Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.14.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстанда мүлікті заңдастыру акциясы тамызға дейін созылатындығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірі жер мәселесін қозғаған Шаңырақ тұрғындары Алматы әкімшілігімен соттасып жатқандығына мән берсе, тағы бір басылымдар жерге қатысты жанжал Шымкент қаласында басталғандығына тоқталып өтіпті.

Парламент сенаторлары мүлікті жария ету акциясын тамыздың 1-не дейін созуды көздейтін заң жобасын мақұлдағандығы туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріпті. «Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысында жыл басынан бері мүлікті жария етуге байланысты өтініш берген азаматтардың белсенділігі артып жатқаны атап өтілді. Шараның бір жолғы сипатын ескере отырып, бұдан былай оның мерзімін ұзартқан жөн екені айтылды» делінген мақалада. «Сондықтан осы шараны 2007 жылғы 1 тамызда аяқтау және жария етілген мүлік құқығын 1 қарашаға дейін рәсімдеу ұсынылды. Бірқатар талқылаудан кейін заң қабылданды» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Бұл уақытта Алматының Шаңырақ ықшам ауданының тұрғындары жерлерін заңдастыра алмай отырғандығы туралы мақала «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтына шығыпты. «Наурыздың 11-күні №2 Бостандық аудандық сотында Шаңырақтық 36 тұрғынның Алматы әкімшілігіне қатысты шағымы бойынша сот ісі қарала бастады» делінген мақалада. «Мүлікті заңдастыру акциясы басталған сәттен Шаңырақ-1 ықшам ауданындағы 350 үйді заңдастыруға өтініш түскен. Алайда Әуезов ауданының комиссиясы өтініштердің барлығын қанағаттандырмаған. Қазіргі таңда 200 адам Алматы қаласы әкімшілігіне сот шағымын дайындап қойыпты. Соның 36-сы комиссия шешімін сотта қарап жатыр» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Қазіргі таңда республика бойынша миллионға жуық жылжымайтын мүлік заңдастырылғаны «Литер» газетінде баяндалыпты. «Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, 193 миллиардтан астам теңгенің мүлкі заңдыстырылған. Ал мемлекет қазынасына 7,7 миллиард теңге түсіпті. Алайда бірқатар депутаттар содан мемлекетке түсетін табысты санап, неге аз екендігін үкіметтен сұрап жатыр. Бұл сауалды депутат Р.Шаекин қаржы министрі Наталья Коржоваға жолдады» делінген мақалада. «Оны ұзын-сонар түсіндіріп жатудың қажеті шамалы. Заң бойынша азаматтардың әртүрлі категориясына байланысты жеңілдіктер қарастырылған» деп түйіндейді «Литер» басылымы.

Бұл уақытта Шымкент қаласындағы бір топ кәсіпкер қала әкімшілігінің жер саясатына наразы екендігіне «Время» газеті назар аударыпты. «Шымкент орталығындағы дүкендер мен кафелердің қожайындары бірнеше айдан бері өздерінің кәсіппен шұғылдану құқығы үшін күресіп келеді. Қолдарында тиісті қағаздары бола тұра, кәсіпкерлер мемлекеттік мекемелердің талаптарын сотта қарауға мәжбүр» делінген мақалада. «Шымкенттегі «Шаңырақ» кафесінің қожайыны Гүлжан Әбдікәрімованың айтуынша, қалада қазір меншікті қайта бөлу процесі жүріп жатыр. Әкімшіліктегілер біз отырған жерлерде саябақ салынады деп айтылды. Солай-ақ болсын делік, оның барлығын рэкетирлік әдіспен емес заң аясында жасауға болады ғой дейді кафе қожайыны. Шымкент әкімшілігіндегілер болса мұның барлығы қала орталығын тәртіпке келтіру үшін керек екендігін алға тартып отыр. Бұл уақытта Желтоқсан көшесіндегі кәсіпкерлердің қозғалысына әкімшілікпен мүддесі тоғыспаған басқа да кәсіпкерлер қосыла бастады» деп жазды «Время» басылымы.

Осы тақырып төңірегінде «Экспресс К» газеті былай деп жазыпты: «Заң бойынша кәсіпкерлікпен айналысатын әрбір азамат заңда бар ережелерді орындауы тиіс. Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағын тәртіпке келтіру жұмыстары жүріп жатқандығын ескерсек, мемлекет қажеті үшін алынатын жердің құны меншік иесіне төленуі тиіс. Алайда кәсіпкерлер қала әкімшілігі ұсынған қаржыны азсынып отыр. Біз қаланың әдемі болғанын қалаймыз. Бірақ, облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев біздің мүддемізбен де санассын» депті кәсіпкер Д.Байжанова «Экспресс К» тілшісіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG