Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті Адам хұқтарына қатысты жылдық баяндамасын жариялады


Онда әлемде бұл жағдайдың түрліше сипат алып тұрғаны айтылған. Зерттеулерде жекелеген және азаматтық, саяси және еңбек хұқтары мәртебесі БҰҰ-ның Адам хұқтары жөніндегі декларациясының бүкіләлемдік мойындалған талаптары шеңберінде қарастырылған.

Бұл жылдық есепте 2006 жылы адам хұқтары жағдайының өткен жылы түрлі елдерде түрліше сипатта, демек әртүрлі деңгейде орын алғаны айтылған. Негізінен онда көлеңкелі жайттар көбірек, дегенмен де кейбір үміт туғызатындай жайттардың барлығы да ескерілген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс баяндамада мән берілген жайттарға тоқтала келіп, журналистер алдында былай деді:

- Адам хұқтары біреуге таңып, мәжбүрлейтін жайт демесек те, өткен жыл бұл орайда жан ауыртарлық жайттарды көп еске түсіреді. Адамзат баласы еркіндікте өмір сүруді қалап, оған лайықты болғанымен де, ол барлық жағдайда құрметтеле бермейді.

Райс мұнан соң адам хұқтарының толыққанды гүлденуі тек қана бірқатар өзекті шарттар сақталған қоғамда ғана мүмкін болады деп атап көрсетті.

Мемлекеттік департаменттің баяндамасында Суданның Дарфур аймағында жалғасып жатқан геноцид 2006 жылы әлемде адам хұқтарының сақталмауының ең сорақы мысалы болғаны айтылған. Баяндама Афика елдеріндегі жаппай өлтірулер бұл елдерді құртып, жойып барады делінген.

Жылдық есепте жалпы әлем елдерінің кейбірінде билік құрудың озық үлгісі ретінде демократияның мойындала бастағаны жазылған, ол азаматтардың теңдігі мен еркіндігіне жол ашады делінген. Сөйтіп, Украина мен Грузия, Либерия мен Индонезия, Марокко, Конго, Гаитиде бұл ретте бірқатар алға басушылық болғанымен, проблемалар да баршылық деп атап көрсетілген.

АҚШ мемлекеттік департаменті Грузия билігін адам хұқтары жағдайын жақсартқаны үшін мадақтаған, әсіресе Грузияның сот жүйесінде жасалған реформа назар аударарлықтай деп атап көрсетілген. Ал, керісінше, Армения мен Әзірбайжанда адам хұқтарының жағдайы нашар деп жазылған.

Баяндамада Шешенстан мен Ресейдің солтүстік Кавказ аймағының басқа да бөліктерінде адам хұқтарының аяққа тапталуы жалғасып жатыр деп жазылған. Мемлекеттік департамент адамдарды өлтіру мен азаптау жайттары федералдық және Шешенстан күштері тарапынан да жасалатыны айтылған. Адам хұқтары жөніндегі Европа соты мұндай жайттардың белең алуы Ресейдің жауапкершілігінде деген. Жылдық есепте Ресейде президенттік билікті бір орталыққа шоғырландыру үрдісі жалғасты деп атап көрсетілген.

АҚШ мемлекеттік хатшысының адам хұқтары, еңбек және демократия жөніндегі көмекшісі Барри Лауинкрон Ресейдегі саяси ахуалдың бірі қабылданса, енді бірін мүлде қабылдауға болмайды дейді:

- Ресейдегі сайлау саясаты деген ұғым күмәнді болып барады. Менің ойымша, егер сіз баспасөзді қарасаңыз және Ресей шенеуніктері жасайтын мәлімдемелерге қарасаңыз, олар «жоғары демократия» немесе «басқарылатын демократия» дегендерді айтады. Мен өзімнен қарар болсам, менің Мемлекеттік департаментте болған жылдарымнан, 1980 жылдардан алсақ мен ешқашанда демократия деген сөздің алдында оған анықтауыш болмаппын, адам демократиясы, немесе жоғары демократия не басқарылатын демократия деген сияқты, міне, ең қиыны осы.

Баяндама Беларустағы А.Лукашенко режимін де сынға алған. Ал Лауинкорнның айтуынша, Беларустағы азаматтық қоғам еркіндік үшін күресін жалғастырып жатыр.

Бүтіндей Орта Азия елдері бойынша алғанда баяндама бұл аймақта сөз еркіндігінің шектеулі күйде қалып отырғанына назар аударған. Қырғызстанда 2005 жылы қоғамдық жүйеде өзгеріс болып, басшылық демократиялық жағдайда сайланса да, желтоқсанда қабылданған жаңа Конституцияда көптеген өзекті мәселелер ескерілмеген деп жазылған.

Баяндамада, сондай-ақ, Ауғанстанда 2001 жылы Талибан жүйесі құлатылғаннан бері мұнда адам хұқтарында ілгері басушылық болғанымен, қалып отырған мәселелер де аз емес делінген.

Иран үкіметі де сөз бостандығы мен еркіндігіне жол бермей отыр, ал Ирақ үкіметі заңдық ережелерді қабылдауға ұмтылыс танытып отырғанына қарамастан, жікшілдік қақтығыстар мен террорлық әрекеттер адам хұқтарының бұзылуы мен демократияға нұқсан келтірді делінген.
XS
SM
MD
LG