Accessibility links

Таразда облыстық сот төрешісіне жала жапты деп сотқа тартылған журналистке айыппұл салынды


Тараз соты қылмыстық топтарға қатысты мақала жазған "Экспресс К" газетінің тілшісі Галина Выборнованы облыстық сот судьясы Болат Беріковтің ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат таратты деп тауып, 218 мың теңге айыппұл салды. Бұл туралы «Азаттық» радиосына журналист Галина Выборнованың өзі хабарлады. Жамбыл облысында қылмыстық топтардың ықпалы үлкен деп санайтын журналист ендігі аппеляциялық шағымын басқа облыстағы соттың қарауын сұрамақшы.

Жамбыл облыстық сотының төрешісі Болат Беріков журналист Галина Выборнованы Қылмыстық кодекстің екі бабы, яғни, «жариялы түрде жала жапты» және «ар-намысына нұқсан келтірді» деген айыптар бойынша Тараз сотына берген. Өз шағымында судья Беріков «Экспресс К» газетінде қаңтар айының 18-інде жарияланған «Тараз: қарақшылар салтанат құрады» атты мақаласында келтірілген деректер шындыққа жанаспайды деген. Бірақ, сот талқылауына Тараздағы бір монша-ойын-сауық орнында сот төрешісі Болат Беріковке ұқсас адамның қылмыс әлемінің өкілдерімен бірге көңіл көтеріп отырған сәті бейнеленген бейне-таспаның журналистің қолына түскендігі айтылған тұс себеп болған. Осы істі қараған сот наурыздың 12-сі күні журналист Галина Выборнованы айыпты деп тауып, оған 218 мың 400 теңге, яғни, 1700 доллардан артық ақша көлемінде айыппұл салды. Бірақ журналистің өзі мұндай шешіммен келіспейді. Сондықтан, әрі қарай шағымдануға әзір екенін айтады.

«Мен бұл шешімді заңсыз деп есептеймін! Мен мұны ұйымдасқан қылмыстық топтың тапсырысы деп қабылдаймын. Себебі, мен оларға қарсы көптеген мақалалар бердім. Солардың бірі - ағайынды Қырықбаевтарға қатысты судья Беріковтің Жоғарғы сот күшін жойған шешімі туралы болатын. Судья босатып жіберген ағайындылардың бірі қазір адам өлтірді деген айыппен іздеуде болса, екіншісін «адам өлтірді» дегеннің орнына «бұзақылық» жасады деп айыптап, 4-ақ жылға бас бостандығынан айырды. Қоғамды дүрліктірген осы шешім туралы жазғаным сол-ақ екен, мені судья Беріков бірден сотқа берді. Менің ойымша, ол қылмыстық топпен бірлесе отырып, журналистік қызметтен мені ығыстырмақшы болды!» - деді Г.Выборнова.

Журналистің өз кәсіби қызметі үшін жауапқа тартылып отырғандығына «Журналистер қауіп-қатерде» қорының басшысы Розлана Таукина да сенімді.

«Мен бұл шешімді әділетсіз, этикаға жат деп есептеймін. Себебі, журналист кінәсіз. Ақпаратты жариялау – оның парызы болатын. Егер оның қолында сот төрешісі мен криминалдық әлемде аты шыққан адамның бір үстелде отырғандығын айғақтайтын құжат болса, бұл басқаларды ойландыруы тиіс еді. Ал журналисті биліктің сот тармағының шынайы байланыстарын әшкерелегені үшін жазалап отыр», - дейді Розлана Таукина.

Журналисті сотқа берген Жамбыл облыстық сотының судьясы Болат Беріков болса, сот үкімімен әлі танысып үлгермегендігін айтады. Бірақ, сот қандай шешім шығарса да, мойынсұнатындығын білдірді. Әйтсе де, өзінің ешқандай криминалды топтармен байланысы жоқ екендігін, оны журналистің ойлап тапқандығын алға тартып отыр.

«Выборнова не болса, соны айта береді ғой. Мақалаларында жазылғаннның бәрі - жала. Сондықтан да, арызданып отырған жоқпын ба?!»

Журналист Галина Выборнова Тараз қалалық 2-ші сотының шығарған үкімімен келіспейді. Сондықтан, оның 15 тәулік ішінде өзін сотқа берген судья Беріков істейтін Жамбыл облыстық сотына аппеляциялық шағым беруге құқы бар. Бірақ журналист облыстық соттан өзінің әділет табатынына күмәнді.

«Егер бұл сотқа шағымдансам, олар сөзсіз Тараз қалалық сотының шешімін күшінде қалдырады. Сондықтан, қазіргі таңда мен үшін тығырықтан шығар жалғыз жол бар: осы облыстық соттан бас тартып, істі екінші инстанцияда қарауды басқа облысқа жүктеу. Өйткені, істің мафия әмірін жүргізіп тұрған, сыбайласқан жемқорлық белең алған біздің облыста қаралуын қаламаймын!» - дейді журналист Галина Выборнова.

Қазақстанда соңғы жылдары журналистерге қарсы қозғалғаны қылмыстық істер саны артып отыр. Егер алдыңғы жылы журналистерге қарсы 15 қылмыстық іс тіркелсе, былтыр олардың саны 24-ке жеткен.
XS
SM
MD
LG