Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.15.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар «Қуат» құрылыс корпорациясының жұмысшылары Алматыда наразылық шеруіне шыққандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірінде үйлерінің қиратылуына қарсы бірқатар тұрғындар аштық акциясына дайындалып жатқандығына назар аударса, тағы бір басылым Қазақстанға құрылыс министрлігі керек пе деген сұраққа жауап іздепті.

«Қуат» құрылыс корпорациясының жұмысшылары наразылық шеруіне шыққандығы туралы мақала «Жас Алаш» газетінде жарық көріпті. «Наурыздың 14-күні жүзден астам адам Алматыдағы Жандосов пен Науаи көшелерінің қиылысындағы көпірге жиналды. Бірнеше автобуспен және патруль көліктерімен келген полицейлер жұмысшыларды күштеп, жолдан ығыстырып шығарды» делінген мақалада. «Сонда да ашулы жұмысшылардың арыны басылмай тұрды. Жұмысшылар үш айдан бері жарытып жалақы алмапты. Өткен айда «Қуаттың» жұмысшылары дәл осылай бас көтергенде басшылық оларды алдап-сулап, азын-аулақ ақша төлеп әзер басыпты» деп жазды «Жас Алаш».

Осы тақырып төңірегінде «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты былай деп баяндайды: «Жұмысшылардың өздері қанша жалақы алатындығын білмейді. Құрылысшылар өздеріне жүктелген жұмыстармен қатар қосымша берілген тапсырмаларды қоса атқарады екен. Алайда оған да ақша төленбей келген. Сонымен қатар, наразылық шеруіне шыққандар компания қожайындары жұмысшыларға үнемі «жұмыстың сапасыздығы» үшін «айыппұл» салып тұратындығын, бірақ жұмыс сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ екендігін айтуда. Бір қызығы, бұл күні Алматыда басқа да баскөтерулер көп болды. Мәселен, тағы бір құрылыс мекемесінің жұмысшылары әл-Фараби және Шашкин көшелерінің қиылысын бөгеуге талпынса, Қарасу ауылының тұрғындары қалаға солтүстіктен кіретін күре жолды жауып тастаған. Бұған электр энергиясын қиып тастау әрекеті түрткі болыпты» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Бұл уақытта Алматының Жандосов және Гагарин көшелерінің қиылысындағы үйлердің тұрғындары аштық жариялағалы жатқандығы «Время» газетінде баяндалыпты. «Наурыздың 14-күні таңертең сол ауданға жиналған тұрғындар жиын өткізген. Оған тұрғындармен қатар «Мегаинвестстрой» құрылыс компаниясының өкілдері мен полицейлер қатысты» делінген мақалада. Жергілікті тұрғын Гүлжан Нұрмамбекованың айтуынша, «Алматыжер» мекемесі оларды сотқа берген. Тұрғындар болса төленетін ақшаны азсынып, үйлерін босатудан бас тартып отыр. «Егер үш күннің ішінде құрылыс компаниясы біздің талабымызды орындамаса, жаппай аштық акциясын бастаймыз» депті Алматы тұрғыны Гүлжан Нұрмамбекова «Время» тілшісіне берген сұхбатында.

«Айқын» газеті болса Қазақстанға құрылыс министрлігі қажет пе деген сұраққа жауап іздепті. «Алматықұрылыс» АҚ-ның президенті Амангелді Ермегияевтың пікірінше, құрылыс министрлігіне қажеттілік барына күмән жоқ. Оның міндеті – бүгінгі құрылыстың бәрін ретке келтіру, нормативті заңдардың, құрылыс нысандарының жер сілкінісіне беріктігі бойынша қадағалау. Алайда Қазақстан құрылысшылары мен кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Кеңесбай Әбдірахманов құрылыс министрлігі керек емес дегенді жақтайды. «Оның пікірінше, нарық бағасына сәйкес, үй бағасын сататын адамның өзі қойған жөн» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта Алматы әкімшілігі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын көпшілікке көрнекті етіп жасамақшы екендігі «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде айтылыпты. «Мұндай қадамға қала әкімшілігі Бас прокуратураның баспанаға қатысты сынынан соң барып отыр» делінген мақалада. «Естеріңізге сала кетсек, бас прокуратураның қара тізіміне Алматыдан 161 азаматтың есімі кірген болатын. Енді қалалық комиссия баспанаға қатысты әрбір құжатты бүге-шігесіне дейін қарап шығуды қажетсініп отыр. Олардың жиналыстарына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатыстырылған. Аталған комиссия аптасына бір мәрте жиналыс өткізеді екен. Келесі отырысына журналистердің қатысу-қатыспау мәселесі әзірге белгісіз» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Время» басылымы болса өзін таныстыруды жөн таппаған алматылық бір кәсіпкер «Перзент» балалар мекемесіне үй сыйлағандығына мән беріп өтіпті. «Баспана әке-шешесінің қарауынсыз қалған балаларға арналған. Үй емес, үш қабатты ғимарат дерсің. Қазіргі таңда балалар үйінде 40 бала бар. Қайырымдылық қорының жетекшісі Әмина Әджібаева жаңа үйге көшкеннен кейін тағы 30 бала қабылдамақ екендігін айтып отыр» деп жазды «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG