Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.06.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Грузия Президенті Михаил Саакашвили Астанаға келгендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Сырдария өзені Байқоңырға қауіп төндіріп тұрғандығына мән берсе, тағы бір басылымда қазақстандық өнертапқыш монорельстік көлік жасап шығарғандығы баяндалған.

Қазақстанға жұмыс сапарымен Грузия президенті Михаил Саакашвили келгендігі туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріпті. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев грузиялық әріптесін Астана қаласының жаңа құрылыс жобаларымен таныстырды» делінген мақалада. «Грузия басшысы – Қазақстанның қарқынды даму жолы мен Елбасының салиқалы саясатын өнеге етіп жүрген саясаткер. Бұл ретте Қазақстан қарымды мемлекет ретінде алғашқылардың қатарында Грузиядағы бірқатар экономикалық жобаларға өз тарапынан инвестиция сала бастағанын атап өткен жөн» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Комсомольская правда: Казахстан» газеті Н.Назарбаев пен М.Саакашвили Карс-Тблилиси-Баку теміржолын салуға Қазақстанның да қатысу мүмкіндігін талқылайды деп жазыпты. Сөз болып отырған магистрал құрылысының құны 600 миллион доллар. Осы жобаны жүзеге асыру келесіміне осы жылғы ақпанның 7-күні Грузия, Әзірбайжан және Түркия басшылары қол қойған болатын» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Айқын» газеті болса Қарағандылық шахтерлер тағы бір ереуілге дайындалып жатқандығына мән беріпті. «Себебі ақпанның соңынан бастап Киров және Байжанов атындағы шахталардың иесі - «Гефест» қауымдастығы 700-ге тарта шахтерді мерзімсіз уақытқа ақысыз демалысқа шығарды» делінген мақалада. «Шахта иелерінің мұндай шешімі біздің ашуымызды тудырып отыр. Біз жер астына түсіп қаншама уақыттан бері бермеген жалақымызды алғанша, аштық жариялаймыз» депті «Киров» шахтасының жұмысшысы Рафаэль Бабаев «Айқын» тілшісіне берген сұхбатында.

«ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында «Бутя-Капитал» ісі бойынша кезекті сот отырысы өткендігі баяндалыпты. «Дүйсенбі күнгі сот мәжілісінде тағы бір жәбір көруші өз арызын кері алып, сотқа қатысудан бас тартты. Жәбірленушілердің өз еркімен соттан шығуы осы процесте үйреншікті жағдайға айланып бара жатыр» делінген мақалада.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса арнасынан асқан Сырдария өзені Байқоңырға қауіп төндіріп тұрғандығына тоқталып өтіпті. «Бір аптадан бері Қызылорда қаласында жағалауды бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Құтқарушылар соқпанның біреуін бітеп болса, өзен суы екінші жағынан жарып шығып жатыр» делінген мақалада. «Қазіргі күні мұз құрсауы Қармақшы ауданының Жаңа-жол елді-мекенінің тұсына жақындаған. Сонымен қатар, мамандар Байқоңырдан бір жарым шақырым жердегі Елшібай разъезі маңындағы шоғырланған сеңнен қауіп күтіп отыр. Бұл жерде құтқарушылар жүзден астам мұз жару жұмыстарын жүргізгендігіне қарамастан, су деңгейі көтеріліп келеді» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Литер» газеті авто және темір жолдармен бірдей жүретін көлік ойлап шығарған өнертапқыш туралы жазыпты. «Ғалым Сантай Жетесовтың көлігінің артықшылығы сол, мәшине кез келген табиғат жағдайына қарамастан қозғалып жүреді. Монорельсті көлік 80 адамда таси алады. Оның қала шіндегі жылдамдығы сағатына 40 шақырым болса, қала арасында сағатына 120 шақырымды бағындыра алады. Әзірге мұның барлығы жоба күйінде ғана. Ғалымның айтуынша, көлікті жүзеге асыру үшін 750 миллион теңге қажет екен» деп жазды «Литер» газеті.

«Айқын» газеті болса таяу күндері Қостанайда жаңа үлгідегі отандық тракторлар құрастырыла бастайтындығына мән беріпті. «Каз» деген индекспен шығатын жаңа техниканың 150 данасы жыл соңына дейін өз иелерін тапқалы отыр. «К-744» тракторының өзіне дейінгі маркаларынан басты ерекшелігі сонда, ол ауылшаруашылық жұмыстарында бірнеше жұмысты қатарынан атқара алады. Мәшине өнім тасымалдаумен қатар, жер жыртуға, тұқым себуге, шөп шабуға да қолайлы. Қазір құны 80-125 мың доллар тұратын жаңа техниканы лизингке алу жолдары қарастырылуда» деп түйіндейді «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG