Accessibility links

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ирандағы әйелдердің құқын қорғаушы белсенділер қамауға алынды


Ирандық 30-дан аса әйел Техранда әйелдердің құқын қорғаушы белсенділерге қысым жасалып жатқанына байланысты үкіметке қарсы наразылық шеруін өткізді. Жексенбі күні ирандық әйелдер өткен жазда кемсітушілік заңға байланысты наразылық шеруін ұйымдастырғаны үшін сотқа тартылып жатқан 4 құқық қорғаушы белсенді әйелге қолдау танытып, сот үйі алдына жиналған еді. Хабарларға қарағанда, сол шеруге қатысқандар мен белсенділердің біразы абақтыда отыр.

Соңғы жылдары ирандық әйелдердің құқын қорғаушы бірқатар белсенді билік тарапынан қысымға тап болып келеді. Оларды қамауға алып, сотқа тартып, қорқытып-үркітіп жатыр. Әйелдердің оған қатысты наразылық шерулері кейбір кезде қақтығысты жағдайда таратылып, және олардың интернет парақшаларына тосқауыл қойылды.

Ал, жексенбілік қамаулар Иранның әйелдер қозғалысы кезігіп отырған қысымның басқаша түрі. Кейбір бақылаушылар бұл жолғы қамауға алу оқиғалары алдағы 8-наурыз әйелдер мерекесі күні әйелдерге қатысты әділетсіздіктерге қарсы наразылық акциясын өткізуді жоспарлаған белсенділерді қорқыту мақсатында жасалып отыр деп біледі. Сонымен қатар, ол қадамдар теңдік үшін күресіп келе жатқан белсенді әйелдерді басу әрекеті сияқты көрініп отыр. Өйткені, 8 наурыз күні ел парламенті алдында наразылық акциясын өткізуге шақырғандардың біразы қазір абақтыда.

Ирандық құқық қорғаушы топтардың хабарына қарағанда, наурыздың 4-і күні ұсталған 30 - 34 шақты әйел Техрандағы түрмеде отыр. Олардың арасында Ноушин Ахмади Хорасани, Парвин Ардалан, Суссан Тахмасеби мен Шахла Ентесари деген әйелдер қозғалысының төрт белсенді жетекшісі бар. Жексенбі күнгі олар сотқа маусым айында елдегі әйелдердің құқын шектейтін заңға қарсы шығып жиналғаны үшін шақырылды. Оларға тағылып отырған айыптар Иранның ұлттық мүддесі қарсы әрекет етіп, заңсыз жиналыс өткізді деген тұрғыда болып отыр. Онда төрт әйел соттан шығып, Техранның Революциялық соты алдында жиналған басқа әйелдерге қосылған соң ұсталған. Ол әйелдер қолдарына “Бейбіт жиындар өткізуге біздің толық құқығымыз бар” деген ұрандар ұстап шыққан.

Белсенділердің айтуынша, Иран конституциясы бейбіт жиналыстар өткізуге құқық береді. Ал, полиция күштері жексенбі күні белсенділердің жиынын тарқатып, оларды кішігірім автобустарына мінгізіп әкеткен.

Техрандағы белсенді студент Пейман Ареф Фарда радиосына берген сұхбатында полицияның шерушілерге қарсы күш қолданғанын айтты.

“Олар қорқытылып, сондай-ақ ұрып-соғылды. Шоғырланған 50-ден аса адам олардың ұрып-соғуына жауап қатпай жерге отырып алып қарсылық танытуға тырысты. Ақырында, сағат 10 шамасында әйел полициялар келіп, белсенділер қамауға алынды”.

Маусым айындағы полицияның күшімен таратылған шеру кезінде 70 шақты адам ұсталып, олардың бәрі кейін босатылған. Адам құқықтарын бақылаушы студентер комитеті деп аталған ирандық құқық қорғаушы топтың хабарлауынша, жексенбі күні қамауға алынғандардың отбасы мүшелері оларды босатуға шақырып, Евин түрмесінің алдына жиналған. Билік орындары өздерінің бұл істі тергеп жатқанын айтуда.

Францияның ұлттық ғылыми зерттеу орталығының Иран бойынша зерттеушісі әрі саяси ғылымдар лекторы Азаде Кианның сөзіне қарағанда, әйелдер құқын қорғаушылардың нысанаға алынуы жақын айлардағы олардың екі науқанына байланысты болып отыр. Оның бірі, зинақорлық жасағандарды таспен атып өлтіру туралы сот үкімін алып тастауға шақырған үндеулер болса, алайда билік оданг бас тартып, таспен ату үкімі қала беретінін айтты.

Құқық қорғаушы әйелдердің екінші науқаны әйелдер құқын шектейтін заңдарға өзгеріс енгізуді қолдайтын 1 млн ирандықтың даусын жинап, оны парлментке ұсыну жөніндегі әрекеттері. Ислам заңдары бойынша Иранда ажырасқан әйелдерге бала асырау, мұрагерлік пен басқа да салаларда тең құқық бермейді.

Саяси ғылымдар бойынша дәріскер Кианның Азаттық радиосына айтуынша, сол науқандар Иран жетекшілері арасында алаңдаушылық тудырып отыр.

Құқық қорғаушы топтар да әйелдердің құқын қорғаушылардың оның ішінде заңға реформа жасауға шақырғандардың қудаланып, қысымға алынып жатқанына алаңдаушылық танытты.

Бұл тұрғыда профессор Киан бейбіт белсенділерді қамауға алу арқылы Иран жетекшілері өздерінің төзімсіздігі мен адам құқықтарын сыйламайтынын көрсетіп отыр дейді.

“Бұл тағы да Исламдық мекеме аясында әсіресе қазіргі үкімет құрылымында адам құқықтары негіздері сақталмайтынын көрсетіп отыр. Ол әйелдер тіпті қандайда бір қақтығысқа немесе мекемеге қарсы қарулы әрекетке бармаса да қамауға алынды. Бұл әйелдердің талаптарының ешқайсыда Исламға қарсы емес. Бұл қазіргі үкіметтің тіпті нәзік оппозицияны да қабылдауға дайын емес екенін көрсетеді”.

Кеше Нобел бейбітшілік сыйлығының иегері Ширин Ебади негізін қалаған “Адам құқықтарын қорғаушылар орталығы” жексенбі күні орын алған ол қамауларды заңсыз деп танып, билікті оларды босатуға шақырды.
XS
SM
MD
LG