қалған 5 мың Британия әскері үш базаны бақылауында ұстайды, Басра әуежайындағы топ қайта жасақталады.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Гордон Джондройдың айтуынша, президент Буш Британияның Ирақтағы әскерлерін шығаруына деген көзқарасын "табыстың белгісі" деп білдірген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Берлин сапары барысында бұл жайында былай дейді:

- Шындығында, коалиция күштері сол қалпында сақталады, Ирақтың оңтүстігінде Британияның мыңдаған әскері бар. Олар жасаған кез-келген шешімнің өзіндік негізі бар десек те, бұл мүмкіндігінше жауапкершілікті Ирақ жасақтарының өздеріне беру жоспары, бұндағы жағдайда коалиция күштері бұл арада ұзақ уақыт қала алмайды.

Тони Блэр алда жасалғалы тұрған қадамды парламент алдында былай деп түсіндірді:

- Бұның барлығы да біздің Басрада қалай болғанын қалауымызды білдірмейді, оның мәні Басраның тарихының ендігі тараулары ирақтықтардың өздерімен жазылуы тиіс дегенді білдіреді.

Блэр Бағдадтағы жалғасып жатқан қақтығыстар мен басқа да аймақтарда болып жатқан шабуылдарды Басрадағы тыныштықты жағдаймен салыстырды. Ирақтың оңтүстігіндегі бұл қалада сүнниттердің көп бөлігі тұрмайды және олар жікшілдік қақтығыстарға оншалықты араласпайды.

Блэрдің айтуынша, аймақтағы шабуылдардың басым көпшілігі шетелдіктерге қарсы бағытталған. АҚШ бастаған күштер Ираққа кірген уақыттан бері Британияның130-дан астам жасағы қаза тапқан.

Блэр үкіметіне Британия жасақтарын үйлеріне қайтару туралы қысым әрдайым жасалып келді.

Алайда Блэр Британия күштерінің біразын Ирақтан шығару мен жасақтарды қайта топтастыру аймақтағы маңызды деген қауіпсіздік міндеттерін атқарудан босатпайды деді.

Өз сөзінде Блэр Британия әскерлері өзекті тапсырмаларды орындай беретін болады деп атап көрсетті.

- Ирақта қалатын Британия күштерінің алдында мынандай міндеттер тұр: Ирақ әскерлерін жаттықтырып, оларға қолдау көрсету, Ирақ-Иран шекарасын күзету, басқа да қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мұның бәріне қосымша, экстремистік топтарға қарсы операцияларды басқарып, Ирақ әскеріне көмек қажет болған кезде сол жерден табылу да Британия жасақтарының міндетіне кіреді, - деді Блэр.

Блэрдің алдында Дания тамыз айына қарай Ирақтың оңтүстігіндегі 460 жасағын шығарамыз деп мәлімдеген болатын.

Данияның да, Британияның да мұндай қадамдарын Ирақ ресмилері құптап қарсы ала отырып, өздерінің аймақтағы қауіпсіздік жауапкершілігін мойындарына алуға дайын екендіктерін айтты.

Ал бұған керісінше, АҚШ Ираққа 21500 қосымша әскер жіберуге ниет білдіріп отыр.
XS
SM
MD
LG