Accessibility links

Рахат Әлиев пен Армангүл Қапашева ісінде екі тарап сотта іспен танысты


Ақпанның 23-і күні Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы елшісі Рахат Әлиевтің талап-арызы негізінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотында сотқа дейінгі талқылау өтіп, екі тарап іспен танысты. Рахат Әлиев мырза "Нұрбанктің" бұрынғы басшыларының бірі - Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашеваны «ар-намысыма нұқсан келтірді» деп сотқа беріп, моральдық өтемақы ретінде 1 миллион теңге талап етіп отыр.

Ақпанның 23-і күніАлматыдағы Медеу аудандық сотына Қазақстанның оншақты мемлекеттік және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстан президентінің күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы елшісі Рахат Әлиев пен «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева арасындағы сотқа қатысуға жиналды. Алайда, сот өкілдері алдымен бұқаралық ақпарат құралдарын тізімдеп алып, кейін «сот талқылауының болмайтындығын» хабарлады.

«Бүгін тек сотқа дейінгі дайындық болғандықтан, ешқандай сот талқылауы болмайды. Сотқа дейінгі дайындық жабық отырыс түрінде өтеді. Оған тек тараптар ғана қатысады. Сот талқылауы болған кезде, мархабат!», - деген Медеу аудандық сот қызметкерінің мәлімдемесіне кейбір журналистер өздерінің риза еместіктерін білдіріп жатты:

«Сіздер қорқасыздар, сосын кіргізбейсіздер!»

«Жариялылық жоқ!!»

Бас-аяғы бір жарым сағатқа созылған жабық отырыстан кейін сыртқа шыққан Армангүл Қапашева «Азаттық» тілшісіне өзінің сот ісімен танысқанына, келесі сот отырысының наурыздың 1-іне белгіленгенін айтты.

«Бүгін сотқа дейінгі алғашқы отырыс болды. Ал келесі отырыстың да осылай сотқа дейінгі отырыс бола ма, әлде, сот талқылауы бастала ма, білмей тұрмын. Қалай болғанда да, сот төрешілерінің адалдығына үміттенем», - деді Армангүл Қапашева.

Ақпанның 14-і күні Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиев өзінің ар-ожданына нұқсан келтірді деп, «Нұрбанктың» бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғылымовтың зайыбы Нәзира Базарбаева мен аталған банк төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жолдас Теміралиевтың әйелі Армангүл Қапашеваны сотқа берген болатын. Оған Қапашева мен Базарбаеваның өздерінің күйеулеріне осы банк акционерлерінің бірі болып табылатын Рахат Әлиевтің қысым көрсеткендігі жайлы айтқан мәлімдемесі негіз болған. Нақтырақ айтқанда, Қапашева қаңтардың 18-і күні өз үйлерінен іссапармен басқа қалаға ұшпақ болып кеткен Ғылымов пен Теміралиевті әуежайға жеткізбекші болған автокөлік оларды қала маңындағы жеке моншаға апарып, еркінен тыс қамауда ұстағанын хабарлаған еді. Онда Рахат Әлиевтің Алматының ортасындағы «Кең Дала» бизнес орталығы ғимаратын оның айтқан адамдарына сатуын талап етіп, Темірәлиевті ұрып-соққандығы айтылған. Күйеуінен естіген бұл мәліметтерді Армангүл Қапашева журналистерге жария еткен. Алайда, қаңтардың 31-і күні банктің жаңа басшыларымен кездесуге кеткен күйеуі Жолдас Темірәлиевтен хабар-ошар сол күйі жоқ екендігін айтады Армангүл Қапашева:

- Одан мүлдем дерек жоқ!

Ал ақпанның 20-сы күні «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғылымовқа қарсы екі қылмыстық іс қозғалып, бір қылмыстық іс аясында Темірәлиевтің қатыстылығы қаралып жатқандығы хабарланған. Ақпанның 23-і күні істі жүргізіп жатқан Алматы қаласы қаржы полициясының экономикалық және қаржы қылмыстарын тергеу бөлімінің бастығы Ырысбек Исаев рұқсатсыз түсіндірме бере алмайтындығын айтты:

- Басшылықтан рұқсат сұрап, хат жазыңыздар, содан кейін көрерміз.

Алматы қаржы полициясының баспасөз-хатшысы Владимир Ким болса, тергеу ісі жөнінде мәліметтер кейібір ақпарат құралдарында жарияланғанын алға тартып, «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, оның ішінде Жолдас Темірәлиевке қарсы да қылмыстық істің бар екендігін растады:

- Қылмыстық іс қозғалған.

- Темірәлиевке қатысты да қылмыстық іс қозғалды ма?

- Ия, ия.

Бұл істерден өзге «Нұрбанк» басшылығы Қапашева мен Базарбаеваның мәлімдемесін жариялаған бұқаралық ақпарат құралдары әлгі ақпараттарды жоққа шығарып, хабарлама бермесе, оларды да сотқа беретіндіктерін ескерткен болатын. Мәлімдемелерді жариялаған басылымдардыңм бірі - «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева Рахат Әлиев алдымен «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларына қатысты басталған сот ісінде жеңіп шығады, соның негізінде газеттерді сотқа бере бастайды деген болжам айтады.

- Менің есімде қалғаны: Рахат Әлиевті бірде-бір заңды немесе жеке тұлға сотта жеңіп көрген емес. Онымен соттасқан 5-6 басылымды білемін. Олардың бар жазығы - Рахат Әлиев туралы біреудің пікірін жариялаған немесе оның коммерциялық қызметі туралы баяндап, отбасылық медиа-холдинге кіретін ақпарат құралдарының аттарын атаған. Солардың барлығы сот қуғындауына түскен. Осы жолғы «Нұрбанктің» бұрынғы банкирлеріне қатысты сот ісін де сол қатарға жатқызуға болады. Бұл істі Рахат Әлиев тағы жеңіп шығады, содан кейін Қапашеваның күйеуінің ұрланғандығын баяндап, президентке жазған хатын жариялаған ақпарат құралдарын соттайды, - дейді журналист Гүлжан Ерғалиева.

Рахат Әлиевтің өзі бұған дейін ақпарат құралдары арқылы «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларымен кикілжіңім жоқ, олардың заңмен араздығы бар» бар деген болатын.

Ақпанның 26-сы күні Әлиев мырзаның «Нұрбанк» басқарма төрағасы Әбілжәжін Ғылымовтың әйелі Назира Базарбаеваға қарсы арызы сотта қаралады деп жоспарланған. Бұған қатысты Р.Әлиев Алматы Медеу аудандық сотына түсірген шағым-арызында өзінің ар-ожданына тиген нұқсанды 1 млн теңгеге бағалаған.
XS
SM
MD
LG